Ел ішінде жұмыссыздық көрінісі жиі кездессе де, жастайынан еңбек етіп жүрген жастарымыз жетерлік. Тіпті, елімізде соңғы жылдары кәсіптің жаңа түрлері пайда болып, істің көзін тапқандарды табысқа кеңелтуде. Сондай мамандықтың бірі – мобилограф. Күнделікті қолдан түспейтін ұялы телефон арқылы ерекше дүние жасап, танымал болуға болады. Нарықтың сұранысына сай креативті контент жасап, бейнежазбаға жан бітіре алатын қабілетті және еңбекқор жастардың бірі – Айғаным Болатқызы.
Айғаным Қарағанды қаласында туып-өсті. Биыл Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сыныбын тәмамдады. Бұл саламен жазғы демалысқа шығып, ата-анасына қолғабыс болу мақсатында қосымша табыс көзі ретінде айналыса бастаған. Қызығушылығы артып, белгілі блогер Арман Юсуповтың, мобилография үздігі атанып жүрген Қыран Талапбектің арнайы курстарына оқыған. Жаңа сала жайлы толық ақпаратты Айғанымның өзінен сұрап білдік.
– SMM – ағылшын тілінен енген сөз. Яғни, маркетинг құралы деген сөз. Бұл трендтегі мамандық деп айтсақ болады. Оның кең таралу себебі арнайы курстар өте көп. Қазір қоғам инфобизнеске қарай қадам басып жатыр. Мобилограф – кәсіпкерлерге өзінің ұсынатын өнімін сатуға, әлеуметтік желі арқылы жарнама жасайтын маман. Қазір қандай да бір кәсіп иесінің болмасын әлеуметтік желіде парақшалары бар. Оны жүргізетін осы SMM мамандары. Яғни, экранның арғы жағында отырған көрерменге тауарды әдемі жеткізу. Тек ғана әдемі емес, әсер қалдырарлықтай, тауарды сатып алу оның нәтижесі болу керек. Қысқаша айтқанда, «жансызға жан бітіру».
SMM болу үшін адамның бойында болу керек топ 3 қабілет?
– Біріншіден, креативтілік. Ол үшін тың дүниелерге дайын болу керек және ерекше туында ойлап табу маңызды. Екіншіден, ізденіс. Себебі қазіргі жұмысыңыз нәтижелі болу үшін сұранысқа сай трендтерге ілігу керек. Тренд қысқа мерзімде өтіп кететін дүние. Үшіншіден, ұстамдылық. Түнімен видео, монтаж жасауға дайын болу керек. Мобилографтар күн-түн демей, бір видео жасап шығаруға біраз уақыт жұмсауы мүмкін.
Иә, бұрын қабілет – қарымың, білімін болса да қызығушылық танытқан ісіңмен айналысып қыруар қаражат табу арман еді. Ал қазір қалауын тапса, қар жанатын заман. Бұны кейіпкеріміз Айғаным да өз сөзінде нақтылай түсті.
– Менің SMM саласымен айналысуым тіпті оқуыма да кедергі келтірмейді. Бастысы ниет пен ынта. SMM мамандары 3-4 жобамен қатар айналыса береді. Заманауи қоғам бізге үлкен мүмкіндіктер беріп жатыр. Соны пайдалануымыз қажет. Мысалы, бір салаға қызығушылығыңыз болса, арнайы методикамен жасалған курстарды оқып, меңгеріп алуға болады, – дейді кейіпкеріміз.
Айғаным болашақ мектеп бітіруші түлек болғандықтан, оның алдағы өмірдегі таңдайтын мамандығы осы саламен байланысы бар ма соны сұрап білдік.
– Иә, байланысы болуы мүмкін. Бірақ нақты SMM маманы емес, болашақта маркетинг саласында жұмыс жасағым келеді. Әзірге қазір мұны алдыма мақсат етіп отырмын. Әрі қарай дамып, жетістіктерге жеткім келеді. Көптеген бизнестердің дамуына септігін тигізе алатын, ең білікті мамандар қатарынан болғым келеді. Қазір осы салада жүргенім бұл болашаққа өзіме инвестиция деп санаймын.
Жас та болса, күрделі іске белсене кіріскен Айғанымның еңбекқорлығы көптеген қатарластарына үлгі. Ендеше «еңбек бәрін жеңбек» деген аталы сөзді ту етіп, ерте жастан табысты болуғы ұмтылған, ата-анасына қолқабыс болар жастарымыз көп болғай!
Іңкәр АЛТАЕВА,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің 2-курс студенті