Тілек тасын аялаған, арман жырларын саялаған, тағдырдың қатты толқындарынан қорықпаған азамат, республикалық «Шарапат» шығармашыл жастар байқауының бас жүлдегері – Топанбай Мейірханның «Алматы» арнасының «Жаңалықтар» тізгіншісі Əнуарбек Жəлелге жазған хаттарынан.
Жалғасы
Он бірінші хат
Аялы алақан
Қайран балалық… Асыр салып көгалда ойнау, дос-құрбымен қуаласпақ ойнау нəсіп болмапты маған. Төрт қабырға арасында көктем мен күзім, қыс пенен жазым өте шығыпты. Мен бақытты балалықты толық сезіне алмадым… Əйтсе де, бала жүрегімді əркез қуантып, жабыққан сəттер жұбантып отырған аялы алақан иесі – анашым.
Түркімен халқында бір əфсана бар екен. Бір ескі заманда ибалы, өзінің отбасы тыныштығын күзеткен отыздан жаңа асқан əйел болыпты. Ақпейілді сол əйел шаңырағында сəбидің үні естілер күнді жаратқаннан күн демей, түн демей тілеумен күнді – айға, айды – жылға жалғапты. Азаматының да мінезі ауырлау болса керек, қосағына суық қарай бастапты. Тілектен мұнара тұрғызар уақытта таялыпты. Жиырма жылдан астам уақыт өтіпті. Жүрекпен бір тілекті əлдилегелі жиырма жылдай уақыт сырғып өте шығыпты. Əр күні ат үстінде жүретін азаматы күн өткен сайын қасындағы жолдас-жораларының балаларын көріп, шөге бастапты. Əйелдің есімі – Гүл екен. Əр таңдағы қалыбын бұзбаған тірлігіне кірісіп, жолдасының ас-суын қамдап жүріп, жолдасының өзгемен бас қосқаны жөн деген шешімге келеді. Жанды жылататын ауыр сөздерді естуден де қажыған болса керек. Жолдасына шай үстінде, «Мен сізге лайықты жар бола алмадым. Жиырма жылға жуық күттіңіз. Менің сізге ренішім жоқ. Сіздің ұрпағыңыз болуы керек. Лайықты жар болса, мен сізді бұдан əрі бос сағым жолына сала алмаймын», – деп өз шешімін анық айтады. Жолдасы бұл кесімді шешімге ештеңе демей, үнсіз қалады. Гүл заттарын жинап, қыстақ шетіндегі күркеге көшеді. Жолдасы бірақ оның үйінен кетуіне разы болмайды. Қайтып оралуын өтінеді. Гүл қайта ол шаңыраққа бармайтынын шегелеп айтып, жолдасының үйленуін өтінумен болады. Жолдасы да əр күні Гүлдің жайын біліп тұрудан жаңылмайды. Солай жалғаса берер ме еді, кім білсін?! Гүлдің үйінен кеткенін естіген ағайындары ай өтер-өтпесте батырлығымен елді сүйсінткен батыр бауырларын қыстақтағы бір қызбен қосады. Гүлге деген сезімі сөнбесе де, кіндігін қимау үшін өзгені жар етуге бұл некеге батыр өз келісімін береді. Бірақ, үшеуіне де бұл некенің шынайы мəні аян еді. Жаңа түскен келін келген күннен бастап-ақ, Гүлді қыстақтан қууға əрекеттенеді. Гүлді жек көреді. Гүл қанша азап шексе де, қинайтынын көрсе де, өз биязы парасатты қалпын сақтап, кіші жарға жылы шыраймен қараудан танбайды. Бірер жыл өткенде батырдың шаңырағында сəби үні естіледі. Он төрт баланы Гүл түн ұйқысын төрт бөліп, асырап бағады. Балалар өз анасынан Гүлге жақын болғаны кіші жарға ұнай қоймады. Балаларын Гүлге көрсетпей қояды. Дегенмен, батырдың тұңғышы ес білер жасқа келіп қалса керек. Анасына «Менің сəбилік кезімде басымнан сыйпаған, бесікке бөлеген алақан кімнің алақаны еді? Ия. Мен – сіздің ұлыңызбын. Сіз өмір сыйладыңыз. Гүл ана ше?! Жүрегін сыйлады. Бар мехнатымызды шекті. Ана алақанының ыстығын сездірді» дегенде барып, батырдың қосағы ойланып қалады. Қателігін ұғынады. Гүлді баяғы шаңырағына қайта оралуға көндіреді. Сол жайдан бір нақыл. «Ана алақан жылуын сезбеген – мейрімді бола алмас. Ана мейрімін көрмеген адам жанын ұға алмас». Мен анамның алақан жылуына мəңгі қарыздармын, Əн аға!!! Сізбен тілдескен сəттер сіздей азаматқа өмір сыйлаған жан жайлы ой кешем. Ол кісі адамдықты терең түсінетін, парасаты мен пайымы таудан биік, жанынан ізгілік күйі ескен жан болып елес береді. Сіздің болмысыңыздағы асыл қасиеттер үшін сол кісінің аялы алақан жылуы үшін алғыс айтуға тиістімін деп білемін. Сізге өмір сыйлаған жанды мен өз анамдай жақсы көремін, құрметтеймін!!!
Он екінші хат
Өлеңмен жазылған хат.
Бағасын білмей арманның,
Адаспағаныма мың тəубе,
Өр құнын білмей өмірдің,
Өксімегеніме мың тəубе.
Көңілдің мұңын таныған,
Адамдар қымбат əуелден.
Жігерімді оттай жаныған,
Өмір сүріп келем əуенмен.
Қиналыстар қажытпады демейін,
Көңілімді ақ қағаздай қарадым.
Ертеңіме еркелікпен сенейін,
Жан серігім көк сиялы қаламым.
Əн аға, сізді ерек тұтуымның 3 себебі. Өмір жолымда жақсы мен жаман, адал мен арам, пасық пен надан жандар көп кезікті. Рухани соққыларды сəби шағымнан алдым. Тілсіз кезімде, ойыңды іште сақтап, іштен тынуды да бастан өткердім. Менің рухым сөзге шөліркейді. Бір ғана хəл сұрау. Көп қалау емес. Бірақ… Біздің хəлді кім жете түйсініп жатыр дейсіз? Бірді-екілі жан ғана. Өмірде дерттен де қиын дүние – сол. Мен алғаш рет жеті жасымда үлкен жүрек жарасын алдым. Алғаш рет таяқтың не екенін білдім. Негізі, тілсіз кезімде үш рет таяқтың дəмін таттым. Ол менің санамда һəм жүрегімде арылмас азап қалдырды. Əлі есімде. Мен аға деген адамнан сол жеті жаста көңілім қалды… Қолыма қаламды бес жасқа таялғанымда ұстадым. Денсаулығым нашарлау болған соң, нағашы апаларымның ерке жиені болдым. Солар маған өмірлік танымы кең болсын деп əліппені ерте тану үшін аянбады. Қиял көгімді кеңітті. Əкем мені өзіміздің қара шаңыраққа алып келуді апаларыма жеткізеді. Содан өз жұртын əрі өз қандасын танысын деген оймен мені əкеме қимай-қимай тапсырады. Шаңырағымыз үлкен үй болған соң, бар бүтін ағайын-туыс шаңырағымызда болды. Олар маған туғаннан жылы шырай бермеген жандар болатын. Менің мүгедектігім үшін олар намыстанатын. Негізі, мүгедектік қалауым емес, пешенем екенін ұғына алмады.
Шаңырағыма келгеніме он үш күн болған болатын. Ата-анам мен емдетудің қамын жасап, шаңырақтағы ағаларға тапсырып, күн ұзақ үй бетін көрмейтін. Мен өз үйіме келген шақта жалғыздықты сезіндім.
Олар менімен тілдесуді ешқашан ойланған емес. Ата-анамның келгенін көзім тозаңданып, жол торып күтетінмін. Олар маған бір шыны су сұрағаным үшін қол көтеретін. Үш рет су үшін таяқ жедім. Жанарымнан тоқтаусыз жас сорғалайтын. Сол таяқ жеген сəтте, құлағым естіген үннен қатты қорқып қалсам керек. Өте қиын болды. Ер адамның үнінен, сол қорқыныштан əлі арылар емеспін. Жеті жасымда ұмытқан сөзді жүрегім мен санама, сөздік қорыма қайта оралтқан – сізсіз!!! Ол – бір себеп. Келесі хатта екінші себебін жазамын. Сондықтан, сіздің орныңыз мен үшін бөлек.
Он үшінші хат
Өзектегі мұң мен қуаныш
Тəнің дерттен арылмай жатқанда, жаныңды жаралайтыны одан қиын. Мен жеген үш таяқты ұмыттым. Кешірдім. Тілсіз шағым келмеске кеткелі, əр сөзге көңіл қоя қолданамын. Кешірдім. Кешірмесем, өміріме қиын болар еді. Аға! Осы сөзге зорға үйрендім. Сіздің үніңізге ұйып, аға қадірін түсіне білдім. Жеген таяғым ұмыт болды. Естеліктерім өшті. Өртегім келген. Ауыр естеліктердің түгін қалдырмай. Адамдар балалығында сезінген ауыртпалықты ұмытуға қауқарсыз екен. Өзегімде талай жыл бір шемен жүрді. Ұмытуға тырысып бақтым. Болмады. Əлі күнге психолог есігін жағалаймын. Əлі күнге түсімнен шошып оянамын.
Олар менің тəніме ащы таяқ тигізгенін ұмытқан. Олар ол жайлы, менің естеліктен арыла алмай жүргенім ойы түгіл пікірлеріне кірмейді. Олар үшін ол түкке тұрғысыз. Құлақ түбінде, «сен ешқашан аяққа тұрмайсың, шошқа. Сені інім деуге арланам. Не қалайсың? » деген ащы дауыс əлі күнге елес боп соңымнан қалмай келеді. Аяқтан тұрмайсың, шошқа. Адам деп санамаған екен-ау мені. Менің судан босаған стакан нұсқаған əлсіз қолымды қатты ауыртқаны есте. Басымнан ұрған сəті жадымда жыл өткен сайын жыл құсындай дерттенген кезімде жаныма маза таптырмайды. Дауыстан қорқуым содан. Аға, мен қазір өзімді адам ретінде тану үшін өмір сүріп жүрмін. Дəлелдеуден аулақпын ешнəрсені.
Сіздің бойыңыздағы мен сүйетін қасиет – сабырлығыңыз. Мен сізді тегін Əн ағам деп атамадым. Сабыр суын босқа сарқымай, адал қалпыңыздан жаңылмағаныңыз үшін солай атадым. Сізге ғана толық сеніп ішімдегіні ақтарылып айта алдым. Жақынымнан да жақынсыз сондықтан. Əзірбайжан халқында, «жаныңмен сырласар жан – жақының, тірлікте сыйласар жан – бауырың» деген мақал бар. Менің басқа қосарым жоқ.
Он төртінші хат
«Алғашқы адым.
Адымдауды үйрендім, шалт қимылмен құлауды да…»
Рана Шаглар
Жүрмейтіндей көретін мені жұрт. Мен жүрем деген оймен өмір сүріп келдім. Əн аға, ғажайыпқа сенетін болған соң… Алғашқы адымды асыға күттім. Аңсап күттім.
Алғашқы адымдарым арқылы бір ғажап сезімге бөлендім. Жерді өз аяғыңмен басып жүру – адам баласының бағасыз қуанышы. Өмір сынақпен есейтті. Сынақпен санамды қалыптастырды. Аяққа тұру үшін, алғашқы адым жасау үшін бəрін бердім. Əн аға, адамдар төсекке таңылған адамға жылы сөз айтпайды. Жылы қарамайды. Сеніміне сенім қоспайды. Жай ғана қасына келеді-кетеді.
Баяғыда шығыста атақты ғалымнан бір билеуші сұрапты. «Адам арманын тірілтіп, өлтіретін не?» деп. Ғалымның жауабы: «Арман үшін ақ жүрек керек. Арманның ғұмыры – адамның ғұмыры. Арман таусылмайды. Арман – мұратқа бастайды. Мұрат – бақытқа. Ал билеушім, арман – тірлікке тірек. Оны тұсау – бақытқа тұсау. Сен біреудің арманын орындасаң, бақыт сыйлайсың. Əркез осыны есте ұстарсыз» деген екен.
Төсекте таңылған кездеріме көз салсам, жаным құлазиды. Бір қуаныш, бір мұңның арасында жүремін. Мені, адымдауға үйреткен – өмір. Сүріндірсе, сүйеніш табылар. Құлатса, қолтықтан демер біреу қасыма келер деген оймен аяққа тұрамын. Тұруым да керек.
Он бесінші хат
«Жазмыштың құлымыз
Жазмыштың құлымыз,
Жазғанына көндігеміз шарасыз.
Ай дөңгелеп, күн жылжыды жаңасыз».
Құралай Омар
Жазмышқа көндіккелі,
Жаңармады күнтізбе.
Деді достар ақ тілеулі,
Үмітіңді еш үзбе.
Ай дөңгелеп барады,
Түнге сырын ақтарып.
Менің жаным жаралы,
Санамда сағыныш сақталып.
Жатқанымен қайтемін сырды,
Жүректе жыр боп бапталып.
Оралады жадыма өткенім,
Отырам сағыныш сурет ақтарып.
Мүмкін, мүмкін, көлеңкеме ақталып.
***
«Жалғыздығым жабықтырды
Іздедім…»
Құралай Омар
Іздедім ғой, мен де талай,
Жаныма төгер деп бір жан арай.
Уақыттан ұтылдым солай,
Өмір өтті аққан судай.
Жабықтырды жалғыздығым,
Əлі міне жалғыз жүрмін.
Сенген адам сенімімнің,
Түсінбеген соң құнын.
Іздеп жүрмін үкілеп үмітті,
Тірілтпей залым күдікті.
Іздеп жүрмін таппадым,
Адамдардан ірілікті.
Адамдардан ізгілікті.
Тапқандай болдым сан рет,
Алданды талай балапан жүрек.
Таптым ақыры соңында,
Жиырма бір жыл тілеп.
***
«Сізді қайдан табамын?
Мені қайдан табасыз?»
Құралай Омар
Сізді таптым,
Сізді таптым қадірлім,
Сіз арқылы биіктеді қадірім.
Жұдырықтай жүрегімді ұғатын,
Ағам барда əлемді,
Мен сүюге əзірмін.
Ия. Мен сүйетін ақын, бас иетін ақын – Құралай Омар. Құралай ақын. Мендік əлемді нұрландырған бірегей есім. Мен тағдырымдағы қасіреттің бəрін жырдың қуатымен жеңдім, Əн аға! Расы, Құралай апамның жырларыменен. Қарыздармын. Бұл – өлең хат болды. Өлең – үмітімнің шырағы. Сондықтан бұл жолғы хат солай енді.
Мейірхан Мейрамбекұлы
«Күнделік сыры»