Басты бет » Жаңалықтар » Құмар ойындар тығырыққа тірейді

Құмар ойындар тығырыққа тірейді

Адамның санаулы ғана ғұмырында көптеп кездесетін, алдыңды жиі орап, сананы еліктіріп өзіне тартатын нәрсенің бірі – құмар ойындары десек қателеспейміз. Адам баласының көп жағдайларда құмар ойындарына құмарта отырып, өзінің күнәлі істерге жол беріп алатынын ескере бермейді. Әрине, бұл өкінішті!

Құмар ойындары дос-жаран мен туған-туыстың арасына да іріткі салатын нәрсе. Ақшаның елесі оған еліткен жанды адастырып, көзін тұмандатып, жақын-жұрағаттарын ұмыттыратындығы сөзсіз. Оған берілген жан барша дүниені ұмытып, барлық есіл-дерті ақшаға ауып, соны қалай ұтып алуды ғана ойлайды. Былайша айтқанда, оның мақсаты құмарға тігілген ұтысты жеңіп алу ғана болады.
Ойынға араласқан барлық ойыншының мақсаттары – тек қана ұту. Ал ұтыстың тек бір адамда ғана қалатындығы белгілі. Жеңіліс тапқандар болса ашу-ызаға булығып, шайтанның арбауына мас болып, түрлі арам ойларға ерік береді.  «Жығылған күреске тоймайды» демекші, алдамшы сеніммен  ұтылған ақшасын қайтарып алу мақсатында тағы да ойнап, тағы да ұтылып, сол жерден айналшықтап кете алмайды. Қайтсе де жеңіске жету жолында шайтанның арбауымен қалтасындағы барын салады, болмаса қарызға ойнайды, нәтижесінде тағы да ұтылады. Соңында өзі де азғындайды, отбасы мен жақындарын да ұятқа қалдырып, аш-жалаңаштыққа ұшырайды, азып-тозады.
Ал ұтқан адам ше? Ұтқан қаржысына қанағаттана алмаған ол, ақша көбейген үстінен көбейе түссін деп шайтанның лас ісіне ары қарай арбалған үстіне арбала береді. «Өгізге туған күн бұзауға да туады» демекші, дүние-кезек, күндердің бір күнінде ұтылыс бұған да жетеді. Оның да нәтижесі жоғарыда аталғандай болып шығады.
Құмар ойындары сондай-ақ, қоғамды жалқаулармен, еріншектермен, ар-ұятын сатушылармен толтырып, өзін, отбасын, айналасын, дінін ұмыттырады.


Міне, осы мәселені көтеріп жүрген
Алматы қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Қайрат Құдайберген құмарлыққа шақыратын букмекерлер мен онлайн казиноларды жабуды біраздан ұсынып жүр. Ол жақында осы мәселені көтеріп петиция құрып, қол жинай бастады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы видео-үндеу де жолдады.

«Өкінішке қарай, сіз-біздеп шырылдап жүрген мәселе бей-жай қалып отыр. Бұл онлайн казино, букмекерлер бинго, алаяқтардың өтірік ойнау платформалары, ойын құмарлыққа шақыратын, техникалық тұрғыда заңсыз, лицензиясы жоқ осындай ойындарды көріп отырмыз», — дейді депутат.

«Қаншама отбасылар ажырасып жатыр, адамдар өзіне қол жұмсап жатыр, қарызға батып, біреудің өмірімен ойнап жатқан ойын құмарлардың, казинолардың қалтасын толтырып жатыр. Елімізден миллиардтаған ақшалар басқа елдің офшорлық зонасына, банктеріне кетіп жатыр. Бұған қарайтын құзырлы органдар қазіргі таңда ештеңе естімейтін, көрмейтін, бұл туралы айтпайтын ұйымдарға айналды», — дейді Құдайберген.

Қазіргі таңда букмекерлер мен онлайн казинолардың жарнамасы «жаңғырып» тұр. Жастарды құмар ойындарға тартуда осы үздіксіз жарнама жүргізу де өзінің кері ықпалын тигізіп отыр. Тіпті, еліміздің түрлі   телеарналарының өзі құмар ойынды қолдап отырғаны өкінішті әрине.

«Ең намысқа тиетін нәрсе, үлкен сайттар, YouTube, телеарна болсын, спортты насихаттайтын біздің ұлттық телеарналар осы букмекерлердің жарнамасына қарқын беріп отыр. Бұл — нағыз ұят, намыссыздық. Елімізді алдап жүрген букмекерлердің ақшаларын алып, спортқа салу. Меніңше, спортқа салатын ақшасы 5 пайыз, ал 95 пайызы біреудің қалтасын толтырып жатыр. Бұл ақша — қарапайым халықтың ақшасы», — дейді Құдайберген.