Басты бет » Жастар үні » «Жылдың ең жас белсендісі» атанған Құрмет Талапқазы оқуға қабылданды

«Жылдың ең жас белсендісі» атанған Құрмет Талапқазы оқуға қабылданды

Батыстағы қуаңшылықтан малы қырылған қалың қауымға тонналаған шөп жинап, ала жаздай көмек берген Құрмет Талапқазы Шымкентте «Жылдың ең жас белсендісі» атағын алды. Бұған қоса, Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың ерекше қолдауына ие болып, мемлекеттік грантқа қол жеткізді. Енді халық қамқоршысы Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік университетте білім алатын болды.
Құрмет ТАЛАПҚАЗЫ, белсенді:
– Білдей бір Білім министрлігі сондай тегін оқу ұсынып жатқанына қайта оқуға деген ынтызарым ашылып, құлшынып, талаптанып, елімнің, үкіметтің осы бір берген марапатын ақтауға тырысамын. Және осы қоғамдық жұмысты жалғастырып, саудамен сырттай айналысуға ойым бар. Сөйтіп, қайырымдылықты жалғастырамын, қоғамдық жұмыстарды да.
Айта кету керек, бұған дейін Қытайдың Алтай аймағында тұрған Құрмет Талапқазы сондағы жергілікті колледждің машина жөндеу мамандығын 3 жылда меңгеріп шыққан. 2016 жылы жалғыз өзі атамекенге оралып, Шымкенттегі жекеменшік педагогикалық университеттің біріне оқуға түседі. Бірақ екінші курсты тәмамдаған соң, денсаулығы сыр берген Құрметті білім ордасы оқудан шығарып жіберген. Ал жаздағы қуаңшылықта батыстағы ағайынның төрт түлігін жем-шөппен қамтуда күш-жігерін аямаған жас жігіт бірден елдің ықыласына бөленді. Сөйтіп, министрліктің қолдауынан соң, Шымкенттегі мемлекеттік оқу ордасы Құрметке тегін білім беруді ұсыныпты. Қандай мамандықты таңдауы да жас белсендінің өз еркінде. Білім ордасының басшылығы тек пән аралық айырмашылық сынағын тапсырса болғаны деп отыр.
СӘДІБЕК БЕЙСЕНБАЕВ, М.Әуезов атындағы ОҚУ проректоры:
– Ғылыми кеңес бір ауыздан қолдады. Өйткені бізде елге белгілі, олимпиада чемпиондарының 100 пайыздық жеңілдіктері бар. Сол мәселе бойынша Құрмет талапқа сай келді. Сондықтан ғылыми кеңес бірауыздан шешім қабылдады осындай.
«Информбюро»