Басты бет » Жаңалықтар » Бизнес бастау оңай ма?

Бизнес бастау оңай ма?

Кәсіпкер Дулат Тастекейдің «Өте маңызды» кітабынан

Сурет: https://hyperhost.ua

Кәсіпкерлер арасында: «Бизнесті, кәсібіңді ойла, сонда ақша өзі келеді», – деген жиі айтылатын сөз бар. Бұл – шын сөз, белгілі бір деңгейге жеткенше оның салмағы да бар. Кәсіп бастаған жүз адамның тоқсан тоғызы алғашында пайда табуды, көбірек ақша жинап алуды ойлайды. Бұл – жаман емес, қалыпты  нәрсе.  «Бизнесті  дамыту  үшін  жұмыс істеу керек» деген көзқарас кейін пайда болады.

Кәсіп бастамас бұрын әр адам таңдау жолында тұрады. Сен бір мекемеде не біреудің кәсіпорнында жұмыс істейсің немесе өз тірліктеріңмен айналысып, кәсібіңді дамытасың.  Көпшілігі  жастық  энтузиазммен тәжірибе жинамай жатып, бірден бизнеске барады. Ал өзгелері бес жыл, он жыл бойы жұмыс істеп, кейін ғана кәсіпке кірісуі мүмкін. Белгілі бір деңгейде бұл – жақсы, бірақ ұзақ жылдар бойы бір жерде жүре берсең, үйренген дағдылар мен әдеттер, кей жағдайда стереотиптер кедергісін тигізуі мүмкін. Адам бір орында ұзақ отырса, оның ішкі жан дүниесі, санасы сол жерге сай әбден қалыптасып қалуы ғажап емес. Кейде адамдар қалыптасқан шаблондар мен шектеулерден шыға алмай, еркіндіктің не екенін сезінбей, ұзақ жылдар бойы бір қалыпта жүре береді. Ұзақ уақыт банкте басшылық қызметте болған таныстарым менің жаныма жұмысқа келді. Бірақ олардың банктің ішкі мәдениеті мен қарым-қатынасынан,  құрылымы  мен  бюрократиясынан шыға  алмай  қалыптасып  қалғанын  байқадым:  клиентпен қарым-қатынасты ойлағаннан гөрі компанияны тәуекелге апармау жолын ойлап тұрады.

Қазіргі уақытта бизнесменді өз уақытын еркін басқаратын,  әрдайым  демалысқа  баратын,  көлігін  таңдап мінетін, жақсы офисте отыратын адам деп есептейді. Бірақ оның төлемі бар, ол – уақыт. Ол күндіз-түні кәсіпті қалай алға тартамын, тұтынушының мәселесін шешетін, өзінің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын қандай жаңа ерекше бастама енгіземін деп ойлануға мәжбүр. Сондықтан кәсіп бастағанда ішкі стереотиптеріңізді жойып, уақытыңызды құрбан қылуға дайын болыңыз.

 

  • Бизнес бастау оңай ма? Иә, оңай. Бір емес, кәсіптің отыз түрін бастаған танысым бар. Бірақ бірін де соңына жеткізбеді. Тағы бір жақыным бургермен де, пиццахана  ашумен де, ауыл шаруашылығымен де, тіпті Қытаймен сауда жасаумен де айналысты. Оның барлығы менің көз алдымда болды, әлі ешқайсысын соңына дейін жеткізген емес. «Міне, бастадым, жоспарым мынадай», – деп келеді, қолдан келгенше демеу беріп шығарып саламыз. Өкініштісі, әлі ешбір кәсібінен «уау» дейтін табыс таппады. Жақын арада сол танысым келіп, тағы бір жоспарын айтты. Енді Түркиямен сауданы қолға алмақшы. Нәтижесі қандай болатынын қазірден болжай беруге болады. Түркияға барып, тауар сатып алып, елге импорттайтын кәсіпкерлер кеденнен өткенде кедергіге тап болады. Кейбірі есеп-қисапты білмегеннен артық төлейді, салықтан да ұтылады. Шығын шығара бермес үшін біразының  пара  беруіне  тура  келеді.  Жаңағы  танысым маған келіп: «Бухгалтерлікті жақсы білесің, осы істе маған көмектес», – дейді. Жауабым қандай болғаны түсінікті шығар. Оған бұл іске араласуға уақытымның жоғын, бірақ ақыл-кеңес беруге дайын екенімді айттым. Әзірге, соңғы кәсібін қандай табысқа жеткізгенін білмеймін.

Марк Твеннің: «Темекіні тастау – оңай, күнде тастаймын», – деп айтқаны бар.

 

Америкалық жазушының осы сөзін икемдеп:

«Бизнес бастау – оңай, күнде бастаймын»,

– деп айтар едім.

 

Әлгі танысымның әкесі оған әрдайым қолдау көрсетеді, қарны аш емес, сондықтан табандылық таныта алмаған шығар. Бизнесте аш болуың маңызды, тура мағынасында емес, әрине. Қарны ашып, жаны күйзеліске түспеген адам табанды болмайды. Табанды болмаған соң, бір істі соңына дейін жеткізбей, әр салаға ұрына береді.

Шыны керек, кейде өзіме де: «Осыны дұрыс істеп жүрмін бе?» – деп сұрақ қоямын. Өзімді: «Кәсіп бастап, бір дәрежеге жетіп қана қоймай, әлемдік дәрежеге шығармасаң, не үшін бастадың?» – деп қамшылап қоямын. Кәсібіңді таза пайдаға шығарған соң ғана оны ауыстыруды не  өзгертуді  ойлануға  болады.  Кәсібін  дөңгелету тұрмақ, идеясын стартапқа жеткізе алмайтындар да бар. Оған күш, энергия, төзім керек. Сол стартапты сатып, орнына басқа іс ашуға немесе франшиза қылып сатуға болады. Ондай құралдар бар екенін білмегендер басқаны бастаймын деп, қолын бір сілтеуі мүмкін.

