Басты бет » Руханият » Жан мұңым мен жан сырым – жиырма бес хат

Жан мұңым мен жан сырым – жиырма бес хат

           Тілек тасын аялаған, арман жырларын саялаған, тағдырдың қатты толқындарынан қорықпаған азамат, республикалық «Шарапат» шығармашыл жастар байқауының бас жүлдегері – Топанбай Мейірханның «Алматы» арнасының «Жаңалықтар» тізгіншісі Əнуарбек Жəлелге жазған хаттарынан.

%d3%99%d0%bd%d1%83%d0%b0%d1%80

Соңы

Жиырма үшінші хат

Жүректің сөзі – арнауым

           Сіз эфирде жанасыз. Жарқырайсыз. Бүтін болмысыңыз нұрланады. Ол арман ырқына көнуден, арман арқылы өз кəсібінің рахатын сезінуден деп түйсінем. Бүгінгі хат ең қысқа хат. Түйінді сөзі Француз ақыны Софияның сөзі болмақ. «Адам арманы арқылы алға жылжып, өмірін ғажапқа толтырады. Адамның еңсесі тік болуы үшін еңселі арманы болуы шарт. Біреудің арман жолындағы кішкентай ғана жетістігі, оның арман жолындағы баспалдағы болуы бек мүмкін. Кез келген армандай білетін адамды бағалай білу де ұлы қасиет. Бала арманмен кəсіп табу – тірліктегі зор бақыттың бастауы».
Мен журналистика саласына кішкентай кезімнен үлкен құрметпен қарайтынмын. Балалық қой. Тілші дегенді мен көп тіл білетін адам деп, азамат боп ақылым толысқанда тілші боламын дейтінмін.
Мен өмірімді қазір журналистерсіз елесте те алмаймын. Бірі – дос, бірі – сырлас.
Мен бұдан бес жыл бұрын Əз ағама жазбаған жырларымды, көрсете алмаған ықыласымды барынша эфирде жүрген ағалар мен əпкелерге көрсетсем деген ойға бекініп, ақ өлең түрінде «Еліне амандық тілеген» атты арнау жазып шықтым.
Шетелдік ақын-жазушылардың үлгісін жете тану арқылы шамамның жеткенінше ықыласымды жыр арқылы көрсеткім келді. Ақ өлең – менің қалыбым һəм танымым. Негізі, алғаш өлең əліппесін шығыстың нәзира үлгісімен жаза бастағанмын. Сонымен, сізге арналған арнау – ақ адал көңілден туған болатын.
Əн аға, «Жаңалық жаршысы « атты арнауыма қарыздар секілді сезінем. Сізбен таныс еткен, жақсы адаммен дос еткені үшін.

Жиырма төртінші хат

%d0%ba%d1%83%d0%bd

Қиял көгіме күн болған, арман өріме шың болған асылдар!!!
Күн апам! Əн аға, осы Күн апамның нəзік үні мен сіздің үніңіздің арасында бір байланыс бардай көрінеді.
Күн апам дегенім – Күнсұлу апам. Табиғат талант пен танымды, парасат пен пайымды ежелден егіз етіп жаратпаса, мың жерден өнерлі етіп жаратқанмен, көрермен көңіліне жол таппайды. Болгар халқының бір өнертанушысы, «тағдырды түсіне алмаған əрі тағдырымен күресе алмаған – талантын дəлелдей алмас» деген бір пікір үнемі апам жайлы ойланғанда еріксіз есіме орала береді.
Күнсұлу апам – жан əлемі тұмадай тұнық, болмысында боямасыз шынайылық, саналы ғана ұға алатын салиқалық, өмірдің өзі қалыптастырған таныммен астасатын түсінік, ең бастысы – адамдық иесі. Жаны жомарт, жүрегі мейірімге толы. Балалық шағымда сол кісінің үнін ертелі-кеш көк жəшіктен, радиодан тыңдайтынмын. Сол кезде бірқатар өлең жазып едім. Ол əлі сақтаулы. Расында, менің сезімшіл болуыма, өнерді жүрекпен сүюіме сеп болған жандардың басында тұрар есім – Күн апам! Жабыққан сəттерімде апам оқыған өлеңдерді тыңдасам, бүкіл жабығыстарым лезде жоғалады. «Табиғаты таза жанның үні – қоңырау күмбірі, табиғаты қарау жанның үні – қоңыз шырылы» дейді екен армяндар. Кейде, армандаймын Күн апамдай жаны жомарт, мейірімді жандар көп болса, Күн апамдай жазмыштың еркіндегі тағдырды түсіне алса, өмір бұдан да бетер ғажап түске, жарқын реңкке боялар ма еді?! Кім білсін…
Ол кісі мені үнемі тосыннан қуантады. Жүрегінде маған деген ықыласын жасырмай жеткізеді.
Ықылас пен ниет бауырмалдыққа жол ашады екен.
Тосын қуаныштар!!!
Еріксіз жанарды сулайды. Өмірдің мəнін бұрынғыдан бетер ұқтырады, өмірдің қымбаттығын əрі ғажаптығын сезіндіреді.
Кейде, мен нəзік жүрек иесі болғаным үшін қамығып қалам. Себебі, жай сөзге көңіл қанаттанып, төбем көкке екі елі жетпей қалатын сəттерде өз-өзіме таң қалам. Бірақ… Сол нəзіктік болар маған тағдырдың ащысына қалқан боп жүрген. Жақсы адамдардың демеуі, адамдық болмыс-қалыбымды елеуі мені дерттің езгісінен аман алып қалып жүр. Жақсы адамдар көп дейді, жоқ олар азайған. Əрине, бары даусыз. Жақсыларды жүрекпен іздеу керегі айқын дүние. Жақсы адамды тағдыр жолы өзі кезіктіргені – бақ. Мына ауру күл еткен жылдарым бір нəрсені үйретті. Барлығын жүрекпен жасауды. Жүрекке əркез иек артуды.
Мен өзімді үміттерім мен армандарыммен алға сүйреп келем.
Иә. Алдау. Алдарқату. Жігерлену үшін тек ертең дейміз. Біздің ғұмыр сенімге байланған. Мүгедектерден адамдар үрке қарайтынын сеземін, көремін. Сондай кездерде Күн апамдай парасаты биік жандарды іздеймін, Əн аға!

Жиырма бесінші хат

Əн аға!!!

Əнуарбек Жəлелұлына

Үміттерімді үзгенде тірлік мың,
Өлеңге мұң шағып бой тіктедім.
Жүрегімді тырналаса есер мұң,
Жан сырласын тынбай іздей бердім.
Ерек үнге байланып сана-ақылым,
Өзіңе мұң шақтым санап жақыным.
Жырымды жаздым толғана өзіңе,
Сезінген шақ қоңыр күз салқынын.
Тағдырыма есем кеткен шақ,
Бұйырмай басыма бармақтай бақ.
Дерт діңкəмді құртқан шақ,
Іздедім сізді жақыным санап.
Заңғарлықты қабылдап өр таулардан,
Жетелеген жасынан асау бір арман.
Адалдықты жалын жүрегіңде сақтап,
Жалын жүрекпен жалындап жүр аман.
Жаңалыққа қанықтырып азат елімді,
Жақсылыққа кезіге бергей өр басың.
Жоғалтпаймын менде бойдағы сенімімді,
Шыдам мен сабыр ежелгі жолдасым.
Сіз барда тірлікте мықтымын,
Арыстан болмысқа иемін, күштімін.

