Ұлттық музейде Ұлыстың ұлы күніне орай «Наурыз – жаңару мен бірліктің мерекесі» атты кең ауқымды мәдени іс-шара өтті.
Музей директоры Берік Әбдіғалиұлы музей қабырғасында Наурыз мерекесін атап өту тек дәстүрлі мерекелік шара ғана емес, ұлт мұрасын ұлықтау мен мәдени сабақтастықты нығайтудың маңызды көрінісі екендігін атап өтті.
«Ұйымдастырылып отырған кешенді іс-шара ұлттық салт-дәстүрлерімізді, қолөнерімізді, халықтық ойын мәдениетін және дәстүрлі музыкалық өнерімізді бір арнада тоғыстыра отырып, музей кеңістігінде мазмұнды да тағылымды рухани орта қалыптастыруды мақсат етіп, халқымыздың бай мәдени мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған», – деді.
Ұлттық музейдің жыл сайынғы игі дәстүріне сәйкес, іс-шара аясында «Тұсау кесер» рәсімі ұйымдастырылып, Астана қаласы әкімдігінің мамандандырылған балалар үйінен 5 бүлдіршіннің тұсауы кесілді. Рәсімге Қырғызстан, Бельгия, Румыния, Германия, Өзбекстан, Индонезия, Түрікменстан және Әзербайжан елшілігінің өеілдері, сондай-ақ Түрік Ынтымақтастық және Үйлестіру Агенттігінің өкілдері қатысты. Іс-шараның құрметті меймандары қатарында Словакия, Франция, Ватикан, Украина, Солтүстік Македония, Сербия елшіліктері мен Үнді мәдени орталығының өкілдері болды.
Сонымен қатар музейдің консервация және реставрация қызметінің мамандары қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесін ұйымдастырып, келушілерге ұлттық шеберліктің үздік үлгілерін ұсынды.
Ал елорда мектеп оқушылары арасында тоғызқұмалақ, бестемше, манкала, бес табан, бес асық сынды ұлттық ойындар бойынша қалалық турнир өтіп, жас буынның дәстүрлі ойындарға деген қызығушылығын арттырды.
Сахна төрінде Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық драма театрының Халық аспаптар ансамблі, Қазақ ұлттық хореография академиясы мен «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының әртістері өнер көрсетіп, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.
Мерелік іс-шара жыршы, термеші, халықаралық байқаулардың лауреаты Әлихан Дүйсенбайдың «Көктеммен келген күмбір үн» атты шығармашылық кешіне ұласып, ұлттық өнердің терең тамыры мен әуезді дәстүрін кеңінен насихаттаған мазмұнды концерттік бағдарламаға жалғасты.
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің баспасөз қызметі
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы



