Осыдан 30 жыл бұрын Сырым ауданында дүниеге келгенімді мақтан тұтамын. Себебі, дәл сол жылы еліміз өз тәуелсіздігін жария еткені белгілі. Тәуелсіздіктің құрдасы екенімді ойлағанда, көкірегімді бір әдемі сезім әлдилейді. Жұбан атамыз айтқандай, «мың өліп, мың тірілген» қазақтың қалың тарихына үңілсең, талай рет тағдыры қыл ұшында тұрғанын байқайсың. Жаның түршігеді. Тағдырдың сын тезінен аман қалғанымызға қуанасың. Біз шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеуге тиіспіз. Отыз жыл ішінде еліміз өз шекарасын бекітіп, рәміздерін асқақтатып, алпауыт елдермен қарым-қатынасын нақтылап, терезесі тең, керегесі кең ел болды. Ата-баба арманына біз жеттік.
Биылғы жылы осы ұлы мерекемізге 30 жыл толып отыр. Халқымның бақытты болуын қалаймын, сол жолда елім үшін еңбек етсем деймін. Асқақ елдің арманы биік, адастырмайтыны кәміл. Баршаңызды Тәуелсіздік құрдасы ретінде Тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бисенғалиев Қасым Мақсотұлы,
хирург,
Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы