Тамырын тереңнен алатын шығыс жекпе-жек түрлері ғасырлар бойы сақталған аталмыш спорт өнерінің техникасы мен шығыс халықтарының мәдениетінен, ділінен, дана философиясынан сыр шертетіні белгілі. Спорттың бұл түрлері мұнымен айналысатын адамдарды, әсіресе өскелең ұрпақты өзін-өзі қорғау әдіс-тәсілдеріне, кішіпейілділікке, үлкендерді сыйлауға, ізгі қасиеттерге баулитыны рас. Бүгінгі таңда жекпе-жектің осы түрлерімен ер балалармен бірге нәзік жандылардың да шұғылданатыны белгілі. Петропавл қаласындағы облыстық мамандандырылған күрестен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі шығыс жекпе-жек түрлері бөлімшесінде жаттығатын жас спортшы, қоңыр белбеу иегері Ләйлә Салмұқанованы да сондай нәзік жандыларға жатқызуға болады. Себебі, ол – болашағынан мол үміт күттіретін және талапты бұрымды спортшылардың бірі.
Алты жылдан бері каратэ-доның аталмыш түрімен шұғылданатын Ләйлә Мейрамқызының айтуынша, алғашқыда ол Петропавл қаласындағы би студияларының бірінде өнердің осы түріне машықтанатын еді. Әйткенмен, оның бимен айналысуға деген ынта-ықыласы болмады екен. Кешкі уақытта мақала кейіпкерінің теледидардан кимоно киген нәзік жанды каратэшілердің бұл жауынгерлік өнерді қалайша меңгергендігін және олардың жаттығуларын көруі өреннің жаңағы спорт түріне деген әуестенушілігінің оянуына себепкер болды екен. Ләйләнің анасының мұны байқауы және таныс адамдардың ақыл-кеңесіне сүйене отырып, шешім қабылдауы оның қызының облыстық мамандандырылған күрестен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде орналасқан шығыс жекпе-жек түрлері бөлімшесінде жекпе-жектің аталмыш түрін таңдауына түрткі болған.
– Алғашқы жаттығу барысында менің бапкерім, қара белбеу, III дан иегері Раис Ямалтдиновтің спортзалдағы әрбір баланы әңгіме арқауына айналып отырған жауынгерлік өнердің түріне үйретудегі біліктілігі және шеберлігі менің каратэмен шұғылдануға деген қызығушылығымды одан сайын арттырды деп айтсам, қателеспеймін. Жасыратыны жоқ, шығыс жекпе-жегінің осы түрімен айналыса бастағаныма бір ай уақыт болған кезде қол және аяқ бұлшықеттерім қатты ауырған еді. Бірақ қазіргі кезде менің бұл ауыртпалықтарға үйренгенім соншалық, енді өмірімді каратэсіз елестете алмаймын. Менің ойымша, спорттың аталған түрімен машықтанатын адамның бойында тез бейімделу және шыдамдылық қасиеттері болуы қажет. Сонда ғана жаттығулар оң нәтижесін береді. Сонымен қатар каратэмен шұғылдану спортшының бойында мақсаткерлік және өзінің күшіне сенімділік қасиеттерін қалыптастыруда зор септігін тигізеді. Жекпе-жектің аталмыш түрі нәзік жандыларды өз-өзін қорғауға, тұлғаның ішкі үйлесімділігіне және кез келген жағдайда да өзінің осал тұстарын көрсетпеуге үйретуде мол ықпалын береді. – дейді жас каратэші.
Облыс орталығындағы «Ғабит Мүсірепов атындағы №43 орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бесінші сыныбында оқитын Ләйлә Салмұқанованың қол жеткізген жетістіктері де айтарлықтай. Атап айтқанда, ол қалалық, облыстық деңгейдегі жарыстардың жеңімпазы және республикалық додалардың жүлдегері болып саналады. Сонымен қоса жас каратэшінің халықаралық деңгейдегі біріншілікте де бақ пен бап сынасқанын айта кеткен жөн. Мысалы, үстіміздегі жылдың тамыз айында Ләйлә Мейрамқызы елордамыз – Астана қаласында каратэ-доның WKF түрінен өткен II халықаралық WKF NUR-SULTAN CUP турниріне қатысып, ката кезеңінде үшінші орынды еншіледі. Қазақстанның түкпір-түкпірінен және Ресей Федерациясынан үміттерін үкілеген жуық 300-ден астам спортшыны тоғыстырған байрақты бәсекенің қорытындысы бойынша қола медальді олжалаудың өзі ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже деп айтсам, артық айтқандық болмас деп ойлаймын.
Жерлес нәзік жанды спортшының бапкері, қара белбеу, III дан иегері, Солтүстік Қазақстан облысындағы WKF каратэ-до федерациясының президенті Раис Ямалтдиновтің айтуына қарағанда, Ләйлә спорттың осы түрімен алғаш рет танысып, машықтана бастаған уақытта ұяң, тұйық мінезді болған екен. Дегенмен каратэмен айналысудың арқасында оның бойында ашық-жарқын болу сияқты қасиет қалыптаса бастады. «Талаптыға нұр жауар» дейді халық даналығы. Бұл орайда жаттықтырушының қажырлы еңбегі, каратэшінің үздіксіз жаттығулары және талаптылық Ләйлә Салмұқанованың сан алуан деңгейдегі додаларда жеңімпаз және жүлдегер атанып, қомақты жетістіктерді бағындыруға жетелейтін жол іспетті болды деп айтсақ, асыра сілтемеген болармыз.
Қазіргі кезде жергілікті спортшылар биылғы жылдың қараша айында Қызылорда қаласында өтетін республикалық чемпионатқа қызу дайындық үстінде. Сәттілік әрқашанда да каратэшілеріміздің серігі болсын!
Дулат ҚОЖАХМЕТОВ,
Петропавл қаласы