Биыл – ақын, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Жұбан Молдағалиевтың туғанына 105 жыл. Осыған орай 26-27 қыркүйек күндері тау тұлғаны түлеткен топырақ – Ақжайық ауданында мерейтойлық іс-шаралар өткізіледі. Жұбан елінің өкілдері Алатау бөктерінде болып, ақын рухына тағзым етті.

Белгілі ақын-жазушылар Жұбан ақын туралы естеліктерімен бөлісті. Алматыға арнайы келген Ақжайық өңіріне танымал журналист Біржан Амангелдіұлы жинақтаған сыр-естеліктерді оқырмандар назарына ұсынамыз.
«Жұбан аға Колбинның алдында қасқайып тұрып сөйледі. Қаршадай ұл-қыздарды қалай қорғағанына куә болдық. Сол жиыннан соң жоғарыдағылар да қазаққа ойына келгенін жасауға болмайтынын ұққаны анық. Жұбанды ұмыту – ұлттық рухты өлтіру. Рух қалғымасын!»
Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ,
Қазақстанның халық жазушысы
****
«Жұбан көкеден бағыт-бағдар алған көп жастың бірі мен едім. 1980 жылы оның тікелей қолдауымен Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы жоғары әдеби курсты тәмамдадым. Сөзі де, өзі де ірі азамат менің жадымда мәңгіліктің адамы ретінде жатталды»
Иранбек ОРАЗБАЕВ,
ақын, драматург
****
«Жұбан Молдағалиев одаққа төрағалық еткен жылдары жазушылардың аймақтарды аралап, бұрын-соңды болмаған өңірдегі оқырмандарымен кездесулерін ұйымдастыруға ұйытқы болды. Таланттарды танып, қанатын қатайтты. Оның қолдауын көрген кешегі жастар бүгінде өздері де қабырғалы қаламгерлерге айналды»
Мереке ҚҰЛКЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы
****
«Жұбан Молдағалиевпен сырлас, дәмдес болғаным жоқ, бірақ шапағатын көре қалдым. Өсек-аяңмен ісі жоқ, турасын айтып, кесек сөйлейтін кісі еді. Ұмытуға болмайтын ұлы адам»
Молдахмет ҚАНАЗ,
жазушы