Басты бет » Тіршілік ырғағы »        «Бір кем дүние»

       «Бір кем дүние»

 Он сегіз мың ғаламды тылсым, құпияларға толы етіп жаратқан Жаратушының қасиеті шексіз. Осынау құпияға толы табиғатты, толыққанды зерттеп, зерделеп, бірі кітап қылып, екіншісі көркем шығармаға айналдырып жарыққа шығаруда. Табиғи құбылыспен, құпияға метафоралық теңеулерге, астарға, тартысқа толы шығармалардың бірі – жазушы Шерхан Мұртазаның «Текебұрқақ» әңгімесі. Режиссер Болат Ұзақов 2012 жылдың тамыз айында аталмыш әңгімеге өзі инсцинировка жасаған. Он алты беттен тұратын аса көлемді болмаса да, айтары көп, сахнаға лайықты жақсы дүние жасалған.

спектакль

Спектакль сахнадағы қасқырлардың қозғалысымен басталады. Гуілдеген музыка, ырылдаған дауыстар. Қасқырлардың, қимылдарынан-ақ олардың аш екендерін аңғару қиын емес. Бұл жерде баса назар аударып, айта кететін жайт: актерлардің костюмі мен грим жақсы үйлесім тапқан. Отырған көпшілікке де құдды бір орманда бөрілерге кез болғандай атмосфера сыйлайды. Нәпілдің келуімен қойылым байланыса түседі. Аш бөлтіріктер екі аяқтыны көрісімен орталарына алып айнала бастаған сәтте жарық пен музыканың үндестік тауып, сәтті көрініс көрсетіп, көрерменді өзгеше әсерге қалдырғаны анық. Байқаған адамға осы көріністің де өзіндік мән-мағынасы бар. Абадан жоғарыға қарап, өзінің арлан екендігін бірден аңғартып, қасқырға тән тектілікті көрсетсе, бөлтіріктер керісінше ши бөрінің әрекетін жасап, дәрменсіздік танытады. Режиссер заман шындығы қазіргі өскелең ұрпақтың ұсақталып бара жатқанын кермет метафорамен жеткізе білген.

Келесі сахнадағы Абадан бейнесіндегі Қуандық Қыстықбаевтың дауысын қырылдатып, ерекше костюмде, ерекше гримде тұрып, бұйыра және өңменнен өткізе сөйлеуі арқылы актердің кейіпкерін бейнелеудегі толыққанды ізденісін байқаймыз. Бұрынғының билері немесе батырлары еске түседі. Бұл кейіпкер метафора ретінде алынғандай. Қандай жағдай болмасын, қиыншылық болмасын өз биігінен таймайтын сабырлы арландық алғыр мінезі бар. Қуандық Қыстықбаевтың Абаданы – ол ең алып арлан және өз үйіріне әмірін жүргізетін бастаушысы. Қойылымда арланның бөлтіріктері, көз алдында ши бөріге тән әрекеттер жасап, соларға айналғанын байқадық. Қазіргі қоғамда болып жатқан тасбауырлық, арсыздық, сатқындық, еркектік мінездер жоғалып, қатын тектестер қаһарын көрсетіп жүргендер көз алдымызға көлбеңдеп тұрып алғандай әсерде қаламыз. Режиссердің да айтқысы келген ойы осы. Болат Ұзақов әртістерге дұрыс бағыт-бағдар бере білген. Режиссердің талапшыл болғаны немесе әртістермен қаншалықты тіл табысып, өз ойын анық жеткізе білгені қойылымды тамашалау барысында байқалады. Осы орайда, режиссер Болаттың талап қоя білгені көңіл көншітеді.

2

Нәпіл – қарапайым орманның арасын, көлдің жағасын, таудың баурайын мекендеген қарапайым қойшы. Жасы 30-35 шамасында. Қаншалықты қарапайым болса да, жерге, елге деген махаббаты теңдесіз биік. Бойынан жан тазалығы, кішіпейілділік пен махаббат еркекке тән өжеттілік те табылады. Нәпілді тауда жүрген сауатсыз, қараңғылардың қатарына қосуға ешкімнің дәті бармайды. Әйелі 8 жыл бойы бала көтермеді, оның үстіне мылқау, бірақ ол жаратқаннан үмітін үзбей, қариялардың батасын алып, әр күнін тілеумен, әр таңын жаратқаннан сұраумен атырды. Жерін емденіп, сатып аламын деп келген бизнесменге қалай қаһарын көрсетті десеңізші?! Міне, оның бойындағы қасиет – кезіндегі ата-бабамыздың мінезі, мызғымас тазалығы. Бұндай кейіпкерден қарап ғибрат алмау мүмкін емес. Айналасын қоршаған төртаяқтылардың арасында Нәпіл образын кейіптеп жүрген Ержан Нұрымбеттің өзін психологиялық мықты дайындап рольді бойынан, санасынан өткізгендігін аңғардық. Атақты актриса Сәбира Майқанова: «Ішпен көріп, ішпен сезбеген адамды талант деп тану не байбыл» дегені осындайда ойға оралады.

