Тілек тасын аялаған, арман жырларын саялаған, тағдырдың қатты толқындарынан қорықпаған азамат, республикалық «Шарапат» шығармашыл жастар байқауының бас жүлдегері – Топанбай Мейірханның «Алматы»арнасының «Жаңалықтар» тізгіншісі Əнуарбек Жəлелге жазған хаттарынан.
Жалғасы.
Бесінші хат
Жан жылуы
Жан жылуын іздеуден, шаршадым, күз кеудем.
Медине Гүлгүн
Əнуарбек аға, бұл хаттардың тағдыры мен үшін белгісіз. Сізге жете ме, жоқ па?! Ол жағын білмедім.
Бірақ… Барынша мұңымды жасырмай жазып жүрмін. Бұл хаттар менің ғана мұңымды қаламмен қағаз бетіне түсіріп жатқан жоқ. Талай тағдырдың жайын жеткізуде. Жиырма бір көктемде нешеме қайғы шексем де, адамның үніндегі жылылыққа жаным құмар. Білмеймін… Жақсыны ғана көргім келеді. Жақсыны ғана естігім келеді. Онсызда дерт өз салмағын күн өткен сайын көбейтпесе, кемітетін түрі көрінбейді. Соған орай жігердің мықтылығы керек. Ол жігер – жан жылуынан қалыптасады. Жігер жайлы тау халқының көне тəмсілі бар екен. Баяғыда ел қорғаған батыр қапияда дауасыз дертке шалдығып, төсек тартып жатып қалған көрінеді. Дерттің салмағы күн өткен сайын батырды қағаздай қалжыратады. Бір күні батырдан хəлін сұрауға келген жолдастары сен мықты едің, сен күшті едің, жүректі едің деп жамырай батырдың бұлай ұзақ ауырғанын сұрап қоймапты. Сонда батыр, «күшіңді сарқып, көңіліңді пəс қып, сеніміңді жоқ қылатын ауру деген бар. Ауруды жанында жанашыры мен жан асылы бар ғана жеңеді. Жанашыр – қасыңда, жан асыл – жүректе. Əсте екеуі де ауырғанда керек. Сендер мені ұмыттыңдар. Сендерден хабар келмеді. Мен – жалғыз қалған арлан болдым. Намыс-күшімді жани алмадым. Сендер келген соң еңсем тіктелді. Адамның жан асылы – жігері бола алады», – деп жауап беріпті.
Көбіміз үшін солай. Жан жылуы жайлы тағы бір толғанармын. Жанның жылуына зəрулік – дертті жанның бəріне тəн. Соның ішінде жан асылының жылы көзқарасы мен жылуына…
Əн аға, жан жылуы – өмір құндылығы! Сол құндылықты жасаушы адамның бірі – сізсіз!!!
Алтыншы хат
Өмір шындығы
Жұбатуға дəрменсіз,
Адамдар бар сенсеңіз…
Фериде Аслан
Менің жайымды түсінген кейіпке еніп, жанымды ұққансып, мені қинайтынынан шаршадым. Ауру адамның хəлін сұраған кезде неліктен бəрі оған науқас екендігін сездіргісі келеді? Ұқпай-ақ қойдым. Əн аға, қаншама адамнан кезіктіре алмаған шынайы ұғынуды сізден көрдім. Сездім. Мен ұқпаған жəйді жазайын. Қаншама адам қоңырау шалып, хəлімді сұрайды. Кездесуге келеді. Іздеушілерімнің барына қуанамын. Шын көңілмен разымын. Алайда, жайымды сұрар жандар хəлімді сұраған соң, сырқатымның жайын тереңірек білуге құштар. Мен кейде ауруым жайлы ешкімге айтқым келмейді. Құштарлықтарын жасыра алмай, менің дертімнің себептерін іздеуі қажытып барады. Ол мүмкін тілеулестік шығар. Мен дұрыс қабылдай алмаған шығармын. Мен күтемін əр қоңыраудан өмірге деген махаббатымды жандандыратын сөздерді. Көріскен кез жан əлеміме нұр құяр көздерді!!! Өмірдің ғажаптығын жырла деген тілеулестік күтем мені іздеген іздеушімнен… Əн аға, дəл сіз секілді!!!
Бұл хатты Фериде Асланның «Күлім қаққан жүздерден, Жанға дауа табылар. Жылы жақұт сөздермен, Адам мұңнан арылар» өлеңімен қорытпақпын.
Жетінші хат
Бір ғана үміт… Мың күдік. Жан далбаса тірлік… Күрсіністер… Армандар… Əр күні қара түн түндігін түрген кез, жылы төсекке енген кез, ұйқыға енгенше тілеріміз бір-ақ тілек – қажытқан күндердің бітуі. Əр күн жаңылмайтын əдет – осы. Ертеңге үміттенумен шұғыласын төге шығыстан таң атады, он екі сағатта батысқа барып батады.
Ешқандай өзгерісі жоқ. Бағзы қалыбынан жаңылмайды. Менің де бір үмітім бар!!! Мың күдікке қарсы тұрып, санама келген ауыр ойларды жоқ қылып, үнемі жүрегіме , санама, ақылыма тура би болудан танбай келе ді. Менің үмітім – менің барым! Менің үмітім – келешеккке жеткізер серігім. Өзбектің белгілі ақыны Зүлфия айтқандай, «үмітінен баз кешпеген адам – өмірдің мəнін ұғып қана қоймай, əр сəтті бағалай біледі. Үміт – тіршіліктің мəні, бар мəселенің нүктесі». Нүкте. Қашан қойылады? Ол жағы Тəңірге ғана аян. Кейде, үмітте қалжырайды. Сол сəт мұңдар маза қашырып, жанды жылатады.
Əн аға, үміттің гүлі кеш гүлдейді дейтіні рас па?! Ол гүлдейтін кезді асыға күтіп жүрмін. Күте де беремін.
Сегізінші хат
Өмір сыры
Жарты бақыт жалқы басқа бұйырса,
Жүрекке бақыт жырлар құйылса…
Асу Керем
Өмірдің сыры – өмірді беріле сүйіп, мойынсұнып, Жаратқан бұйыртқан өмірді сүру. Өмірдің құны – қымбат. Əр сəттің мəні мен орны бөлек.
Біз үшін. Ия, біз үшін əр минуттың қадірі алтыннан қымбат. Көп замандас бізді тек өмірді терезеден ғана бақылап қана отырған бақылаушы деп біледі. Расымен, олай емес. Сан тағдырдың жайын естіп, мұңын біліп, өздері қабылдағандай терезеден бақылаушы ғана ретінде өмірдің сырын толғайын. Мен білетін үш құрдасым мені аяп, менімен көрісуден тіптен қашқақтап жүрген жайы бар. Үшеуі – айрылмас дос. Менімен көріспегенмен, мен оларды ылғи таңертең көремін. Үшеуі де таңертең бірге əртүрлі бағытқа жолға шығады. Мен əр күні бүгін үшеуі бірге оралмасын деген ойда отырамын. Кеш қарая үшеуі бірге үйлеріне оралып, үй маңындағы кафеге қарай асығып бара жатады. Мен үнсіз терезеден қарап, олардың əрекеттеріне қатты налимын. Бір жарым сағат өтер өтпес те, аяққа тұра алмай үйлеріне қарай кетіп бара жатады. Мені не деп аяп жүр олар, Əн аға?! Жүре алмайды деп пе? Жоқ. Мен жүремін. Бір күні. Менің адымымды ауру тұсап, сол себептен дұрыс жүре алмай жүрмін ғой. Ал олар өз аяқтарына мінген, суықтың өзі оңайлықпен алмайтын жігіттер. Бір бөтелке арақтың əсерінен əзер жүріп бара жатады. Олардың мені аяуы мені өмірді еріксіз сүюге мəжбүр етеді. Рухсыздық – өзің қаламаған нəрсеге көндігу. Мен олар ойлағандай мүгедек емеспін. Олардың менен қашқақтауы маған тіптен жақсы. Оймақтай ойы жоқ, жаныма нəрі жоқ адамды іздеуім күлкілі. Жаратқан, асылық айтсам кешірсін. Əсте де, санама ойып жазған сертім ойсыздарға мен өзімді дəлелдеуім керек деп білемін. Пасық аяушылыққа лайықты еместігімді, олардың əрекеттерінің маған ешбір маңызы жоқтығын. Маған жүрегімнің тыныштығы керек. Əн аға, терезе алдын еріксіз тұрақ етеміз. Терезеден өзіміз қалаған жəне қаламаған жайларды көреміз. Өмірдің бір заңы – рухты сындырмау. Рухтың сынуы – іштегі өмірге құштарлықтың тынуы. Терезеден біз секілді азды-көпті, таң мен кеште он екі мүшесі сау адамдар қараса, аяушылықтың парқын түсінер еді. Аяушылықтан бұрын аялау керек. Өз өміріңді жəне өзгелердің өмірін. Аяушылық – ауруға емес, тағдырға таңылуы керек. Бірақ… Тағдырға аяушылықтың түк керегі жоқ. Оның өз сыры мен сыны өзіне ғана аян, Əн аға!
Тоғызыншы хат
Әнші құс болғым келеді
Əнші құс болғым келеді,
Өмірге ғашықпын себебі.
Фериде Аслан
Талдан-талға қонып, өзінің сайын даласын көзбен шолатын кішкентай ғана құстың ғұмырына қызығамын. Таңданамын. Əн – өмірінің мəні. Менің де! Жанымнан екі елі айырылмаған жалғыздығымнан жалғыз нəрсе үйрендім. Ол – үнді бағалау. Көңілдің дертін ішке жасырмау. Менің жалғыздым – жүректің жалғыздығы. Оның не екенін ешбір пенде түсініп, суреттеп бере алмас. ƏН САЛҒЫМ КЕЛЕДІ!!! Өмірдің мұңын жаңылмай, жазбай əр нотасы анық көрсете алатын əн. Кейде əннің əуені – жүректің емі. Тыңдайсың. Өзің қосыласың. Мен сүйетін əндер көп. Дегенмен, ең сүйікті əндерім – «Жезкиік», «Сен гелмез олдун». Бұл екі əн – менің ғұмырымдағы əннен тапқан жақұт туындылар. Медине Гүлгүн – «Сен гелмез олдун» əн мəтінінің сөзін жазған. Құстар жайлы жырлары санамнан кетпейді. Алғаш он жасымда Медине ақынның поэзиясымен таныстым. Əр өлеңінде бір саз бардай əсер берген. Əлі солай… Өткен жолы, жырлары маған ұқсайды дейді бір жаны жылуға толы жандар. Менің сіз жайлы, əн жайлы бір туынды жазғым келіп жүр. Əсте де, кейіпкері сіз боласыз!
Оныншы хат
Аялы алақан Ана жылуын сезіну – перзент бақыты,
әже алақанының жылуын сезу – бауырластықтың мəні.
(Балқар халқының нақылы)
Мен əлі күнге анамның алақаны шашыма тиген сəттер сəби кейіппен, əлемге шаттана қараймын. Анам – асылым. Дүниедегі ең қадірлі жан. Жүрегін мен үшін талай ауыртып, талай жерде мен үшін жас төкті. Бұл дерт мені ғана емес, анамды да қатты есеңгіретті. Күндіз күлкінің мəні, түн баласы ұйқының сəні жоқ. Анам маған мықтылықты жылы үнімен, жаныма жақын жырлармен үйретті. Анама азапты аз шектірмедім. Анам мен үшін жастық шағын құрбан етті. Дүниеде ең қиыны – жастығыңды біреуге арнау. Бір жанның жолына атау. Анам маған бəрін үйретті. Бəріне баулыды. Сенімнің сөнуінен, үмітімнің өлуінен, азабынан əлі арыла алмай келе жатқан аурудың жеңуінен аман сақтап келеді. Анамды мен көп қинадым. Өте көп… Күлуге жаралған жанарын құрғатпай келемін. Ақ адал жүрегін уайымға салып, күріністеріне себепкер болып, жүрегін ауыртумен өмір кешудемін. Жылады. Жасыды. Қиналды. Сыр бермеді. Маған жылауымның ешбір жөні жоқтығын, мықты болуымды өтінумен келеді. Анам – тағдыр жолымдағы ең күшті адам.
Ана жайлы түркімен халқында бір əфсана бар екен. Оны келесі хатымды айтайын. Аялы алақан жылуы – сəби көңілді жадыратқан жылу. Мен əркез анамның жылы мейрімімен барша аналарды өз анамдай жақсы көруді үйрендім. Ана мейрімі – өзекті жанның бəріне қымбат. Сол мейір əркез болмыстың босамауына, арман жолдан адаспауыңа сеп. Бүгін мен сіздің анаңыз қақында ой кештім, Əн аға! Келесі хатта əфсана мен ойымды жазамын. Дұрысы, аялы алақан иелері қақында!!!
Мейірхан Мейрамбекұлы,
«Күнделік сыры»