Бүгінде әлеуметтік желілерде пранк жасау үлкен трендке айналып барады. Оны тек жастар емес, үлкендер де түсіруді әдетке айналдырған. Бірі жай әзіл ретінде түсірсе, енді бірі адам өміріне қауіп төндіретін қорқынышты дүниелер де жасап жүр.
Сонымен, пранк дегеніміз не? Пранк – әлеуметтік желілерде кеңінен таралып танымалдылыққа ие болған трендтің бірі. Жалпы, пранк деген ұғым елімізде соңғы жылдары ғана пайда болды деуге болады. Себебі осы кезге дейін мұндай сөзді естіген жоқпыз. Ал қазір бұл сөзді білмейтін адам жоқ шығар. Бұл – шетелден келіп жатырған дүниелердің бірден-бірі.
Сурет: kazgazeta.kz
Елімізде пранкті көбінесе де блогер мен жұлдыздар және жастар қауымы жиі жасайды. Мәселен, олар «досыма пранк», «құрбыма пранк», «анама пранк», «жігітіме пранк», «күйеуіме пранк», «енеме пранк» т.б. көптеген атаулармен түсіріп желіге салады. Бірі ұялы телефон арқылы қоңырау шалып пранк жасаса, енді бірі жасаған пранкті видеоға түсіреді. Осылайша, пранк жасаушы адам өзге адамның эмоциясын алған әсерін көргісі келеді. Пранктің көптеген түрі бар. Бірі қуанту мақсатында жасалса, енді бірі қалжыңдау, қорқыту үшін ойластырады. Пранктің ең сорақысы, «қорқыту» үшін жасалынатын түрі. Мысалы, жақында ғана тұрғын үй ішіндегі жеделсатыда жасөспірім бала тұрған кезде бәзбіреулер келіп жанына қайтыс болған адамның табытын тастап кетіп пранк жасады. Санаулы минуттардың ішінде жеделсаты да қалған жігіт түрлі эмоцияларды бастан өткізіп жүзінде үрей пайда болды.
Мұндай пранктің кейіпкері болған адам жүрек талмасына ұшырап, қатты қорқып біразға дейін сол сезімнен шыға алмай, денсаулығына нұқсан келіп, одан қалса қайғылы жағдай орын алуы да әбден мүмкін. Мұндай жағдай болмағанның өзінде пранк жасаушы жақын адамың болса көңілін қалдырып, қатты ашуландырып алуыңыз мүмкін. Ал жиі түсірілетін жеңіл пранк – бұл қалжыңдау мақсатында жасалатын түрі. Яғни, күлкілі бір әзіл ұйымдастырып жақсы көтеріңкі көңіл күй үшін ойластырылады.
Шариғатымыздың өзінде адамдар бір-бірін қорқытуға, бейәдеп әзіл-қалжыңдасып, шамадан тыс орынсыз күлуге рұқсат етілмеген. Көптеген адамдар пранк жасап арқылы біреуді күлкі ету, келеке қылу, қорқыту секілді жағдайларды істегенде оларға әкімшілік жаза қолданылатынын біле бермейді. Бірақ пранк жасаушыға және жалған ақпарат таратушыларға қатысты қатаң шаралар қолданылуы мүмкін. Дей тұрғанмен, елімізде арнайы пранк жасаушылар үшін қандай да бір жаза қарастырылмаған. Тек пранк жасау барысында құқық бұзылатындай іс-әрекеттер байқалса, жауапкершілікке тартылады.
«Пранк» тақырыбына қатысты мектеп мұғалімі мен психологтан және оқушылар мен студенттерден пранкке көқарасы жайында сұрап-білуді жөн көрдік.
Балжан АМАНЖОЛОВА, ағылшын тілі пәні мұғалімі:
– Мұғалім ретінде жеке пікірімді білдірер болсам, «пранк» деп танылған, қысқа ойынның түрі қазіргі таңда қауіпті болып отыр. Әлеуметтік желілерге таралған бұл «тренд» мыс. Оны танымал болу үшін де түсіретіндер бар. Ал танымайтын адамға кенеттен пранк жасау, оның жүрегіне, стрестік жағдайға түсуіне әсер етуі мүмкін емес пе?!
Түрлі желіге таралған бейнежазбаларды оқушыларда қайталап жүр, олар үшін бұл қызық. Мұғалім ретінде түсіндіру біздің міндетіміз, дегенмен пранктарды азайтсақ буллингтің де алдын алуға болады деп ойлаймын.
Ал пранктың алдын алу жайында айтатын болсам, желілерге салынып жатырған пранктарға шектеу қою жалғыз шешімі секілді. Жалпы, бұл жақсы қаралым жинаудың жолы ғой. Ал бала көргенін істейді.
Ақмейір ЖОМАРТ, оқушы:
– Мен өз басым «пранк» дегенді ұнатпаймын. Себебі пранкті қолдайтыны бар, қолдамайтыны бар. Біреулер күлкілі пранк жасап адамдарды қуантып жатса, ал кейбіреулері керісінше адамдарды жылатып, шошытып жатады. Осындай әзіл-қалжың адамның денсаулығына кері әсерін тигізеді деп ойлаймын.
