Рухани жаңғыру – әуелі өзін-өзі тәрбиелеуден бастау алады. Тәрбие демекші, осы жаңғыру тақырыбы аясында қоғамда ең өзекті мәселелердің бірі болып отырған – ғаламтор желісіне уақыттың көп мөлшерінің кетуі.
Шынында да, ХХІ ғасыр әлеуметтің желінің торына еріксіз байланған жастардың заманы. Әр жыл сайын әлеуметтік желілер саны артқан сайын күнделікті өміріміздің жартысы ұялы телефон бетіне телмірумен зая кетуде. Еңбектеген баладан ақсақалды қарияға дейінгілер көбінесе танымал тұлғаларды, соңғы жаңалықтарды, қызықты кейде масқара видеолар мен суреттерді көру үшін кіреді. Мұның соңы неге әкеліп соғады деп ойлайсыз?
Әрине, біріншіден, танымал жұлдыздарға қарап, жастардың қызығушылығы артып, қайталау мақсатында «атың шықпаса жер өрте» демекші, ессіз қылықтарға барып жатады. Мысалға келтіретін болсақ, әйел кейпіндегі еркектер, ашық-шашық киіну, өмірге аса қауіпті жаттығулар және т.б. Екіншіден, Instagram секілді парақшада жас ерекшелігі көрсетілмегендіктен, біреуді ұрып, төпелеп жатқан, жартылай жалаңаш киінген қыздардың суреттері енді ғана жетіліп келе жатқан жас буынның психикасына тікелей шабуыл жасап, қатігездікке апарып жатады. Сондай-ақ, әлеуметтік желіні дұрыс мақсатта қолданып, желі арқылы қайырымдылық іс жасап, қоғамды дұрыс жолға насихаттап жүрген азаматтарымызды да жоққа шығармаймыз.
Енді, әлеуметтік желіге сіз кірмей тұрып, қандай мақсатпен кіріп жатқаныңызды бір сәтке ойланыңыз! Қазіргі жаһандану кезеңінде заман талабына сай қозғаламыз деп БАҚ-тың бір құралы – ғаламторға тәуелді болдық деуге әбден болады. Үлкені де жасы да әлеуметтік желі арқылы қажет ақпаратты да, сананы улайтын қажет емес ақпаратты да алып, қоғамда болып жатқан жаңалықтардан тыс қалып керісінше ұлтымыздың дамуына кедергі келтіретін жағдайларды саналарына тоқып жатыр.
Ал Елбасы өз мақаласында қоғамдық сананы жаңғыртудың негізгі факторы деп халықтың сана-сезімін оятып, уақыттарын тиімді нәрселерге жұмсауды айтады. Мысалы, әлеуметтік желіге жұмсаған уақытымызды ағылшын тілін үйренуге неге жұмсамасқа? Өзге ұлттар шетел тілін еріккеннен үйреніп жатқан жоқ, яғни жаңару әлемін еркін кірудің басты мүддесі. Уақытты тиімді пайдаланбау сияқты күнделікті дағдыларды өзгертпейінше біз толыққанды жаңаруымыз мүмкін емес деп ойлаймын.
Тағы бір айтылатын маңызды мәселе бүгінгі заман – ақпараттық технология заманы. Өйткені, қарулы соғыстан гөрі ақпараттық майданның маңызы жоғары болып тұр. Қазір әлемнің кез келген қиырындағы жаңалықтар, оқыс оқиғалар сол мезетте бүкіл жер-жаһанға тарап үлгереді. Мен осы ақпарат нарығында ұлттық журналистиканың туын биік ұстап, туған елімнің ақпараттық кеңістігін өзге елдердегі ақпараттық құралдардың қарапайым халықты теріс жолға бағыттаушы идеологиялық үгіт-насихатынан қорғап қалуға, жаһандану заманында өз ұлттық бояуы мен даму үрдісін қалыптастыруға атсалысқым келеді.
Соған бір қадам болса да үлес қоса алсам, мен мамандығыма деген адалдығымды дәлелдер едім. Менің журналистиканы таңдаудағы басты мақсатым – осы.
Роллан Граменский,
Еуразия университетінің студенті
Сурет ғаламтордан алынды