Басты бет » Жаңалықтар » Театрдағы қауіпсіздікті қадағалайтын инженер

Театрдағы қауіпсіздікті қадағалайтын инженер

Биылғы жыл – Жұмысшы мамандықтары жылы ретінде аталып өтілуде. Бұл – еңбек пен жұмысшы мамандықтары өкілдерінің ел дамуына қосқан үлесін ерекше мойындаудың символы. Инженер, энергетик, құрылысшы, механик, дәнекерлеуші сынды көптеген мамандықтар ел өмірінде аса маңызды рөл атқаратын кәсіптер екені даусыз.

Әдетте, театр десе, көз алдымызға сахна сәні мен актерлердің ойыны елестейді. Ал сол сұлулық пен көркем өнердің ар жағында өте жауапты жұмыс атқаратын мамандар бар. Солардың бірі – техникалық қауіпсіздік инженері. Қауіпсіздік – көзге көрінбейтін, бірақ бәріміздің тыныштығымыз бен амандығымызды қамтамасыз ететін басты негіз. Бүгінгі кейіпкеріміз – сахна сыртында жүріп, үлкен жауапкершілікті арқалаған, театрдың әр тынысын бақылауда ұстайтын маман. Оның кәсібилігі мен ұқыптылығының арқасында өнер өз биігінде өркендеп тұр.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – «Астана Опера» театрының техникалық қауіпсіздік инженері Серік Дулатұлы.

 

– Әңгімемізді өзіңіз туралы қысқаша таныстырудан бастасақ. Қай өңірдің тумасысыз?

– Туған жерім – Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласы. Табиғаты көркем, тарихы терең өлкеде дүниеге келдім. Үйде төрт ағайындымыз.  Әке-шешем еңбекқор жандар еді, соның ықпалы болар, тәртіп пен жауапкершілікті жастайымнан бойыма сіңіріп өстім.

– Инженер болу қаншалықты қызық әрі қиын? Бұл салаға қалай келдіңіз? Мамандығыңыздың ерекшелігі неде?

– Мен мектепте физика пәніне ерекше қызығатынмын. Кейін қауіпсіздік саласына қызығушылық пайда болды. Бір жағынан – техника, екінші жағынан – адам өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілік. Қателікке жол жоқ, себебі бірсәттік салғырттықтың соңы қайғылы жағдайға апаруы мүмкін.

Бұл мамандық жай ғана қағаз толтыру емес, бұл – алдын алу, болдырмау, жауапты болу деген сөз – осымен де бұл сала ерекше деп есептеймін.

– Театрда техника қауіпсіздігін сақтамау қандай қауіп төндіреді?

– Бір ғана мысал айтайын. Сахнада 1 тоннадан асатын декорация ілулі тұруы мүмкін. Егер ол дұрыс бекітілмесе, төмен құлап, адам өміріне қауіп төндіреді. Немесе өртке қарсы жүйе істен шықса, онда бүкіл ғимаратқа қауіп төнеді. Сондықтан бізде қауіпсіздікке жеңіл қарауға болмайды. Кез келген адам театрға кірмес бұрын менің нұсқаулығымнан өтеді. Қауіпсіздік ережелерімен толық  танысып, қажет әрекеттерді түсінгеннен кейін ғана ғимарат ішінде еркін қозғала алады.

– Қойылым басталарда ерекше бір тексеріс жүргізіле ме?

– Иә, қойылым алдында міндетті түрде техникалық тексеріс өткізіледі. Сахнадағы барлық декорациялар, құрылғылар, жарық пен дыбыс жүйесі толық тексеріледі. Әр элемент өз орнында, дәл әрі нақты орналасуы қажет. Себебі тіпті шағын ғана ауытқу – сахнадағы әртіс үшін де, көрермен үшін де қауіп төндіруі мүмкін. Мысалы, декорация автоматты түрде қозғалады делік. Егер ол дұрыс бекітілмесе, әртіс оған соғылып қалуы мүмкін. Ал жарық жүйесіндегі ақау – кейде өрт қаупін де тудыруы ықтимал. Сондықтан бұл тексеріс – өте мұқият, жауапкершілікпен атқарылатын іс. Бұл жұмыстар дайындық басталардан 3-4 сағат бұрын жүзеге асады. Одан кейін бір күн қалғанда қойылымның басты дайындық кезеңі – бас репетиция (генеральный прогон) өтеді. Бұл – толық құраммен, әртістер сахналық костюмдерін киіп, барлық техникалық элементтерді сақтай отырып, өткізілетін соңғы дайындық. Әр тексерілісте міндетті түрде әр бөлімнің жауапты мамандары қатысады.

– Театрдағы жұмыс пен өзге салаларда техника қауіпсіздігімен айналысатын жұмысшылардың қызметінде айырмашылық бар ма?

