Басты бет » Өнер – өмір өрнегі » Қазақ биіне құмартқан қыз

Қазақ биіне құмартқан қыз

Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында «EXPO-2020» көрмесі өтуде. Осы көрмеде нұрсұлтандық «Наз» мемлекеттік би театры ұжымы құрамында өнер көрсетіп жүрген Гүлдана Самалқызы төмендегі қызық оқиғаны баяндады.

Бүкіләлемдік көрменің Қазақстан павильоны әдемі безендірілген төрт қабаттан тұрады. Ең алғашқы қабаты – Жусан залы. Бұл залдан дала иісі, жусан иісі аңқып тұр, ғажап! Бір келген адам қайта айналып келгісі келеді. Одан кейінгі залдарда ұлтымыздың дәстүрлі киімдері, елдің тарихы мен мәдениеті, өнері жан-жақты қамтылған. Тамашалаушы меймандар өте көп, неше түрлі ұлт өкілдері қызықтап қарауда.

Әрине, ЭКСПО көрмесінде еліміздің ұлттық өнері де барынша насихатталуда. Жоғарыда айтылған «Наз» би театры ұжымы да қазақтың мың бұралған билерін көрсетіп, жиылған жұртты таңдай қақтырады.

Соңғы күндері мынадай қызық оқиға болыпты: қазақ әуені шырқалып, биі ойналса, мына бір Луна есімді қыз бала есі кете тамашалап, қойылым аяқталысымен жүгіріп барып биші Гүлдананы қатты қысып құшақтай алады екен. Осындай жағдай бірнеше мәрте қайталанған.

Қыздың ата-анасы Қытайдан келсе керек. Айтуынша, кішкентай Луна әкесі мен анасын қолынан жетектеп, үнемі қазақ павильонына тартады екен. Өмірде өте тұйық болса да, қазақы әуенді естіген сәтте айналадағының бәрін ұмытып кететін сәбидің қылығына ата-анасы аң-таң болған.

Гүлдана Самалқызы – Құрманғазы атындағы Орал музыкалық колледжінің би сыныбын бітірген. 2020 жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласында «Наз» мемлекеттік би театрында қызмет етеді. Гүлдананың ата-анасы Самал мен Эльмира да – өнер адамдары, Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында еңбек етеді.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы