Басты бет » Жастар үні » Ассамблея жастары белсенді іс атқаруда

Ассамблея жастары белсенді іс атқаруда

      2021 жылы 21 қазан күні Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА кеңесінің кеңейтілген отырысында  «Жаңғыру жолы» республикалық қозғалысын бұл қоғамдық институттың жанындағы жастар ұйымы ретінде қайтадан құру туралы тапсырма берген болатын. Осы орайда «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды.

Бірлестік алты басым бағыт бойынша жұмыс істейді. Жастардың арасында қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлікті нығайту, Ассамблея қызметінің негізінде бұл санаттағы азаматтардың бастамаларын қолдау және олардың әлеуметтік белсенділігін дамыту ұйымның басты мақсаты және міндеті болып саналады.

Қазіргі кезде еліміздегі республикалық маңызы бар қалалар және өңірлерде бұл бірлестіктің филиалдары жұмыс істейді. «Ассамблея жастары» РҚБ филиалдарының ішінде Солтүстік Қазақстан облысында да атқарылып отырған жұмыс ауқымы кең. Облыстық филиалдың төрайымы Дариға Смайылованың айтуынша, биылғы жылы осы ұйымның ұйымдастыруымен барлығы 50-ге жуық шара өткен болатын. Сонымен қатар аталған жылдың ішінде «Мекенім – Қазақстан» жобасының шеңберінде бірнеше шараларды өткізу жоспарланған. Атап айтқанда, бұған өлкеміздің киелі жерлеріне саяхат, этноауыл, этносаяхат, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестіктің өңіріміздегі филиалының кубогына арналған  дебат турнирі жатады.

Былтырғы жылы құрылған өңірлік филиал мүшелерінің қатарында барлығы 25 адам бар. Олардың барлығы да жоғарыда аталған ұйымның басым бағыттары  бойынша мақсат пен міндеттерді жүзеге асыру үшін өздерінің бар күш-жігерін салуда.

Жалпылап айтқанда, сөз еткелі отырған ұйымның алты бағытының да маңызы зор екені белгілі. Мысалы, «Social assembly» деп аталатын бірінші бағыт – жас азаматтарды әлеуметтік қолдауға, олардың білім деңгейлерін арттыру және жұмыспен қамтуға көмек көрсетуге арналған. Мұның барысында өңірлерде, әсіресе, моноқалаларда және ауылдық жерлерде тұратын жастар үшін  өздерінің self-made, яғни, табыстарға қол жеткізген көшбасшы замандастарымен кездесулер ұйымдастырылады. Көптеген жетістіктері арқылы көпшілікке танымал болған адамдардың жастарға үлгі болуымен қоса оларды биік асуларды бағындыруға жетелейтіні белгілі. Осындай шараларға қатысушылар да мемлекет тарапынан оларға қандай қолдау көрсетілетіні туралы хабардар бола алады.

Екінші бағыт – «Бірлік тілі» деп аталады. Оның мақсаты және міндеті – жас қазақстандықтарға мемлекеттік тілді үйрету. Бүгінгі таңда аталған санаттағы адамдардың қарапайым, ауызекі тілді меңгеруі мақсатында жағдай жасау аса қажет. Осы бағыттағы жұмыс елімізде тұратын этнос өкілдерінің жастарын мемлекеттік тілде сөйлеуге машықтандыруға зор септігін тигізетіні сөзсіз.

Әрбір адам үшін елдің тарихын білу міндет. Бұл ретте «Ел мұрасы» бағыты  Қазақстандағы тарихи-мәдени құндылықтарды сақтауды көздейді. Бұған біздің Отанымыздың киелі жерлеріне саяхат, жүйелі этноеріктілікті дамыту және тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағында экологиялық шаралар жатады. «TikTok» әлеуметтік желісіндегі «Менің өлкемнің тарихы» атты жоба да аталмыш бағыттың мақсат және міндеттерін іске асыруға арналған.

2021 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысы барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  еліміз бойынша екі миллиард ағаш көшеттерін отырғызу бастамасын көтерген болатын. Бірлестіктің «Таза орта» атты бағыты да еліміздегі экологияны және қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді.

Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру «Қасиетті парыз» деп аталатын бесінші бағыттың мақсаты және міндеттері болып саналады. Осының барлығы жас қазақстандықтарды Отансүйгіштікке баулуда және әскери қызметтің беделін арттыруда зор ықпал тигізеді.

Бүгінгі таңда жас азаматтардың медиа-жобаларын және олардың медиасауаттылығын дамытудың маңызы зор. «Jastar media» бағыты да бұл тақырыптағы мақсат және міндеттерді орындауға арналған.

Егемен еліміздің ертеңі жастар болып саналады. Өйткені, жас азаматтар мемлекеттің дамуына құраушы күш ретінде елеулі рөл атқарады. Осы ретте мұндай ұйымдардың аталмыш санаттағы адамдардың бойында қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлікті нығайтуда, жастардың бастамаларын дамытумен қоса олардың әлеуметтік белсенділігін дамытуға сүбелі үлес қосатыны сөзсіз.

 

Дулат ҚОЖАХМЕТОВ,

Солтүстік Қазақстан облысы

Петропавл қаласы