Бүгін «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясының XVI сайлауалды құрылтайы өтті.
Құрылтайда «Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды бағдарламасының жобасы, жергілікті мәслихаттарға партиялық үміткерлердің тізімдерін ұсыну, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткерлердің партиялық тізімін ұсыну және партияның Орталық кеңесінің жаңа құрамын бекіту туралы мәселелер қаралды.
«Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев ЖАҢА ЖӘНЕ ӘДІЛ ҚАЗАҚСТАНҒА апаратын өзгерістер бағдарламасын ұсынды.
- ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ «АЛАШ» ҰЛТТЫҚ ИДЕЯСЫ
- ДЕМОКРАТИЯ ЖӘНЕ ПАРЛАМЕНТАРИЗМ
- СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ЖӘНЕ ОФШОРДАҒЫ ҚАРАЖАТТАРДЫ ҚАЙТАРУ
- ӘЛЕУМЕТТІК ӘДІЛЕТТІЛІК – ҚАЗАҚСТАНДА КЕДЕЙЛЕР БОЛМАУЫ КЕРЕК
- НАРЫҚТЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ
- САЛИҚАЛЫ СЫРТҚЫ САЯСАТ.
«Еліміздің Тәуелсіздігі мен ұлттық мүдделер – мемлекеттің негізгі басымдықтары. XX ғасырдағы «Алаш» ұлттық автономиясының көшбасшысы Әлихан Бөкейхан: «Мемлекеті жоқ халық – жетім» деді.
Тәуелсіздік – ол біздің еліміз, жеріміз, тіліміз бен діліміз. Тәуелсіздік – біздің өз жолымызды өзіміз таңдау мүмкіндігіміз, келешек ұрпақтың болашағы үшін біздің жауапкершілігіміз. Тәуелсіздік пен еліміздің тұтастығы, әрбір адамның өмірі, құқығы жәнебостандығымен қатар тұратын басты құндылық.
Тәуелсіздік бастауында – қазақ халқының еркіндігі мен елдігінің тарихи мұраты ретіндегі «Алаш» ұлттық идеясы жатыр. Қазақ еліне Алаштан артық идея жоқ.
«Ақ жол» демократиялық партиясы мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуды қолдайды. Қазақ тілін экономикамен қаржы саласына, мемлекеттік басқару мен шетелдік инвесторлардың жұмысына мемлекеттік деңгейге сай енгізуіміз керек, — дей келе Азат Тұрлыбекұлы, — Биыл «Алаш» автономиясынан бастау алатын және қазіргі Қазақстанныңнегізін қалаған Қазақ республикасына 100 жыл толды.
Өткен жылы «Ақ жол» демократиялық партиясы үкіметке бұл тарихи датаны ресми атап өтуді және «Қазақстан» атымен қатар, тоталитарлық кеңес билігінің өзі мойындаған «Қазақ Республикасы» атауын қолдану туралы мәселені көтерді. Бұл бастаманы Ш. Уәлиханов атындағы тарих институты да қолдады, бірақ біздің шенеуніктер үнсіз қалды. Сонда да біз тарихи бірегейлігімізді білдіретін Қазақ Республикасы мемлекеттік атауын қайтаруды жөн деп санаймыз, — деген пікірін білдірді.
Жер мәселесі туралы да: «Қазақстанмен көршілес жатқан мемлекеттердің азаматтары мен компанияларына жерді сатуға және жалға беруге тыйым салуды талап етеміз», — деп атап өтті партия төрағасы.
Сондай-ақ, қандастырымызды тарихи отанына қайтару, елге оралған бауырларымыз бен қарындастарымызды баспанамен, жұмыспен қамтамасыз ету және көмек көрсету, олардың Қазақстан Республикасының толыққанды азаматтары ретінде тезірек бейімделіп кетуіне жағдай туғызу мәселелері партия бағдарламасынан тыс қалған жоқ.
— Біздің осы және көптеген басқа да ұсыныстарымыз «Алаш» қайраткерлерінің ұстанымдарынан туындайды және бүгінгі жағдайда қолдануға лайықты деп санаймыз, — деді Азат Перуаев.
Осы өткір де өзекті тақырыптарды назарға алған сайлауалды бағдарлама жобасы партия мүшелерімен талқыланды.
Жарыссөзде бірінші болып, ақын, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі Қазыбек Иса сөйледі. Ол «Ақ жол» партиясы еліміздегі барлық партиялардың ішінде Ұлттық мүддені қорғау ұстанымымен ерекшеленетініне айрықша тоқталды. Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау партия бағдарламасында басты мәселелердің бірі болып тұрғанын айтты.
Одан соң партияның Шымкент қалалық филиалы төрағасы, отставкадағы полковник, кәсіпкер Әлімхан Әбжанов туризмді дамыту мен әкімдер мен соттарды сайлау мәселесін, партия төрағасы орынбасары, «СейМАЗ» АҚ құрылтайшысы Дмитрий Васильев кәсіпкерліктің дамуы жайлы сөйледі.
Партияның Маңғыстау облыстық филиалы төрағасы Жаңбырбай Матаев Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керектігін және діл мен дін мәселелерін атап өтті.
Партия мүшесі Бөріхан Нұрмұхаммедов бюрократияның елдің еңсесін езіп отырғанын айтты.
Белгілі алаштанушы, ғалым Сұлтан Хан Жүсіпұлы мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау, 1931-33 жылғы Ашаршылықты геноцид деп тану, Алашорда бағдарламасын басты бағыт ету туралы сөйледі.
Жамбыл облыстық филиал төрағасы Асан Қошмәмбетов, Ақмола облыстық филиал төрағасы Борис Мельников, кәсіпкерлер Рамазан Жанпейісов, Алмас Бадашев, Әлия Рақышева өз ұсыныстарын білдірді.
«Ақ жол» партиясы Жастар қанатының жетекшісі Ғазиза Тәжібаева жастардың Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдануын және әлеуметтік әділеттілік пен әділ сайлауды талап ететінін мәлімдеді.
«Ақ жол» партиясы сайлауалды бағдарламасын редакциялау үшін редакциялық кеңес құрылды.
«Ақ жол» партиясы төрағасы орынбасары, Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов мәслихат депутаттығына кандидаттар туралы есеп берді.
«Ақ жол» партиясы Алматы облыстық филиал төрайымы Мейраш Шынасылова 38 адамнан тұратын Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттар тізімін жариялады.
Жиын соңында «Ақ жол» партиясы Орталық Кеңесі құрамын бекітілді.
Өз тілшіміз
Суреттер әлеуметтік желіден алынды