Басты бет » Жаңалықтар » “Хош келдің, әз Наурыз”

“Хош келдің, әз Наурыз”

Шәкен Тұрар Сәттарқызы,

этнология магистрі, журналист

 

Бүгін елордалық Достық үйінің алаңында “Хош келдің, әз Наурыз” атты мерекелік іс-шара өтті.

Нұр-Сұлтан қаласының Қалалық ҚХА Аналар кеңесі елордалық бүлдіршіндер Абылай пен Әлфияның тұсау кесу рәсімін өткізді.

Кішкентай Абылайханның тұсауын Нұр Сұлтан қаласы әкімнің орынбасары Берік Оралұлы Жәкенов кесіп, кішкентай балапанға ақ жол тілеп батасын берді.

Әлфия қызымыздың тұсауын Оңтүстік Корея елшісінің зайыбы Ди Ю Джин кесіп, бүлдіршінімізге өз тілінде ақ тілегін білдірді.

Бүлдіршіндерімізге және тұсау кескен қонақтарымызға ұлттық боямақтар салынған қалташалар сыйға тарттық.

Тәй-тәй басқан кішкентай ботақандардың тұсауы кесілді.

Құтты болсын! Өмір жолдары ақ, түзу болсын!

Ешқашан сүрінбесін, дұшпан көзіне ілінбесін!

Өмірлері нұрға, көңілдері жырға бөленіп жүрсін! — деп ақ тілегімізді білдіріп, сөз соңында тұсаукесер жайлы белгілі этнограф, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова апамыздың “Күре тамыр” кітабынан үзінді келтіре кеткім келеді:

“Қазақтың салт-дәстүрін қайта жасаудың керегі жоқ. Тұсаукесер – баланың алғашқы туған жерінде табанын жерге басып, ары қарай аттап, алды ашылатын бір белесі.

Біреулер «кісінің ала жібін аттамасын» деп кесіп жатады. Бұл – өте тар мағына. Олай емес. Ала жіптің мән-мағынасы өте кең. Ала жіп – өмірдің, тіршіліктің символы, нышаны. Сол үшін баланың аяғын байлап, тұсауы «жақсылықтар болғанда, басына бақ қонғанда асып-тасып кетпесін, қиындық болғанда басылып қалмасын, екеуінен тең өтсін» деп жіптің астынан пышақтың жүзін жоғары қаратып кесіледі.

Ал қазір не істеп жүр? Қайшымен кесіп жүр. Баланың өмірі қайшыланып қалады. Қайшының жүзі бір-біріне қарама-қарсы жасалған. Қазақ ешқашан қайшымен тұсау кеспеген. Сондықтан бұл ала жіп жай ғана біреудің бірдеңесін қағып кетпесін дегеннен шыққан нәрсе емес.

Бұл осындай терең мағынаға ие.

Баланың тұсауын кім кеседі? Бір кездері кейуаналарға, үлкен кісілерге тұсау кестіріп жүрді. Шындап келгенде, қазақ жасы келіп, белі бүгілген үлкен кісіге, жайбасар жанға, сондай-ақ ауру адамға да тұсау кескізбейді. Ұл баланың тұса­уын күш-қайраты бойында, елдің алдында қызметімен көзге көрініп жүрген ер-азаматтар кескен. Қыз баланың тұсауын аяқ-қолы балғадай, істеген ісін тындырып жүретін, отының басын берекелі ұстайтын, балалы-шағалы ке­ліншектерге кескізген.

Тұрмысқа шықпаған қызға, үйленбеген жігітке тұсау кескізбейді. Өйткені олардың жолы әлі ашылмаған. Мұның барлығы сан ғасыр сарабынан өтіп, ата-бабаларымыздың жасап кеткен салты.

Тағы бір талас туғызып жүрген нәрсе – ала жіпті «алдынан кес» немесе «артынан кес» деп жатады. Бала артқа жүрмейді, алға жүреді. Алдында тұрып, оның тұсауын кесіп, баланың алдын ашады. Артынан тұсау кесу деген дұрыс емес».

Іс-шараға белсене атсалысқан 54 мектеп-лицейдің мұғалімі Мейрамгүл Ұбайдоллақызы мен 8 “А” сынып оқушыларына алғыс айтамыз.