Бүгін Тіл басқармасының қолдауымен, «Жастар қызметкері қауымдастығы» ҚБ әріптестікте “Қара шаңырақ” ұлттық тәрбие беру жобасы негізінде іске асырыла бастаған “Ұрпақ. Мектеп. Қоғам” іс-шарасы аясында Ақселеу Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейінің оқушылары Назарбаев университетінің биомедицина мамандығы бойынша PhD доктранты Жайсаңбаева Балнұр Арманқызымен кездесті.
Кездесуге 8 «А» Жас сарбаз сыныбының оқушылары және 8-9 сыныптардың биомедицина мамандығына қызығушылық танытқан оқушылары да жиналды. Балнұр Арманқызы оқушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап бере отырып, білімнің маңызына тоқталды. Өзі мектеп қабырғасында жүріп, жаратылыстану пәндерін сүйіп оқып, осы пәндер бойынша үнемі олимпиадаға қатысқан екен. Ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгеруінің арқасында шетелдік бірнеше оқу орындарына түсуге мүмкіндігі бопты.
Жоғары оқу орнына түсу кезінде мотивациялық хат жаза білу де оқушыларды біршама қызықтырған сұрақтардың бірі болды.
Кейбір оқушылар сыни тұрғыдан ойлай білудің қаншалықты маңызды екенін де білу үшін сұрақтар қойды.
Әр оқушының сауалына түсінікті жауап бере біліп, Балнұр Арманқызының оқушылардың қызығушылығын одан әрі тудыра түсті.
Тіпті нанобөлшектер туралы да сұрақтар қойған оқушылар болды.
Биомедицина мамандығының қандай жақсы жақтары бар деген сұраққа Балнұр Арманқызы ең алдымен мамандығыңызға деген махаббат керек. Мамандыққа деген махаббат пен мансапқұмар болу екеуі екі бөлек нәрсе. Махаббатпен істелген жұмыс қана нәтиже бермек. Басқаша айтсақ, мамандығыңыз сүйікті ісіңізге айналуы қажет. Тек осындай жағдайда ғана адам жұмысын ерекше құлшыныспен істеп, жұмысынан ләззат алады деп жауап берді жас ғалым.
Кездесу соңында сөз алған, мектеп-лицейдің ұстазы Мейрамгүл Убайдуллақызы эссе жаза білудің маңызына тоқталды. Эссе жазу үшін дүниетеанымның кең болуы маңызды екенін, дүниетаным кең болу үшін жан-жақты ізденіп оқу маңызды екенін айтты. Әлемде өзі қаламайтын мамандық иесі болып жүрген қаншама адам бар, өз жұмысын жанымен сүйіп істейтін адамдардың да саны аз емес.
Оқушылар мамандық таңдаудан жаңылмай, өз өмірінің бір кірпішін дұрыс қалауына деген септігі тисе, тілектен туған жобаның алдағы уақытта өз жемісін берері сөзсіз. Жоба жалғасын табады деп үміттенеміз, – деп аяқтады сөзін ұстаз.
Шынында да, «Мамандық таңдай білу» оңай емес. Сондықтан балаларымыз «Болашақ» атты жолға қадамдарын оң басу үшін, мамандықтарын адаспай, дұрыс таңдау үшін, балаларға жөн сілтер, ақыл берер осындай маман иелерімен кездестіру өте маңызды.
Алдағы уақытта да оқушыларды қызықты кездесулер, рухани-танымдық іс-шаралар күтіп тұр.
Біздің пилоттық жобада әзір үш мектеп бар.