“Абысын-Ажын” сайысына Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының Жауыновтар отбасының отанасы 9 келінімен бірге қатысып, ұпай санымен де, өнерімен де топ жарып бас жүлде алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жауыновтар отбасының келіндері сайыстың бірінші кезеңінде “16 қыз” әніне сөз жазып, өздерін таныстырды. Ал екінші айналым “Шебердің қолы алтын” тақырыбында болды. Бұл кезеңде шаңырақтың келіндері өздері басқан “Дәстүрге жол” деп жазылған текеметті көрсетті. Одан бөлек, балық асып, бидай ұнның қамырын қазанда қайнатып елордалықтарға ұсынды. Ал өнер көрсету кезеңінде 9 келін “Ақтамақ” әнін жанды дауыста орындап, енесі баян аспабымен сүймелдеді.
Сән көрсету айналымында маңғыстаулық келіндер Айгүл Қосанованың “Қазақтың қызы” әніне қыз ұзату салтын сахналады. Нәтижесінде, Жауыновтар отбасының отанасы мен 9 келіні барлық кезеңде ең жоғары ұпай алып, бас жүлдеге ие болды.
– Бұл сайысқа қатысып, өңір намысын қорғау үшін неге Ақшұқыр ауылынан Жауыновтар отбасын таңдадым? Өйткені, бұл үйдің үлкені әжеміз киіз үй ұстайды, келіндеріне киіз басу, алаша тоқу, сырмақ тоқу, жүн түту, ұршық иіру сияқты өнердің барлығын үйреткен. Әжеміз салт-дәстүр, әдет пен ғұрып, қолөнерді дәріптейтін ана. Сол себепті осы отбасын таңдадым, — дейді “Дәстүрге жол — қазақ аналары” қоғамдық бірлестігі Маңғыстау облыстық филиалының жетекшісі Бибігүл Рамазанова.
Айта кетейік, “Абысын-Ажын” сайысының ұйымдастырушысы — “Дәстүрге жол — қазақ аналары” республикалық қоғамдық бірлестігі. Сайыс бірлестіктің бір жылдығына орай салт пен дәстүрді насихаттау бағытында ұйымдастырылған.