Домбырашылар Темірлан Олжабаев пен Ернат Наурыз Испаниядағы
«Music box» саз аспаптары байқауында жеңіске жетті.
Халықаралық өнер сайысына 36 мемлекеттің өнерпаздары қатысқан.
Темірлан мен Ернат АҚШ, Ұлыбритания сынды алпауыт елдердің қатысушыларын басып озған. Өнерпаздар бірінші кезеңде атақты италиялық скрипкашы Никколо Паганинидің «Каприз №24» туындысын киелі қара домбыраның тіліне салса, екінші кезеңде танымал «Тақтар тартысы» («Игра престелов») сериалының саундтрегін нақышына келтіріп ойнап береді.
Қос өнерпаз «Music box» аспаптар байқауында бас жүлде иеленгеніне әлі де сене алмай отыр.
– Сене алмай отырмыз. Жеңіске жеткенімізді кеше кешке білдік. 36 мемелекеттің арасынан алға суырылып шығамыз деп ойламадық, – дейді Темірлан Олжабаев.
Биыл домбырашылар өнерлерін шыңдау үшін АҚШ-тың продюсерлік компаниясымен бірлесіп жұмыс істеуді жоспарлап отыр.
– АҚШ-тың продюсерлік компаниясымен бірлескен жоба қомақты қаржыны талап етеді. Сол қаржы жағын шешіп алсақ, Құрама штаттарда бір жыл тұрып келеміз. Бұл өнерімізді шыңдауға үлкен мүмкіндік. Әзірге репертуарымызда 20-дан астам күй бар, – дейді Темірлан.