Басты бет » Руханият » Жан мұңым мен жан сырым – жиырма бес хат

Жан мұңым мен жан сырым – жиырма бес хат

           Тілек тасын аялаған, арман жырларын саялаған, тағдырдың қатты толқындарынан қорықпаған азамат, республикалық «Шарапат» шығармашыл жастар байқауының бас жүлдегері – Топанбай Мейірханның «Алматы» арнасының «Жаңалықтар» тізгіншісі Əнуарбек Жəлелге жазған хаттарынан.

%d0%b0%d0%bd%d1%83%d0%b0%d1%80

Он алтыншы хат

Жапонша өмір сүру

 

Əн аға, жапондар үш қасиетпен өмір сүреді: Разылық, Сабырлылық, Адалдық. Бұл қасиеттер – адамдықтың белгісі əрі бейнесі. Біздер күн өткен сайын жасандылыққа бойымызды үйретіп, соған ыңғайланып барады екенбіз?… Қайда барсам да, қай есікті ашсам да, жасанды жүз көрем. Сəби кезімде айна туралы көп ертегі тыңдайтынмын. Осы жапондардың бір ертегісі бар еді. Өтірікшіні көре-көре айнада жылайды деп аяқталатын. «Жасандылық жалғанды жетектейді» деген екен Гамзатов. Адамдар сол жасанды жүзден шаршарын біледі, оның опа бермесін ұғады. Жасандылық қақында Марина Цветаева «жүрегі жарым адамның алдында құбылмалы түр танудан сақ бол. Сақтан. Жан жарасын тырнайтын өтіріктен де жаманы – жасанды түр. Жасанды түр – жасанды сөз туғызады. Жасандылық – өмірді толық жаулайды. Адам өзін шынайы тани алмайтын хəлге жетеді. Жаны жарым адам – аңсар – үміттің құшағында өмір кешеді. Жасанды түріңмен бір күн алдарсың, екінші күн ше? Жоқ. Алдай алмайсың.. Алдамағаның жөн».
Қайран ақын. Бəрін дұрыс айтады. Алданудан қалжырап біттім.
Жарым жүрегімді жамайтын шынайы сөз таппай. Сонымен, разылық – əр күніңе тəубе деу. Жеңіл өмір ешкімге жазылмағанын білу, ұғу. Тəубе ету үшін де, сабырдың күштілігін қажет етеді. Адалдық – ардың тыныштығы. Өмірдің формуласы. Аға, өмір керемет болуы үшін осы қасиет бар адамның бойынан табылуы керек. Алайда… Ол еш мүмкін емес. Кəрістердің бір мақалы бар. «Көшедегіге шынайы бол, үйіңдегіге адал бол». Жақындарымыз адал болсын, Əн аға!

Он жетінші хат

           Аспанда мен секілді, жасын төгеді кей уақ Мен көп жыладым. Жылағым келмеген сəттерім болады, жылатады. Адамдар мейірімді деген ойға өзімді сендірген сайын сол ойым үшін жылаймын. Мен алдарқатқан, жай айта салатын сөз үшін жылаймын. Дерт маған жылауды үйретті. Жанар жасын төкпей көңіл көгім ашылмайды.
«Жылатты өмір,
Қарсы шықпадым.
Жұбатты өмір,
Осы ма ұтқаным?!
Тағы бір күн,
Жылатар əлі.
Болсын сана бүтін,
Қолда өзгенің бəрі».
Шехризаттың өлеңі. Фериде ақынның бірқатар өлеңі бар.
«Тағдырыма əлім жетпей, жанарға ерік беремін».
Менің де жайым – сол. Жылауық дер, басқа дер. Мені жылату оңай. Бір ғана сөз мені екі сағат жылата алады. Мен ауру жаныма батып емес, адамдардың ісіне жылаймын. Тəннің ауруын сол кезде сезінемін, білем. Олар жылатуларын доғармайды… Басқа шарам жоқ… Шарасызбын, осы тұста, Əн аға!

Он сегізінші – он тоғызыншы хаттар

Сағыныш

Адамның ғұмыры аққан су сияқты. Мен балалығымды біраз сөз еттім. Енді бозбала шағыма тоқталайын. Иә, балалық шақтан –бозбалалық шаққа. Менің жанымның жарасын бір жан білетін… Ол кісіні ерекше жақсы көретін едім. Ол кісінің адамдығы мен парасаттылығы менің ғұмыр бақи есімнен кетпес. Ол кісі бүгін бұл жалғанда жоқ.
Ғұмырымда маған рух сыйлаудан, жанымды ұғынудан танбаған жан еді. Əз-ағам дейтінмін. Жалынды жастығын өз сүйген ісіне арнады. Өнерін шыңдаудан танбады. Сол қасиетімен маған үлгі көрсетті. Менің көптеген тілдерді үйренуіме себепкер болды. Қат-қабат жұмыспен жүгіріп жүргенімен, маған əр күні түскі үште хабарласатын. Талма ауруым ол кезде үдеп тұрған шақ. Айында 3-4 рет қатарынан ұстайтын. Сондай қиын кезде мені сəбидей жақсы көріп, қандай хəлде болсам да менімен тілдесетін. Жиырма екі жасында, Алматы қаласында емделуге барған кезімде кездейсоқ таныстық. Ол кісіні мен ұзақ уақыт бойы кім екенін, қандай кəсіппен айналысатынын білмедім. Менің хəлімді сыртымнан көрген сəтте жүрегі шыдамаса керек. Қасымдағы апаммен танысып, менің қасыма жақындап, шашымнан сыйпап, «Мейірхан, сен жасыма. Сен – күштісің», – деп, қоңыр үнмен тіл қатты. Бірақ… Ол кісінің маған айтқан бір ғана сөзін, əлі күнге жігер сыйлайтын сөзін ұмытпай келемін.
Қазір ойлап қарасам, ол кісінің маған деген көңілі ағалық һəм əкелік ақ пейіл екен. Сол шашымнан сыйпаған сəттен бастап, ол кісіге мен жүрек қақпамды аштым. Ол кісі де менімен байланысын үзбеді. Ол кісімен соңғы тілдескен кезімді мен көп ойға алам.
Ойыма жиі түседі. Румын халқының бір данасы, «сен үшін тілекші жанды бағала. Өмірде ата-анаңнан өзге шынайы тілекшіңнің болғаны үшін қуан. Барыңа байыппен қара. Сағынышың жаныңды ауыртпау үшін. Сағынышың жаныңды сыздатып, қинамау үшін… Сағыныш – бағалаудың бір сырлы белгісі. Сағыныш – аңсардың егізі».
Менің бұл хатта айтпағым, аяқтан тұруымды, талмасыз тамаша ғұмыр кешуімді менен кем қаламаған жандар болды. Қуаныштысы – мен дертті сəл болса да жеңе алдым. Өкініштісі – сағыныштың сарғыш түсін толық жайсыз түрінде қабылдап қалдым.
Енді олай болмаса екен!..

Сағыныш
(Фериде Аслан)

Сағыныштың жайын,
Ұғынбай ма қайың.
Ұғады ғой, ұғады,
Ұстазы кең дала сайын.
Дала кезіп сағынышпен,
Өмір өтер сабылыспен.
Шағалалар жылап жатыр,
Естелігі суға ағып, мықты теңіз ағыс күшпен.
Жүрек аңсар дəйім, ұғынсаң жүректің жайын.
Адамдар сағынады, шағалалар сынды еске алып бəрін.
Көктемі өткен соң, қысқы ызғарда еске алар.
Өткенің қымбат-ау, сондықтан,
Жанарыңнан жас тамар,
Сағыныш– жүрегіңдегі шешілмес тұмар….
Жүрегің, жаның өткен ылғи да құмар…

Жалғанда жүрек шіркіннен қастерлі не бар екен?! Сағыныш екі түрлі болады-ау. Бірі – тəтті сағыныш, бірі – ауыр сағыныш. Осы екеуінен тағдыр келбетін айшықтайтындай. Ағама деген сағыныш – естеліктен құралды. Жадымды тілгілеген естеліктер сағыныш сезімін сыйлайды. Ауыр сағыныш – өзегіңде еріксіз еске түсіп, еріксіз жылатады. Тəтті сағыныш – тірліктегі сеніміңе дос, арманыңа ес болады. Бозбала шағымның кескін-келбеті шаттықтың шарасына шомылуыммен есте қалды. Қуанам. Жұбанам.
Өмірде бақытым мен барым – адал жүрегім ғана. Əн аға, маған Əз-ағам адам болып, арлы болып, армандауды үйретті. Арманымды алақанына салып, аялар жанның болатынын жəне оған сай арманыңа кісімси қарап күлетіндердің де болатынын ескертумен өтті. Жақын мен жатты, қас пенен досты табу – адамның ісінен. Менің көзіме əлемдегі бар адам менің досым болса деген ниетпен тірлігімді өзімше əрлеп келемін. Соңғы кезде сағыныштың тəттісінен гөрі ащысы жанымды қинап жүр. Бағдар беріп, дерттен денем əлсіреп, жігерім мұқалып, жанұшырғаным да, демер жанды, мұңымды, сырымды, шынымды елер жанды сағынып жүрмін…
Əн аға, сағыныштың тұтқыны болғым келмеген. Болдым. Білмедім… Медине Гүлгүн айтқандай болар… «Сағынарың болмаса, өмір кешкенің далбаса. Сағыныш өзі емдейді, еткенмен жүрегіңді қан жоса». Сағыныштың тəтті дəмін сезініп, өмір сүрсек қой, шіркін… Бір тілегім – жүректі жарған, Əн аға!!!!

Жиырмасыншы – жиырма бірінші хаттар

Бақытты болғың келгенде…
Бақытты болу!!! Саналы адамға мүмкін емес дейді. Адамның бəрі жартылай бақытты деген рас-ау. Бəрінің өз тағдыр жолында бір қайғысы бар. Əркімнің қайғысы – өзіне ауыр. Сол қайғыға көмілген, жүрегі езілген уақытта кез-келген жан біреуден қолдау күтеді.
Осы бүгін біздер адамдар бір-бірімізге көмек беруге қауқарлымыз ба?
Біреудің қайғысын жеңілдетуге тырысып көрдік пе?!
Жоқ. Ешкімнің ешкімде шаруасы жоқ. Былайша сырттай қарасаң солай көрінеді.
Анығында, қайғыны жеңілдету қолдан келмегенмен, ауырлата алады. Ауырлатудың сан алуан түрін біледі. Бəріміз білеміз. Қайғы – дерт болуы мүмкін. Бір қайғы – бір өмірді жоқ қылады. Соны неге түйсінбейді екенбіз? Біз қайғыны қуанышқа алмастыра аламыз. Қуаныш – бақытты ету.
Бақыт – жүректің қуанышқа бөленіп, ертеңіне үміт жалғай алуы. Мен көре алмай жүрмін.
Шынайы бақыт сыйлайтын жандарды жанымнан….
Адам өмірге біреуге бақыт сыйлау үшін келмей ме?! Осы хат жазар алдын мен өзіме сауал қойдым, Əн аға! Мен қаншалықты бақыттымын?! Қаншалықты бақытсызбын? Екі сауалды алдыма тосып, бір апта ойландым. Бақыттымын. Ел не ойласа өз еркі. Бақытымды баянды етуге, мені жігерлі етуге тырысқандармен. Мен өмірді түсінбейтін жан болармын, бəлки…. Бақытсыздық – өзге үшін бақыт тілей алмаудан басталады. Менің талай армандарыма мазақтап күлгендер көп болатын. Олар мені бақытқа лайықсыз санаған болуы керек. Кейбір адамдар өзгенің бақытсыздығынан бақыт құрауға ұста. Біреудің арманы мен сезімін жылатып, бақытты болған жер бетінде ешкім болмаған. Менің сезімдерімді ойшыншық етуге құштарлар көп, өкініштісі де сол…. Менің өлеңдерімді жеткіземін деп, жоғалтып жібергендер, қолына бердім «оқымады» – деп жалған айтқандар, ондай жағдайлар жетеді. Сезіммен ойнау – төзіммен ойнау. Мен ылғи бір арнау жазған кезімде, сол дүнием жетсе деп жүрегіме өтініш артам. Сізге айтпаған бір жай. Менің сізге жазған жырымның сізге жетуі – дастанға бергісіз бір əңгіме. Ойсыздарға арманым күлкі болған сайын, ойсыз адамдарға ренжимін. Өкпелеймін. Біреудің арманын орындап, бақытты еткеннен асқан саналы адам үшін бақыт жоқ шығар. Менің бақытым – ащы болса да, у татып тұрса да, өмір атты өлкеден дəм-тұз татуым. Бақытыма мəн үстейтін тілегім – жанымның тыныштығы мен сүйгендерімнің амандығы. Бақытсыздығым – сезімдерім мен сенімдеріме қорған бола алмауым болар. Сеніміммен кімдер ойнамады?… Əлі де көңілдегі қадірлілеріммен ойсыздар ойнай береді, ойнай да бермек. Адамдар өзгелерге бақыт тілеуді үйренуі арқылы өмірдің ғажаптығын сезінеді. «Бақыт – жалқы адаммен жасалмас» деген испан мақалын жадымызда тұтуымыз керектей көрінді. Сезіммен ойнауды қойып, сезімге қиянат жасамауды білсек қой, Əн аға!

Мейірхан1

Мейірхан Мейрамбекұлы,
«Күнделік сыры»

Пікір жазу