Басты бет » Жаңалықтар » Ғ.МҮСІРЕПОВ ТЕАТРЫНДА «АҚ КЕМЕ» САХНАЛАНАДЫ

Ғ.МҮСІРЕПОВ ТЕАТРЫНДА «АҚ КЕМЕ» САХНАЛАНАДЫ

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекетік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры желтоқсан айының 17 жұлдызында көрермен назарына «Ақ кеме» (авт.: Ш.Айтматов) спектаклінің премьерасын ұсынады.

«Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс Төреқұлұлының айтулы шығармасы балалар мен жасөпірімдер театрының репертуарына лайықты туындылардың бірі әрі бірегейі. Спектакльдің режиссері – Дина Жұмабаева, суретшісі – Лилия Хисматуллина, хореограф – Анна Цой. Спектакльдің жанры – траги-әфсана.

Ұлы суреткердің «Ақ кемемен» өз әкесінің  келетініне сенетін Бала туралы шығарма бәрімізге етене таныс. Төрткүл дүниенің бір бұрышындағы әсем табиғат аясында алты ересек жан мен жеті жасар баланың тіршілік етуі бізге ақ пен қараның, үміт пен үрейдің адам бойында мәңгілік айқасқа түсіп жататынын аңғартады. Баланың арманы ақиқатқа айналады ма әлде үміті үзіледі ме? Спектакль осы сауалға жауап іздейді. Күн шықса шексіз көкжиектерге дүрбімен қарап, кеш батса айдын көлге арман-қиялында «ақ кеме» салып, әкені аңсаумен, ана құшағына жарымай өскен баланың тағдыры мен көркем бейнесі көпшіліктің көңілінен айрықша орын алары анық.

Бала көзімен әлемнің қайғы-мұңына үн қосқан, аңызға бергісіз сахналық шығарманың премьерасы 17, 18, 20 желтоқсан күндері өтеді. Спектакль «Ұрпақ – өмір жалғасы» ұстанымына сай ата мен немере арасындағы нәзік жіп, ұлттық, халықтық тін ешқашан үзілмеуіне үндейді. Оны сақтап қалу, алтын көпірдің беріктігі – әркімнің өз қолында… Жаңа жыл алдындағы жаңа қойылым алматылық көрермендердің көптен көңілінде түйілген сезімдерін шығаруға сеп болары анық.

Театрдың баспасөз бөлімі