Басты бет » Жаңалықтар » Қазақша дубляждың қаралымын қалай көтереміз?

Қазақша дубляждың қаралымын қалай көтереміз?

15 желтоқсан кинотеатрға “Аватар: Су жолы” (ұзын тұра көк адамдар туралы) фильмінің қазақша дубляжы шығады. Қазақ көрермені осы премьераны пайдаланып, дубляж нарығына ықпал ете аламыз.

Яғни, мәселе мынандай: қазақша дубляжға көп жағдайда адам аз барады екен-міс. Кинотеатр — жекеменшік кәсіп болғандықтан, сеанстарының уақытын сұранысқа қарай қояды.

Мәселені қалай шешеміз: Аватардағы На’Ви халқы айтпақшы, жатқан тастың астына су бармайды. Сондықтан көрсетілімнің қазақша нұсқасына барынша көбіміз баруымыз керек. Қазақшаға сұраныс көп болса, сыйласқанның суын іш деп, кинотеатр да бәрін көрерменге қарай ыңғайластырады.

Кинопрокатта бірінші апта аса маңызды, оның нәтижесіне қарап, екінші аптаның кестесін жасайды. Бірінші аптада бәріміз — отбасы, бала-шаға, көрші-қолаң, ауыл-аймақ боп “Аватар” фильмінің қазақша сеанстарына тойға барғандай жаппай ағылып барайық!

Атам На’Ви айтпақшы: судың да сұрауы бар, сондықтан бүкіл кинотеатрға алдын ала телефон шалып, На’Ви тәрізді бәрін ана тілімізде сұрап, қазақша дубляжы нешеде, қай залда екенін анықтап, жоқ болса қосуын талап етіп, тыным бермей дабылдатайық (тек агрессиясыз). Әйтпесе, қазақ дубляжы суға кеткендей тал қармайды.

На’Видің көк иық ақындары айтып кеткендей: “су сағасы — бұлақ, сөз сағасы — құлақ”, яғни осы үндеуімізді барлық танысыңызға, досыңызға, көршіңізге жеткізіңіз. Кинотеатрларды көгертіп жіберейік!

 

Qazaq Grammar

Белла Орынбетова