Сурет ашық интернет көздерінен алынды
«Мектептегі бүлдіршіндерге орамал тағуға рұқсат берілуі мүмкін» деген ақпарат тараған күннен бастап бұл постты жазуға бекінгем. Жұмыстан қол тимей, осы жаңа сәті түсті.
Өз басым кіп-кішкентай қыздардың орамал тағыуына ҚАРСЫМЫН. Себеп өте көп!
1. Ол балиғат жасына толған жоқ! Қасиетті Құранның өзінде балиғат жасына толмаған қыздарға орамал тағу міндеттелмеген. (Осыны түсінбейтін, түсінгісі келмейтін ата-аналарды мен де түсінбей өтетін шығармын).
2. Баланың психологиясына кері әсерін тигізеді.
3. Дінде зорлық жоқ! Әр адам қадамын саналы түрде жасауы тиіс. Намаз бен орамалға да оң-солын танып, саналы түрде келуі керек!
4. Мәселе орамалда емес. Балаға жастайынан жақсы тәрбие беру керек. Бәрібір ұясында көргенін істейді.
Ойымды дұрыс жеткізу үшін басымнан өткерген оқиғаларды баяндайын.
Осыдан 6 жыл бұрын Теректі ауданына қарасты бір округте ( атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын) ата-анасы 2-сыныпта оқитын қызына орамал таққызып, үлкеенн дау болды. Директор мектепке кіргізгісі келмеді. Қыздың ата-анасы заңға қарсы келіп отырғанын айтты. Ата-аналар «біздің сыныпта оқымасын» деп шулады. Дау басылмаған соң, ішкі саясат бөлімінің басшысымен бірге әлгі мектепке бардық (мен сол кездің өзінде аудан бойынша терроризм мен экстремизмге қарсы ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі едім). Жиналыс өте ұзаққа созылды. «Бірыңғай мектеп формасы» туралы заң енді қолданысқа енгелі жатқан кез. Бәрі өз ойларын айтып, әйтеуір бір келісімге келгендей болды. Жиналыс аяқталған соң, қызына орамал таққызғысы келген ата-анамен сөйлесуді ұйғардым. Анасы келмеген екен. Әкесіне жолықтым. Басында менімен мүлдем сөйлескісі келмеді. Басын алып қашты деуге болады)). Әйтеуір, маған 5 минутын бөлуге көндірдім. Орамалдың үлкен жауапкершілік екенін, кішкентай қыздың оны түсінбейтінін, қасындағы балалар араласпай, шеттететінін, тіпті мазақтайтынын айттым.
Ешқандай реакция жоқ. Үндемей жерге қарап отыр. Сосын енді артық сөйлеудің қажеті жоғын сездім де: «Менің сөзіме сенбесеңіз, мектепке келіп, қызыңызды бақылаңыз. Ортасынан кішкентайынан қысым көрген адам қоғамды, осындай халге жеткізген ата-анасын жек көретін болады. Сіз қызыңызға махаббат емес, «жек көрудің» тамырын еккелі жатырсыз. Ондай бала еліне де, дінге де қызмет етпейді. Ойланыңыз», — дедім де шығып кеттім. Содан кейін әкесі түсінді ме, қайдам? Қызына қысым жасамады. Ақ бантик тағып, ел қатарлы білім алды.
***
Өзім сияқты қадалған жерінен қан алмай қоймайтын анамен сөйлестім. Баяғы осы мәселе. Өз ойымды айтқан кезде «Өзіңіз орамал тағып алып, жұрттың қызына таққызбайтыныңыз біртүрлі екен» деп бұрқылдады. «Мен мектеп қабырғасында мектеп формасын кидім. Мектептің ережесіне бағындым» десем де, айтқан беттерінен қайтпай, 3-сыныптағы қызын «орады».
Сабақ басталды. Күндер өтіп жатты. Бір күні телефоным шыр ете қалды. Әлгі ана. Сондай көңілсіз. Бірдеңе айтсам, жылап жіберейін деп тұр. «Мені кешіріңіз. Дұрыс айтыпсыз» дей береді… Әйтеуір, өзіне келіп, әңгімесін жалғады. Қызының сабақ басталған күннен-ақ көңілсіз оралғанын көреді. Көрген сайын менің айтқан сөздерім есіне түсе береді. Бірақ мектепке баруға үй жұмысынан, кішкентай балаларынан шыға алмайды. Сөйтіп жүргенде 1 ай өтеді. Күлімдеп, мәз болып жүретін қызының жымиғанын көрудің өзі мұңға айналады. Қит етсе, айқайлап, одан аңырап жылап, бөлмесінен шықпайтын әдет шығарады. Содан мектепке барып, қызын бақылайды. Үзілісте барлық балалар ойнап жүр екен. Қызы алыстан қызықтап отыр. Ешкім оны шақырмайды. Тіпті, көздеріне ілмейді. Жоқ сияқты.. Екінші күні тағы барады. Барлығы топырлап асхана алдында ыстық бөлке алғалы жатыр екен. Бір бала кезекте тұрған оның қызын итеріп жіберіп, «Вахаббист» деп мазақтайды. Бәрі жамырап күліп, одан алшақтап, алысқа барып тұрады. Осыны көрген ананың жүрегі қарс айырылыпты.
— Құстай ұшып, үйге қалай жеткенімді білмеймін… Жүрегім дүрсілдеп, көзімнен жас парлай берді. 9 жыл мәпелеген қызымды кімге айналдырғанмын? Неге жаным ашымады? Оған парыз емес еді ғой… Қызым үйге келгенде, басындағы орамалды жұлып алдым да, оны құшақтап, еңкілдеп жылап, кешірім сұрадым. Ол да ағыл-тегіл жылады. Өңі ме, түсі ме айыра алмаған болуы керек. Сол күні қызыма уәде бердім. Енді оның пікірін әрдайым ескеретін боламын. Оның ойын өзімдікінен жоғары қоямын. Себебі, өмір оныкі. Білесіз бе, сол сәттен бастап, қызымның солған өңіне әр кірді. Кішкентай інілерін ойнатып, сабағын оқып, әндетіп жүрді. Соңғы бір айда сабақ үлгерімі де нашарлар кетіп еді. Ертесіне шыттай боп, мектеп формасын киіп алыпты. Мәз. Өте көңілді. Абақтыдан бостандыққа шыққан адамдай. Айнаға ұзақ қарады да, мені құшақтап: «Сізді жақсы көремін, мама! Сіз әлемдегі ең ақылды анасыз», — деді. Қазір бізде бәрі жақсы. Бәрі бұрынғыдай. Жолдасым да бәрін түсінді,- деп сөзін аяқтады.
Осы екі оқиғадан кішкентай бөбектерге орамалдың қалай әсер ететінін түсінген шығарсыздар?
Бір сөзбен айтқанда, баланың балалық шағын ұрламау керек! Бала балалығымен тәтті. Орамал тағып та үлгереді. Ең бастысы білім алу керек. Надан адам ұрпағын қалай тәрбиелейді?
Аягөз Айтқалиева,
Батыс Қазақстан облысы
Facebook парақшасынан