– Әрине, айырмашылық бар. Мысалы, зауытта не құрылыс алаңында – бір орта, бір типті жұмыс болады, қауіпсіздік талаптары тұрақты. Ал театр мүлде басқаша. Бір спектакльде ауыр декорациялар жоғарыдан түсіп жатады, тағы бірінде әртіс биік жерге көтеріледі. Әрқайсысының өз қауіп-қатері бар. Жай ғана техниканы емес, адамдардың қозғалысын да ескеру керек – қай әртіс қай жақтан шығады, кім қайда жүреді, қай кезде қандай механизм іске қосылады, бәрі есепте тұруы қажет. Қауіпсіздікті қамтамасыз етем десең, тек ережені жаттап алу аз, театрдағы жұмысты шынайы түсініп, соған бейімделе білу керек. Бұл – бір жағынан, үлкен жауапкершілік, екінші жағынан қызық та. Шығармашылық орта болған соң, шабыт пен сақтық қатар жүреді.

– Сіздің салаңызда адам қандай қасиеттерге ие болуы керек деп ойлайсыз?

– Менің ойымша, біздің салада ең бастысы — жауапкершілік пен мұқияттылық. Мысалы, театрда қауіпсіздік ережесін бұзу үлкен апатқа әкеледі. Сондықтан әрбір нәрсеге аса зейінмен қарап, еш нәрсені жеңіл ойламау керек. Сонымен қатар ережелерді құрметтеу қабілеті маңызды. Кейде кейбірі «бәрін білемін» деп елемеуі мүмкін. Мұндайда ашуланбай, сабырмен түсіндіру қажет. Талаптардың маңызын дәлелдеп, ұжымға дұрыс жеткізе білуің керек. Бұл жерде тек техник маманы емес, психолог сияқты да әрекет етуге тура келеді. Осы қасиеттер болмаса, біздің жұмысымыз қиын әрі қауіпті болар еді. Сондықтан жауапкершілік, шыдамдылық, зейін мен икемділік – біздің мамандықтың негізі деп айтуға болады.

Асхана қызметкерлеріне арналған техника қауіпсіздігі бойынша нұсқаулық (инструктаж) өткізілуде

– Қауіпсіздік маманы ретінде өмірде ұстанатын басты қағидаңыз қандай?

– Қауіпсіздік саласында жүріп, мен мынадай бір қарапайым, бірақ терең қағиданы ұстанамын: «Адам өмірі – ең басты құндылық, ал оны сақтау – әрқайсымыздың міндетіміз». Біз бір-бірімізге қауіп төндірмей өмір сүруді үйренуіміз керек. Бәріміз жұмыста болсын, күнделікті өмірде болсын, бір ғана нәрсені естен шығармауымыз қажет – қай жерде де бейқамдық ең үлкен қауіп.

Кейде адамдар: «Неше жыл болды, ештеңе болған жоқ қой» дейді. Бірақ қауіпсіздік деген – болғаннан кейін емес, болмай тұрып ойлану. Қарапайым мысалмен айтқанда, үйден шығарда есікті екі рет тексеру – бұл да қауіпсіздік.

Сондықтан мен үшін бұл жұмыс мамандық емес, өмір салты сияқты. Кез келген сәтке дайын болу, алдын ала ойлау, бейғамдыққа жол бермеу – осыны күн сайын еске салып отырам. Себебі бір адамның қателігі – тұтас ұжымға, тұтас сахнаға әсер етуі мүмкін.

– Жастарға, болашақ инженерлерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Жастарға айтатын кеңесім, ең алдымен жүректеріңнің түбінде өз ісіңе деген шынайы құштарлық пен сүйіспеншілік болуы керек. Өзіңе ұнайтын, жан дүниеңе жақын істі табу – өмірдің үлкен бақыты.

Екіншіден, инженерлік жұмыс – тек техника мен есептен ғана тұрмайды. Қауіпсіздік саласында жүрсең, әрбір әрекетіңнің артында адамдардың тағдыры тұр. Сондықтан әр қадамынды  ұқыптылықпен орындауды үйрен. Ұсақ нәрселерге мән бермеген адам үлкен жетістікке жете алмайды.

Ешқашан тоқтамаңдар, әрдайым жаңа білімге ұмтылыңдар. Техника күннен-күнге өзгеріп, дамып жатыр. Өмірдің өзі үздіксіз қозғалыста, сол қозғалыспен бірге болу үшін өзіңді жетілдіру керек. Тек инженер емес, философ та, психолог те, дос та, заңгер де бәрі бір бейнеде. Жан-жақты болу.

Ешқашан адамгершілікті, сабырлықты ұмытпаңдар. Қиындықтар болады, қателіктер болады. Бірақ ол – тәжірибе. Есіңде болсын, үлкен жетістік – кішкентай бастамалардан тұрады.

Сұхбаттасуға уақыт бөліп, өзіңіздің мамандығыңыз жайлы шынайы әрі әсерлі бөліскеніңіз үшін алғыс айтамыз! Еңбегіңіз жемісті, мәртебеңіз асқақ болсын! 

Сұхбаттасқан 

Асия СЕРІКҚЫЗЫ,

Еуразия ұлттық университетінің студенті