Өзгеге қол ұшын беріп, қолдау көрсету, өзіңде барды мұқтаж жандармен бөлісу қоғам дамуына үлкен септігін тигізеді. Айналамызда қайырымды істің қазанында қайнап жүрген жандар аз емес. Солардың бірі – 21 жасар Сергей Левадний.
Сергейдің фотосуретіне қарап «жап-жас жігіт, қарапайым студент», – деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда бұл тек бер жағы ғана. Ол – жас болса да үлкен іске мұрындық болып, жомарттық танытып үлгерген жан. Қалай дейсіз ғой? Небәрі бір аптаның ішінде ол велосипедпен 630 шақырымды жүріп, 15 шақырымды жүзіп, 148 шақырым жерді жүгіріп өткен. Осылайша батыл жігіт «Half Ironman» атты ультратриатлондық қашықтықты бағындырып, жиналған қаражатты мектеп оқушыларына таратқан. Жалынды жастың қайсар әрекетін өз аузынан естісек.
– Көмекке мұқтаж жандар үшін осындай қадамға баруыңызға не түрткі болды?
– Достарыммен бірге оқушыларға тегін білім алуға мүмкіндік беретін арнайы білім орталығын ашқым келді. Алайда орталықты ашу үшін бастапқы қаражат, яғни капитал қажет болды. Көмек қолын созар демеуші табылмады. Содан ғаламтор желісі арқылы әлеуметтік мәселелерді шешу үшін түрлі қайырымдылық акцияларын өткізіп жүрген Дина Карназис пен Джеф Лоуренстің мақалаларын оқыдым. Сол арқылы ультратриатлондық қашықтықты межелеу сайысын қолға алдым.
– Жалпы қайырымдылық шарасының бұндай түрін өткізіп отырған Қазақстандағы жалғыз адамсыз.
– Иә.
– Ал енді сайыстың өту барысын кеңінен тарқатып түсіндіріп өтсеңіз. Білуімше, тек өзіңіз ғана қатыстыңыз. Қарсылас болған жоқ. Әр айналымды сонда кім, қалай қадағалап отырды?
– Иә, бір өзім қатыстым. Әр айналымды Экстремалды атлетика АҚ тәуелсіз төрешісі қадағалап, уақытты жазып отырды. Жалпы 3,8 шақырым қашықтықты жүзіп, велосипедпен 180 шақырым және 17 сағатта 42 шақырымды бағындырған кез-келген адам «Қайсар адам», яғни «Айромэн» деген атақты иеленеді. Бұл дегеніміз – ол адамның физикалық күшін ғана емес, ішкі жан дүниесіндегі ерік-жігерін, асқан дайындығын білдіреді деген сөз. Ironman қашықтығының жартысын бағындыру үшін адамдар жылдар бойы дайындалады. Оларды «триатлеттер» дейді. Өз басым триатлонмен осы жылдың маусым айының ортасынан бастап айналыса бастадым. Сол кезден бастап бассейнге барып, велотреножерда дайындалып жүрдім. Ал жүгірумен бұрыннан айналысатынмын. Алғашқыда тек өте баяу жылдамдықпен 300 метр қашықтықты ғана жүзе алатынмын. Ал велотреножерда жаттығу тіптен, іш пыстырарлық еді. Тек арнайы әдебиеттерді оқығаннан кейін ғана тереңнен үңіліп, жаттығуды дендеп қолға алдым. Сосын, әрине, нәтижесін де байқадым.
– Сайыс 7 күнді қамтыды. Әрқайсысына тоқталып өте аласыз ба? Бастапқы кездері қиындық туған жоқ па?
– Алғашқы күн өте жеңіл болды. 2100 метр қашықтықты жүзіп өттім. Вело-айналым да ойдағыдай шықты. Барлығы жоспарға сай болды.
Екінші күні таңғы сағат 5-те ояндым. Далада 13-15 градус суық болғандықтан, бассейндегі су салқын болды. Сәйкесінше, жүзу айналымынан соң қатты тоңдым. Ыстық душтың астында 10 минуттай тұрдым. Артынша жүрек жалғап, вело-айналымға кірістім. Велосипедпен жүріп қатты шаршағаныммен де келесі жүгіру кезеңін жақсы өткеріп шықтым.
Үшінші күні де таңғы сағат 5-те ояндым. Кешегі суықтан кейін буындарым сырқырап, сәл тұмауратып та қалдым. Аздап дене қызуымның да болғандығын жоққа шығармаймын. Әр басқан қадамым ауырлық туғызды. Алайда бұл күнді де аман-есен межелеп, емделіп алдым.
Төртінші күні сағат 9-10 да тұрдым. Халім жақсарып қалған еді. Тек бір әлсіздік қана байқалды. Содан тоңып қалмас үшін жылырақ киініп, жарыс алаңына келдім. Алғашқы 2 кезең сәтті өтті. Ал жүгіру айналымында қалың киінгендіктен терлеп, ауа жетпей қалды. Бірақ бұл кезеңді де бағындыра алдым.
Бесінші күні сағат таңғы 10-да ояндым. Таң қаларлық жағдай, кешегі киімнен болса керек, денсаулығым әлдеқайда жақсарып қалған еді. Бұлшық еттерім де сайысқа сақадай сай болды. Тиісінше, барлық айналым ойдағыдай еңсеріліп шықты.
Алтыншы күні маған Коли деген ағам келіп қолдау көрсетті. Алғашқы екі айналым жақсы өтті. Тұңғыш президент паркінен бастап жүгірдім. Сол күні бір спорттық фестиваль болып жатты. Мен соның бір бөлігіне айналып кеттім. Мәре сызығына жеткенде көрермен өте көп болды. Жүргізуші мені қошеметпен сахнаға шығарып, ультратриатлонның мақсатын түсіндірді.
Ал жетінші күні, өкінішке орай, аяғым сыздап, тек түстен кейін ғана сайысқа кірістім. Сәйкесінше, мәреге келгенде аса қатты қуанбадым. Бәлкім менің миым қатты шаршаған болар. Сөйтіп, үйге келген соң ауқаттанып, ұйқыға баттым.
– Ал қанша қаражат жиналды?
– Бар болғаны 30 мың теңге жиналды. Алайда бастамасы үшін жаман емес. Волонтер достарыммен сол ақшаға мектеп құралдарын алып, 2 қыркүйек күні Алматы қаласындағы С. Аронұлы атындағы №143 мектеп-лицейге барып, оқушыларды мерекелерімен құттықтап, сыйлықтарымызды табыстадық. Шын қуандым. Осындай ультратриатлон қайырымдылық акциясын өткізуге атсалысқан барша достарыма, таныстарыма алғысым шексіз.
– Рахмет!
Сұхбаттасқан
Назым Қайрат