Сазсырнай ойнап, тау жақтағы Құртқа қасқырдың дауысына тыңдап балқып, адаммен табиғаттың арасындағы тылсым байланысты сезініп тұрғандай кейіппен келесі сахнаға әйелі Шынар шығады. Бұл сәт – спектакльдің өрбуі. Байқұс мылқау әйелдің жан тазалығы бітімінен, болмысынан-ақ, айдан анық аңғарылады. Нәпілдің Шынарға жаны аши қарағаны, құшарлана құшақтаған тұстарда екеуінің арасындағы махаббат алауы көрермендерге де жылу сыйлайды. Шынар бейнесіндегі талантты актриса Айман Қарыпсейітованы да режиссер талғаммен таңдаған. Бір-бірін партнер ретінде сезініп, автормен режиссердің ойын халыққа көркемдей жеткізе білу үшін әлбетте сахнада ансамбль болуы керек. Бір-біріне жан дүниесі, болмысы жақын әртістерді Б. Ұзақов ұтымды таңдаған.

Сахнаға Жалғас пен Қиястың шығуы қойылымның шиеленісе түскенін аңғартады. Қиястың атқосшысы болып жүрген Жалғасқа қарап жиренеміз. Ондай адамдар қазір де індетке айналған. Ақша мен мансап үшін басын бәйгеге тігу былай тұрсын, аяқкиімін тазалап, жастықша жастанудан тайсалмайды. Ол да қоғамымыздың дерті, асқынып бара жатқан ауыруы.

Ал, Қияс – өзін ғана ойлайтын, қалтасында ақшасы болған соң бүкіл әлем өзінің табанының астында жатыр деп топшылайтын бай кәсіпкер. «Еліне қарап, ерін бағала» деген аталы сөзден аттап, өз елінің жерін бас пайдасы үшін сатып алып, өзгелерді қан қақсатып, зарлатып қуып жіберуден бас тартпайтын тасбауыр. Бәрі өзіне ғана бағынышты болса, бәрі өзінікі болса деп тілейтін өзімшіл. Ал бұрынғы бай, болыстар мешіт салдырып, мектеп ашып, жетімдерге ас беріп, бір өзі бір ауылды бақпайтын ба еді?! бұл жерде біз бұрыңғының байы мен қазіргі ішіп-толған байдың айырмашылығын байқаймыз.

Қиястың осындай барлық орманды аңымен, адамымен сатып алуы, барлығының ызасын туғызды. Табиғат заңына бағынбай, пендешілікке барып, пасықтық әрекет жасап, арзандау «Адам» деген атты жамылып жүруге лайықсыз әрекетке бару, мысалы Шынарды зорламақ болған ниеті жоғарыда айтылған ашуды үдейте түскені ақиқат. Жәнібек Мусаев өзіне жүктелген міндетті ақтап шығып, халықты сендіре білді.

3

Қазыналы қарт молда сахнаға шыққанда айналасын нұрландырып жіберегендей. Аузынан Алласы түспей, дұғасын оқып, екі жасқа берген батасынан, қарттар осындай болса керек деп ой түйдік. Қазіргінің аталарының кейбірінің аталы сөзді ұмытып, иманы сарқылған, шарап ішіп, қыз-келіншекпен әзілдесіп, дуалы сөзден диуаналық іске бой алдырғанын көзіміз көріп жүр. Міне, осындай кей дүниелерден салыстырмалы түрде ой түйіп отырдық.

Арландар мен ши бөрілер айқасы – ауызбіршілігі жоқ ортаны меңзеп тұр. Ши бөрі бола тұра, орнын білмей, Арланға азуын көрсетіп ырылдауы, үлкенге деген құрметтің азайып, ал олардың жеңіске жеткені заман сол шибөрілердің қолына өткенін ашып айтып тұрғандай.

Спектакльдің шарықтау шегінде жан-жануарлар мен адамдар қасиетті көлге жиналады. Нәпіл суға шомылады, сөйтіп, судың қасиеттілігінен Шынар тілге келіп, сөйлеп кететін сахнасы ерекше әсерлі.

Бөрілер арасында болып жатқан байбалаң, тауешкілер арасында да үдей түскендей. Сахнаға билеп шыққан текелер тобы бір тартпады әрі күлкілі болғаны рас, кейін келе өзара жекпе-жек болған сәттерде өмір үшін күрес тағы басталды. Бұл да – қоғам келбеті, заман шындығы.