Ал бір істі бастап, оны орта жолдан сазға отырғызып, қателігінен сабақ алмай жатып, екіншісін бастайтындар да бар. Олардың көбі: «Жұрт мен туралы не ойлайды, елдің алдында ұят», – деген комплекспен жүргендер. Кейбірі сырттай ғана бизнесмен тәрізді көрінеді, шын мәнінде олардың маңайына кәсіп атаулы тіпті жақындамайды.

Кәсіп бастағанда негізгі мән беретін дүниелер не?

Бірінші, бизнес бастауға жүрек керек. Бизнес бастаймын дегендер тәуекелге барады. Ұзақ уақыт бір жұмыста отырған кез келген адам ондай тәуекелге бара алмайды. Өйткені ол бұлыңғыр болашақ үшін ай сайын түсіп тұрған жалақысынан айырыла салуға дайын емес. Кейбірінің тіпті кредиті, жұрттан алған қарызы бар. Мұндай жауапкершілігі бар адамдар тәуекелге баруға тіпті қорқады. Ал біле тұра тәуекелге бару үшін үлкен жүрек керек.

Екінші, адамның табиғи біліктілігі. Яғни, сыни ойлай білуі, бір іске икемі тәрізді қасиеттер.

Үшіншісі, өзін сата білуі. Я тауарыңды, я қызметіңді, я жеке бренд ретінде өзіңді сату керек.

 

  • Бірде әйгілі «Бай әке, кедей әке» кітабының авторы, кәсіпкер Роберт Кийосаки журналиске сұхбат береді. Интервью соңына қарай журналист Кийосаки тәрізді танымал автор болғысы келетінін айтып, кеңес сұрайды. «Баспагерлер менің жазбаларымды мақтайды, бірақ одан әрі асқан емес. Күнкөріс үшін газеттегі жұмысты жалғастыруға тура келеді», – дейді ол. Сонда Кийосаки оған сату өнерін меңгеруге кеңес береді. «Менің Сингапурда тұратын досымның жергілікті компания қызметкерлеріне сату, сата білу қабілетін үйрететін курсы бар. Сіз үшін де көмегі тиеді», – дейді ол журналиске. Өкініштісі, журналист оның кеңесін дұрыс түсінбей, жазушыдан сатушы деңгейіне түспеймін деп ашуланып шығып кетеді.

 

Бұл жердегі мәселе, адам қаншалықты талантты һәм қабілетті болғанымен, тауарын сата білмесе, оған көпшіліктің назарын аударта алмаса – істің бәрі далбаса. Ісіңіз алға бассын десеңіз, сатуды меңгеруіңіз керек. Сіздің ақылды болғаныңыз, өнімді дайындау үшін ұзақ түндер құртқаныңыз өзгелер үшін маңызды емес, маңыздысы – өзгелерге  оны  жеткізе  білу,  клиенттерді  сізді таңдауға көндіре білу.

Тағы бір керек дүние – кәсіби сауат. Тоқсаныншы жылдары біздің үйдің алдында шағын дүкен болды. «Оптовкадан» зат сатып алып, оған 15 теңге қосып сататынбыз. Бұл – сол кездің кәсібі еді, жұрттың бәрі майда саудамен айналысты. Бірақ қанша тауар сатып алғанын, қаншасын сатқанын ешкім есептемейді. Экономика факультетінде оқып жүргенімде үйдегілерге: «Есеп-қисабын жазайық», – деп айтамын. Есебін жүргізбесең, оның пайдасы мен шығынын білмейсің. Әйтеуір, күнделікті пұлыңа жарайды. Бәлкім, кәсіби сауат болғанда ауылда екі-үш жерден ашып тастауға болар ма еді. Ақыры, үш-төрт жылдан кейін сол дүкеніміз жабылып тынды.

Кәсіп бастағанда визуализацияның болуы өте маңызды. Ол шамамен қандай кәсіп ашатындығын санасында көруі керек. Әрбір нәрсені, командасын, өнімін, тіпті кеңсеге дейін детальді түрде елестету керек. Мен әлі күнге дейін өз бетімше алдағы кеңселеріміз қандай болады,  менеджер  қайда тұрады,  кассир  қайда  болады деп қиялдай беремін. Бұл – өте маңызды.

Бірде Айдос бауырым келді. Қаланың үш жерінен «Асыл ет» деген брендпен ет дүкенін ашыпты, логосын жасаған. Бизнеске бет бұрғанға дейін дәрігерлікпен айналысып жүрген. Екеуміз сөйлескен соң, оған да осындай кеңес бердім. Яғни, ол болашақ дүкендердің қандай болатынын барынша санасында елестете алмаса, оны жүзеге асыру қиын болады. Оны көру, сезіну, армандай білу – біз ойлағаннан да керемет нәрсе. Сонда адамда амбиция пайда болады. Өзіне жоспар қояды, жоспар қойғанда да өзінің шамасы мен мүмкіндігіне қарай қою керек. Тым биік, ұзақ мерзімді жоспар дайындап, оны орындау үшін өзіңе аз уақыт беріп, кейін өзіңді жазалап отырсаң, ол – дұрыс емес. Соңғы жылдардағы есеп бойынша біз жыл сайын айналымды екі есеге өсіріп отырыппыз. Бұл біздің шарықтау шегіміз емес, әлі де күш пен амбиция бар. Бірақ осы көрсеткішке әкелген жолдың бастауында визуализация жатыр еді.