Басты бет » Жаңалықтар » Жатақхана тапшы, пәтер қымбат

Жатақхана тапшы, пәтер қымбат

«Жастар – еліміздің болашағы» десек те, елімізде жастарға лайықты қолдау көрсете алмай келе жатырғанымыз өкінішті. Жастар арасындағы жұмыссыздық, жалақы мәселесі өткір күйінде тұр. Ал студенттер үшін жатақхана қаншалықты шешемін тауып жатыр? Еліміздің оқу орындары қанша шәкіртін жайлы жатақханалармен қамти алып отыр? Бұл – өзекті мәселелердің бірі. Себебі қазір елімізде шамамен 90 мың студентке жатақхана жетіспейді екен.

Сурет: https://egemen.kz/

Жаздың аяқталар шағы студенттер қауымы үшін нағыз қарбаласқа толы мезгіл. Өйткені осы кезде оқуларына оралатын олар үшін бір жылға тұрғын жай іздеп табу қиынның қиыны. Себебі елімізде студенттер жатақханасы тапшы.

2018 жылғы «Пре­зиденттің бес әлеу­­­мет­тік бастамасы» атты үндеуде 2022 жы­лы жатақхана мә­се­лесі түбегейлі ше­ші­луі тиіс болатын. Ол жерде 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арналған 75 мың орындық жатақхана салынып, пайдалануға берілуі керек еді. Ал өткен жылы Білім жә­не ғылым ми­нистрлігі 2021 жылдың ая­ғына дейін 37 жаңа жатақхана пай­да­лануға бері­летінін мәлімдеді. «Қаржы ор­­та­лы­ғы» мәліметтеріне сүйенсек, 2018-2021 жылдар аралығында 30 630 орындық 124 жатақхана пайдалануға берілген. Бұл жос­пардың тек 67 пайызы ғана. Яғни, орын­дар са­нымен есептегенде – 40 пайыз.

Оқу жылы таяп қалды. Оқу орындары жатақханалар қалай шешімін тауып жатыр, орын тапшылығы қаншалықты жоғары екенін білу мақсатында жоғары оқу орындарына қа­тыс­ты ресми мәліметтерді шолып өтсек. Мәселен, еліміздегі ең ірі деген жоғары оқу орындарының жатақханалары қанша шәкіртін тұрғын орынмен қамти алады? Ал қанша орын жетіспеушілігі бар? Елордадағы Еуразия­лық ұлттық университетінде – 5 000 орын, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінде – 15 122 орын, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде – 4 500 орын, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде – 4 000 орын, Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық тех­никалық зерттеу университетінде 3 000 орын  жеткіліксіз екен.

Оқу орындарының басшыларымен кездескен Ғылым жә­не жоғары білім министрі Сая­сат Нұрбек студент­терді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесіне де жеке тоқталып, жаңа оқу жылында жатақханаға мұқ­таж сту­денттер саны 90 мыңға жуықтауы мүм­кін деген болжамын да айтты. Былтыр қа­жеттілік 84 мың орын болған еді.

Жауаптылар мұны грант санының өсуімен, соған сәй­кес оқуға түсуші жастар санының көбеюінен деп отыр.

Міне, осылайша 90 мыңға жуық жас жатақхана жетіспеушілігі салдарынан пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Бұл өз кезегінде үлкен проблемаға айналып отыр. Себебі пәтер бағасы шарықтап тұр. Оқу жылы басталар шақта пәтер иелері бағаларды одан бетер аспандатып шыға келеді. Мәселен, елордада бір бөлмелі пәтердің өзі жайлылығына, орталықта не қала шетінде орналасуына қарай, жиһазбен жабдықталуына қарай 100 мың теңгеден 200 мың  теңгеге дейін жалға беріледі. Коммуналдық төлемдердің бағасы да өсіп жатыр.  Екі бөлмелі пәтер болса 200 мыңнан басталады. Ал кей студент­тер амалсыз хостел жағалайды. Осыдан келіп студенттер пәтерақысын өтеу үшін, қымбатшылық қыстаған осынау кезеңде өмір сүру қосымша жұмыс жасауға мәжбүр болады. Ал бұл білім сапасына әсер етері даусыз.

Міне, осы жатақхана мәселесін түбегейлі шешпей, студенттерге алаңсыз білім алуларына жайлы жағдай жасамай болмайтынын ескерген жөн. Бар күшін білімге жұмсаған, алаңдамай ізденген жастардан білікті маман шығарын естен шығармаған абзал.

****

 Жақында Үкімет отырысында студенттердің жатақхана мәселесін шешу жайы сөз болды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек аталған мәселені шешу жолын айтты.

 «2018 жылдан бастап жатақханалар құрылысы басталды. «AMANAT» партиясының сайлауалды тұғырнамасына сәйкес, 2025 жылға дейін 50 мың төсек орын енгізілуі керек. Жыл сайын төсек-орын пайдалануға беріледі. Соған қарамастан, қазіргі таңда жүйелі үш үлкен ұсынысымыз бар. Біріншіден, қазіргі таңда «Қаржы орталығы» АҚ жеке инвесторлармен жұмыс істейтін қаржы операторы болып саналады. Бірақ жеке инвесторлар қазір жатақханалар салу мәселесіне күмәнмен қарайды. Құрылыс материалдарының бағасы өсіп кетті, «Қаржы орталығының» шарттары да инфляцияны көзге алғанда қолайлы емес», – деді министр.

Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жақсы бір үлгісі бар. Алматыда орналасқан жеке қонақүйлер мен хостелдерді жинап, олармен арнайы келісімшартқа отырып жатыр. Қонақүйлер мен хостелдерге де ыңғайлы. Біз міндетті түрде оларға 100 пайыз тапсырыс беріп, ллармен қаржы модельдері де түзеледі. Осы жоба қазір барлық өңірлік университеттермен пысықталуда.

Министрдің айтуынша, жатақхана құрылысын мемлекет пен жекеменшік әріптестігі арқылы жандандыруға болады. Әрине, жеке инвесторларсыз бұл мәселе толыққанды шешілмейді. Сондықтан ірі-ірі құрылыс компанияларымен және өңірлік құрылыс компанияларымен жеке жұмыстар жүргізіледі. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында, басқа да шарттар арқылы өңірлік универсиеттермен бірігіп, жатақханалар құрылысын қолға алу жоспарлануда.