Сарқыраманың басына барлық дерлік қатысушылар жиналады. Шексіз бақыттан бастары айналып жүрген Нәпіл мен Шынардың қуанышы су сепкендей басылды. Текебұрқақтың уақытын күткен төртаяқтылар мен екіаяқтылар осы жерде шарпысуды бастады. Табиғаттың тазалықшылары көкбөрінің қасиеті тұрмақ, ана қадірінен садаға кеткен Қияс пен Жалғас екі жақтан тауешкілермен қасқырларды, қойша қырып, сұлатып салды. Бәрінен де Абаданның оққа ұшқаны аяныш тудырды. Сол сәтте атылған оқ түркі тектес халықтардың, көкбөрімен байланысын біржола үзгендей болды. Нәпіл қанша ара түспекке бекінгенмен, төртаяқтылардан бетер мақұлықтар дес бермеді, табиғат байлығын, орман сәнін, тіршілік иелерін жайратып салды. Спектакльдің соңы Абаданның монологымен аяқталады.

Спектакльде композитор Еділ Құсайыновтың еңбегі елеулі. Дала сазы ойналғанда, бауыр етің езіліп, ерекше әсерленесің. Басқа да шығармашылық топтар: грим, костюмерлер, реквизиттерге жауап беретіндер, актерлер, музыканттар, режиссер, т.б. шығармашылық топ ұжыммен керемет жұмыс атқарғаны аңғарылып тұр.

Сахна суретшісі Манарбек Қарымсақов осы қойылымға дайындықпен жеңін түре кіріскені аңғарылады. Прожектор арқылы сахнада, сарқырама пайда болғанда, оның еңбегі айқындала түскендей. Ал артқы фонда бейнеленген таутекелер мен мүйіздер айға қарап ұлып тұрған қасқыр сұлбасы, костюмдермен үйлесіп өзге өмір, өзге заманды нұсқап тұрғандай. Мұның бәрі көрерменді әр қилы қызықтырғанына шүбәміз жоқ.

Әрине, әттеген-айсыз әңгіме болмайды. Көпшілік сахнада жүрген кейбір актерлер босқа, әншейін жүргені байқалады. Сахнаға, образға бейімделіп қойылған билердің ритмін сақтай алмай, ерте немесе кеш қозғалып жатқандар да жоқ емес. Нәпіл рөліндегі Ержан Нұрымбет, қаншалықты жақсы ойнаса да, оның қолы шолақ. Оны ұмытпауы керек еді. Көп жерлерде ұмыт қалдырып жатты. Қаншалықты елеусіз деталь болса да көзге бірден ұрып тұрды.

Бұл қойылымда балетмейстер Салтанат Жолымбаеваның еңбегін атамай кетпеске болмас. Жалпы қойылымның форматы да қозғалысқа, биге икемделген. Қойылым басынан аяғына дейін биден, сахна қозғалысынан тұрады. Жалпылама қойылымға режиссерден балетмейстердің ықпалы көп болғандай. Бөрілер мен тау текелерге әр сахнаға, әр қилы қозғалыстар қойып ұтымды шешімдер таба білу мен қоса алдындағы әртістерді өзі ойындағы қимылдарға бейімдей білу балетмейстердің тәжірибесімен өлшенеді.

Ал режиссураға келсек, идея, ой, стиль, режиссерлық тәсіл бәрі дерлік жақсы сақталған. Дегенмен де, көріністер ауысқан реквизиттерді сахна қараңғыланған кезінде ауыстырса жөн болар еді. Сахнада актерлер ойнап жатқанда, ар жағында реквизиттердің ауысып жатуы біріншіден актерлердің образға енуіне әсер етсе, екіншіден көрермен назарын басқа жаққа аударып жіберіп жатты.

Аса көлемді болмаса да, шығарманың айтар ойы көп. Философиялық күрделі мәселелерден де кенде емес. Негізгі айтары идеясы – тектілік. Заманауи өзектігі бар мәселелер көтерілді. Ал спектакль жанры – драма. Бастысы туынды жанрына лайық, тақырып ашылған. Қуаныш пен қайғы, алмасып жүретін заманда, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ тек бақытты, бай, қуатты болып өтуің мүмкін емес. Әркімнің өзіне лайық қайғы-мұңы, өзі көтере алатын қуанышы бар.

Сөзінің жаны бар, батыр болсаң, панаң болмайды, панаң болса, анаң болмайды, бірді бар бірді жоқ қылып тұратын, бес күндік жалған өмірде өзімізге сай адам деген атқа лайық болайық.

Бәрі бар заманда, қоғам не болып барады? Бір кем дүние десеңші…

Хаким Хасамбай,

Қазақ Ұлттық Өнер университетінің

4-курс студенті

 

Суреттер: https://bnews.kz

Пікір жазу