Айгерім МҰХАММЕДАЛИҚЫЗЫ, студент:
– Иә, расында, қазір әлеуметтік желінің қайсыбірін ашсаң да алдыңнан бір-біріне пранк жасап жатырған адамдар шығады. Өзіме ешқашан пранк жасамаған, өзім де ешкімге пранк жасап көрмеппін. Білмедім, бұл мен үшін қызық емес. Енді әзілің жарасса дос-жараның болса, өз орнымен жеңіл әзілге ұласқан пранкті жасауға болатын шығар. Десе де, өзім мұндай дүниелерді құптай қоймаймын. Ал желіде көп қаралым жинап, танымал болған қорқынышты пранк жасап жатырған адамдарды да көріп жүрміз. Шынымен, мұндай пранк адам денсаулығына өте жаман деп ойлаймын. Жүрегі әлсіз адам болса, мұндай пранкке шыдай алмайды. Сондықтан да жасы үлкен кісі болсын, жасы кішісі болсын мұндай пранкті жасамағаны дұрыс.
Гүлфия АБАЕВНА, балалар психологі:
– Негізінде, бізге пранк Европа елдерінен келді. Қазіргі таңда әлеуметтік желілер жақсы дамып жатырғандықтан, мұндай заттар тез таралып белсенділігі артады. Және де оның барлығын сәнді тренд ретінде біздің блогерлер мен жасөспірімдер, кішкентай балалар, мектеп оқушылары да пранкті жиі жасайды. Пранктің бірнеше түрі болады. Кейбіреулері көңіл көтеру мақсатында, енді біреулері қорқытып адамды үрлейлендіру мақсатында, енді бірі қуанту мақсатында жасап жүр. Негізінде, бұл нәрсені психолог ретінде өзім құптай қоймаймын. Өйткені пранк жасайтын адам ол ойына келгенін жасай береді. Бірақ пранкке түсіп жатырған адам түрлі сезімдерді бастан кешіреді, ал оның психикасы мен денсаулығын ешкім ескеріп, ойлап жатырған жоқ. Қазір балалар психологі ретінде балалардың тарапынан айтатын болсам, мектепте түрлі-түрлі темпераменті балалар мен сезімталдығы өте жоғары балалар бар. Ал социалды бейімделумен проблемасы бар балалар мұндай жағдайға ұшырағаннан кейін сағы сынып, психологиялық травмаларға алып келуі де мүмкін. Күлкіге қалып немесе қорқыныш пен үрейге кезіккен бала өз-өзімен жұмыс жасай алмайды. Ішінде болып жатырған сезімін әке-шешесіне де айта алмауы мүмкін. Егер әке-шешесі балаға мән беріп қарамайтын болса, баланың тағдыры мен болашағына кері әсер етеді.
Сондықтан пранкке өтке сақ болу керек. Барынша жасамаған жақсы. Үйде ата-аналар балаларына тәрбие беріп айтып отыру керек. Мысалы, қатты зәресін ұшырып жасайтын ауыр пранк адамның дене бітімінің бір жерінде түйіліп тұрып қалуы мүмкін. Одан қалса, баланың психикасы мен денсаулығына өте қатты әсер етеді. Тура сол сәтте ешқандай әсері байқалмағанымен, кейіннен байқауы мүмкін. Және қатты қорқып қалған адам сол сәттен шыға алмай, есте сақтап ұзақ уақыт бойы жадынан шығара алмай қалуы да ғажап емес. Пранктің салдарынан қараңғыдан, дыбыстан қорқатын, түнде өз-өзімен шошып оянатын жағдайлар пайда болады. Жүрегі ауыратын, сезімталдығы жоғары т.б. көптеген денсаулығында кінәраты бар адамдар үшін бұл өте қауіпті.
Сол себепті де ата-ана, әрбір мектеп, әрбір сыныптың жетекшілері осы тақырыпта мейілінше жұмыс жасап балаларымен сөйлесу керек. Пранкті жақсы қабылдай алатын және дұрыс қабылдай алмайтын адамдар болады. Адамдар әртүрлі екенін оларға айту керек. Пранкті жасамауға, ауыр жағдайлар болмау үшін оның алдын алу керек. Мысалы, мектепте пранкті көтере алмайтындай балалар болса, күлкіге қалдым, ұятқа қалдым деп өз-өзіне түрлі нәрсені жасап қою мүмкін.
Осындай жағдайларға ұшыраған бала болса, ата-анасы баласын дұрыстап зейін қойып, қадағалап баламен жұмыс жасап, одан бөлек психологтардың көмегіне жүгініп, барынша бұл жағдайды шешуге тырысу керек. Және де физикалық тұрғыда массаж бен жаттығулар алып денедегі қорқынышты сейілту керек. Сол себепті де физикалық әрі психикалық тұрғыда дұрыс жұмыс жасау қажет. Сондай-ақ жасөспірім балалармен эмоциялық тұрғыда сөйлесе білу керек. Сол сәтте сен «не сезіндің?», «қалай болды?», «қай жерің ауырды?», «не істегің келді, жылағың келді ме әлде айғайлағың келді ме?» деген секілді сауалдарды қойып нақылау қажет.
Перизат САПАРОВА,
Jastar janary