Басты бет » Руханият » Жастары мықты елдің келешегі жарқын

Жастары мықты елдің келешегі жарқын

 

Тәуелсіздік тірегі – тәрбиелі, білімді ұрпақ екендігі даусыз. Ел ертеңіне ие болар азаматтарды оқыту мен тәрбиелеу ісі – егемен еліміздің көкейтесті мәселелерінің бірі. Демек, білім беру мен қызметке орналастыруда және әрбір мекеме кадрларды дайындау жөнінде үлкен міндет қойып, қоғамға араласуына ықпал етуі тиіс. Бүгінгі күні кадрларды жасақтау, жастарды қызметке тартуда оңтайлы іс-шаралар атқарылып келеді. Аға буын өкілдерінің  орнын жас буын басып, жаңа толқын леп келуде. Осы сөзіміздің дәлеліндей, өткен аптада ішкі істер органы қатары жаңадан жас мамандармен толықты.

 

SAM_5399

Сержант шеніндегі ысылған жас жігіттер қатары офицерлік лауазымға ауысты.  Офицерлерге қойылатын талап қатал. Оған табандылық пен қажыр-қайрат қажет. Сондай қажырлы, талапты жастардың бірі – полиция сержанты Жасұлан Ахметов. Жасұлан Жасқайратұлы Орал қаласының тумасы. Қаладағы жалпы білім беретін №2 орта мектепің үздік түлегі, спортты жаны сүйетін жан. Мектеп қабырғасында жүргенде кермеге тартылу, алыс қашықтыққа жүгіру сынды спорт түрлерінен алдыңғы қатардан көрінді. Бокс секциясынан бір күн қалмай, замандастарының алды болды. Батыс Қазақстан инженерлі-технологиялық колледжінің техник-программист факультетіне қабылданды. Дербес компьютер тілін бала кезден жақсы білетін Жасұлан осы білімін тиянақты жетілдірді. 2010 жылы әскер қатарына шақырылып, Алматы қаласындағы шекара қызметінде бір жыл әскери борышын өткерді. Шекара қызметінде авиациялық базада ұшақ пен тікұшақтарды қырағылықпен күзетіп, отбасына оралды. Әскерден келген соң, колледждегі оқуын тәмамдап дипломдық жобасын сәтті қорғап шыққан Жасұланның арманы бар болатын. Кәсіби білікті маман иесі атанған жастың арманы ішкі істер органына қызметке орналасу еді. 2013 жылы ішкі істер органына, соның ішінде облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полиция басқармасының кіші инспекторы лауазымына тағайындалды. Осы қызметте бір жыл жарым қызмет етіп, шетел ел азматтарының көші-қон заңдарын бұзбауын қадағалады.

 

SAM_5394

 

Азаматтардың құжаттарында салғырттықтар кетпеуін анықтады. Облыстық көші-қон полициясы басқармасында қызмет атқарған кезде Жасұлан Ахметовке полиция аға лейтенанты Талап Залмұханов тәлімгер болып бекітілді. Облыстық көші-қон полициясы басқармасының инспекторы полиция аға лейтенанты Талап Залмұханов Жасұланды  полиция жұмысының барлық қыр-сырымен етене таныстырып, лауазымдық нұсқаулықтарын игеруге жәрдемдесті. Ж. Ахметовтің қызметінде қалыптасып өсуіне, кәсіби шеберлігінің шыңдалуына, ұжымға қалыптасып, үйренісуіне ықпалы зор болды. Тәлімгері Т. Залмұханов казір зейнет демалысында. Бірақ, әлі күнге дейін  Жасұланның қызметін сұрап, отбасымен араласып тұрады. Қиындығы мен ауыртпалығы қатар жүретін осы саланың сырын игере келе, Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының арнайы взводында үш жыл саптан табылды. Арнайы взводта сотқа баратын тұлғаларды, мемлекеттік қорғауды қажет ететін азаматтарды қорғауға алды. Ж. Ахметов Қазақстан ақпараттық-инновациялық технологиялық университетінің заң факультетін аяқтап, жоғары білімді заңгер атанды. Кейіпкеріміз Жасұлан Ахметов айдауыл взводында үш жыл қызмет  етіп, жуықта Орал қ. ІІБ штабының инспекторы лауазымына тағайындалды.

Осы ретте Орал қ. ІІБ бастығының орынбасары полиция полковнигі Наурызбай Ғұмаров:

– Ішкі істер органы жас мамандармен толығуда. Жастардың қызметке орналасып, еңбекке ұмтылуы біздерді қуантады. Полиция сержанты Жасұлан Ахметов облыстық айдауыл взводында тәжірибе жинақтаған жігіт. Жуықта басқарманың штабына ауысты. Бұған дейін сержант шенінде қызмет атқарса, енді офицерлік лауазымда қызмет атқарады. Бір айдан соң полиция лейтенанты шенін алады. Жастар мен олардың бастамаларын әркез қолдаймыз. Жастардың өскеніне қуанамыз. Жастары мықты елдің тұғыры берік, – дейді.

Өскелең ұрпақ Елбасымыздың «Жастары мықты елдің жасары да, асары да мол» деген сөздерінің астарын терең ұғынып, өмірден өз орындарын тауып біздің мақтанымыз бола білсе, мақсатқа жеткеніміз болар.

Табыс адамға өздігінен келмейді, табысқа өзің ұмтылуың керек. Санаулы күндерден соң офицер шенін алғалы тұрған Жасұлан Жасқайратұлы талабы таудай жас маман, ұжымының мақтанышы. Ел тыныштығын сақтау мен  құқықтық тәртіпті, заңдылықты нығайтуға арнаған еңбегің жанып, жұлдыздарың жарқырай берсін деп тіледік.

 Гүламан Исмагулова,

Орал қ. ІІБ баспасөз қызметкері

 

 

 

Пікір жазу