          Иә. Бұл – жиырма бесінші хат!
Бүгін мен ағама өзі жайлы жазам.
Əнуарбек деп есіміңізді жезді өлкеге танымал ақынның есімін қойғанының өзі тегін еместей көрінеді. Бұл – Зина əжеңіздің кемеңгерлігі. Сол кемеңгер алысты болжағыштық қасиеті мені сүйсіндірді. Сүйсінтіп келеді. Мүмкін сезген де болар, заман ағыны алға жылжып, сіз ат жалын тартқан мезгілде, бір ақын жүректің иесі сізге жыр жазарын, ағынан ақтарылып, сырлас дос санарын. Түрік халқында, «Батырға сауыт, ақынға шабыт керегі» деген атадан мұра болған сана мен жүректің тиегін қозғар сөз бар.
Өлең мені бала кезімнен еріксіз өзіне тартты. Арман-аңсарымды, үміт-қиялымды жеткізуге жəрдемші болды. Қанда бар нəрсе жоғалмайды деген рас сөз сықылды. Мен сіз жайлы неге өлең жаздым?
Оның себебі – жанарыңыздағы тұнықтық пен үніңіздегі жылылық. Маған жанары тұнық адамдар қатты ұнайды. Тұнық жанар – болмыстың тазалығын сыртқа айшықтаушы. Болмыстың бір ғана қорғаны бар, ол – тəрбие. Сіздің болмысыңыздың тазалығы ана əлдиінен басталып, əже сөзімен сабақтасады. Сіз – алтын жүрек иесісіз. Салиқалы қалпыңызда бір тектілік иісі аңқып тұрады.
Тау халқының бір аңызында, ханның уəзірі жылда ел қорғау ісіне адам алғанда, «Бос белбеуден батыр, майезбеден ақын, жарлыдан жарылқаушы шықпас. Нашар мінездіден сабыр, тəккаппардан мейір, арсыздан адамдық кезікпес. Тектіні тау дейді, болмысы бейне қар дейді. Жігіт боп туған ерлерге, Күллі жұрты таң дейді» деп айтып жүреді екен деседі.
Медине Гүлгүннің сөзімен қоссам, « Алтын жүрек – адамдығымен сүйсінткен жан».
Иә. Мен адамдығыңызға сүйсініп келемін, сүйсінте бергейсіз. Сөз ұғар естіге санап ақтарылдым. Ұлытау – қадірлі мекен. Маған да жат мекен емес.
Балалығымның естеліктері сол өлкемен байланысты.
Аға! Жүрегімді ауыртпай айта алатын сөзге айналып келеді.
Мен бұл күндері ағаның қандай болатынын ұққандаймын. Сол есімнің мəнін ұқтырып, биіктігін түйсінткен жан – Əн ағам! Эфирдегі кескін-келбеті мен өмірдегі келбеті – боямасыз, шынайылықтан тұрады.
Ұлытаудың бар табиғатын һəм болмысын бойына дарытқан.
Ұлытау секілді мен үшін қымбат əрі қадірлі!!!
Əн ағам – қиял күзетшім, ақжүрек құрметтім. Мен Əн ағаммен мақтанамын, тек биіктен көргім келеді. Ғұмыр жолымда Əн ағамды кезіктірген жаратқаныма мың шүкір. Адамның сезімі – бағалы, адамдармен саналы. Өмір жолымыз əрқилы болғанмен, əртүрлі өлкеде өмір кешкенімізбен жүрегіміздегі адамға деген ілтипат сөнбесін, сол сезімді көз қарашығындай бағалай білейік. Əн аға, сізді аға ретінде, адам ретінде қатты құрметтеймін. Əзірбайжан халқы, «құрмет – тірліктің маңызы» деген сөзді өміріме азық етіп келемін. Жігерімді жанитын, сіздей ағам барда дертті жеңетініме сенемін. Өмірде бақытты, эфирде шабытты, еңбекте табысты болыңыз, Əн ағатайым!!!

P.S. Жүрегім аға деп санаған жан – өміріме нұрлы сəуле.

Мейірхан1

Мейірхан Мейрамбекұлы
«Күнделік сыры»

Пікір жазу