Басты бет » Жаңалықтар » МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМІН…

МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМІН…

Тұрар СӘТТАРҚЫЗЫ,
этнолог, тарихшы, журналист
30-31 мамыр күндері рухты, жігерлі, жүрегі ұлтым деп соғатын, Қарағандылық жастар  Зарина Әшірбек пен Бекзат Болатұлының ұйытқы болуымен, Қарағанды облыстық әкімшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған «АРҚА АРЫСТАРЫ» атты екі күндік пресс-турдың құрметті қонағы болдым.
Өткенде де жаздым, жалпы 30-жылдық тарихымызда мұндай тарихи тағылымы мол іс-шара тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Оған куә болуға және айтар ойыңды тыңдауға құрметтеп шақырғаны үшін ұйымдастырушыларға алғысым шексіз.
Ұлтқа қызмет етіп, ұлт болашағы үшін өмірін құрбандыққа шалған бабаларымызды еске алу күнін тағылымды шара етіп ұйымдастырған іс-шараға еліміздің түпкір-түпкірінен жүрегі «елім, қазағым» деп соғатын 40 жуық белсенді жастар мен БАҚ өкілдері жиналды.
Шақырылған қонақтардың ішінде ҚР Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғали, ақын, журналист, әдебиеттанушы Ықылас Ожайұлы, «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігінің президенті Арман Әубәкір, «OrdaLife» YouTube арнасының негізін қалаушы, тәуелсіз журналист Серік Жолдасбай,Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің “Жас Алаш” ғылыми-зерттеу клубының жетекшісі, алаштанушы ғалым Әділет Жағыпар, журналист Жарқынбек Жұмаділ және басқалары болды.
Ал өлкетанушы, көкірегі алтын сандық, данагөй, батагөй Тұңғышбай Мұқан ағамыз пресс-турдың нағыз рухани қазынасы болды. Туған өлке тарихы, тарихи тұлғалар жайлы көрген-білген, түйгені мол, жадысы мықты сұңғыла қария екен. Аузынан шыққан әр сөзінен, болмысынан, нағыз қазаққа тән, қарапайымдылықтың, парасаттылық пен білімдарлықтың, бекзаттықтың «иісі аңқып тұрды».
Тұңғышбай ағадай қарияларымыз қазақтың ақсақалдарының «эталоны» болуы тиіс деген ой түйдім. Бүгінгі жас – ертеңгі ел ағасы, ал бүгінде өскелең ұрпаққа кім үлгі-өнеге көрсетіп жүр? Жастар кімге еліктеп өсіп жатыр? Дәл Тұңғышбай ағамыздай қариялар жастарымызға өнеге боларлық тұлға.
Пресс-турға жиылғандар көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, ұлт азаттық қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның әке-шешесі, туыстары жерленген «Талды бейіт» бабалар қорымына барып аруақтарға құран бағыштадық, қорым басына Әлихан Бөкейханның өзі отырғызған ағашын, Бөкейхан әулетінің қыстауын көрдік.
Мемлекет және қоғам қайраткері, тұңғыш математика профессор Әлімхан Ермековтың жерленген зиратына құран оқып, КарЛАГ-ғы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейіне бардық.
Алаш ұранды қазақтың басын біріктірігісі келген Алаш идеясын дәріптеуді және оны жастардың бойына сіңіруді мақсат еткен пресс-турға қатысып, «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» асқақ рухты қазақ жастары барда Алаш идеясының өлмейтініне және оның рухы өшпейтініне көзім жетті.
Отыз жыл бойы қайсібірін айтайын, «Мәңгілік ел боламыз», «Рухани жаңғырамыз», «елу елдің қатарынан табыламыз» деп, улап-шулап, ұрандатып, туымызды желбіретіп, бөсіп жүргенімізде тәуелсіздік алғаннан кейінгі жастарымыздың алды 30 жасқа толыпты.
Ал біз 30 жылда 30 елдің қатарына кірмек түгілі 30 жастағы жастарымызға өнеге болар 30 іс жасамаппыз. Енді мұндай есеп үшін жасалатын өтірік шаралар мен даңғазалықтан арылып, жастарға үлгі боларлық әрекет етуіміз керек.
Пресс-турдан түйген ойым, «Мың өліп, мың тірілген» қазағымның басынан небір қиындық өтсе де, сағы сынбаған, жігері мұқалмаған, жүрегінде намысы, көзінде оты бар, «МЕН ҚАЗАҚПЫН» дейтін жастар баршылық екен. Қуандым. Шүкір еттім.
Осындай жастарды көргенде елімнің ертеңі еңселі болатына сендім.Екі күндік бірге жүрген рухани-өнегелік, тағылымды тарихи сапардан өзіме күш-қуат жинап, жалындаған жастардан мотивация алып қайттым. Қазағымның ұл-қыздарының өрелі де, өнерлі екеніне куә болдым.
Ал біздің буын осындай мықты жастарымыздың сағын сындырмай, жігерін жанып, рухына рух қосып, ақыл-кеңесімізді аямай, бастысы өзіміз ісімізбен өнеге болуымыз керек. Жастарға құрғақ сөзбен ақыл айтпай, Астанадан арқалап алып барған рухани қазынаны — “Бейсен және болмыс” кітабын сыйладым.
«АЛАШ АРЫСТАРЫН» ұлықтау, олардың ұлт үшін істеген ұлы істерін ұлгі тұту жастар үшін өнегелік һәм тәрбиелік мәні зор іс. Қарағандының жалындаған жастары бастаған рухани тағылымы мол ізгі іс басқа да өңірлерді жалғасын тапса екен деймін.
Пресс-турдың жоспарының түгелімен сәтті өтіп ең әсерлі нүктесін Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрындағы «Ұлтқа қызмет» спектаклі қойды десем болады.
Тарихи тағылымы мол рухани сапардан кейін ұлты үшін жанын пида еткен Әлихан Бөкейхан жайлы қойылым баршамызды толқытты, толғандырды. Жасымыз да, ересегіміз де көзімізге жас алдық.
Міне, «нағыз ұлттық сананың жаңғыруы, ұлттық кодтың оянуы» деген осы болар?!
Айтпақшы, кең жазира далаға тігілген шатырда ақ дастархандарын жайып, ауылдың дәмін ұсынған, қадірлеп күткен Әлихан атамыздың ауылының тұрғындарына, ауыл әкімдеріне де алғысымыз шексіз! Аса қонақжай, дархан көңілді, кең қазағымнан айналдым. Тартқан етте, қымыз да, құрт пен май, жент, ірімшік те ғажап екен. Ақтоғай құт қонған, берекесі мен бірлігі жарасқан ел, табиғаты тамаша жер екен.
Сөзімді Мағжан атамыздың жалынды жыр шумақтарымен түйіндегім келеді:
Көздерiнде от ойнар,
Сөздерiнде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемiн!