Басты бет » Жаңалықтар » ҰЛ-ҚЫЗЫҢ ЖАҚСЫ БОЛСЫН ДЕСЕҢ…

ҰЛ-ҚЫЗЫҢ ЖАҚСЫ БОЛСЫН ДЕСЕҢ…

Тұрар СӘТТАРҚЫЗЫ,
этнолог, тарихшы
Фото: massaget.kz
Кейбіреулердің қылықтарына қарап, «туу, қандай мәдениетсіз, тәрбиеден жұрдай, арсыз адам екен» деп жатамыз. Мəдениетсіз болу, яғни тəрбиесіз болу. «Мәдениет» ұғымы тәрбиемен және біліммен тығыз байланысты. Бұл жерде білімнің қос-қос дипломға қатысы жоқ. Анаңның сүтімен, әкеңнің өнегесімен берілетін, ұлттық құндылықтарға негізделген, әр отбасында ұстанатын рухани білім жайлы болып отыр сөз.
Білімсіз (бұл жерде дипломы бар жайлы адам емес, рухани білімі бар адам жайлы) және тәрбиесіз адам ешқашанда мәдениетті бола алмайды. Білім мен тәрбие – мәдениеттің қайнар көзі. Тәрбиенің негізі отбасында қалыптасады. Қазақ «Не ексең, соны орасың» дейді. Отбасында адалдықты, тазалықты көріп өскен бала ешқашанда жамандыққа бармайды.
Рухани байлық дүниетаным, түсінік, рух, иман отбасында қалыптасады. Бір кездері баламның балабақшада ойыншықтары, мектепте талай киімдері жоғалатын (ондай жағдай баласы бар әр отбасында болады). Іздеп барсаң, таппайсың. «Біреу әкетіп қалған шығар» дейді. Осыған қарап сол киімді бір бала әкетіп қалса, жарайды, үйіне апарды делік, сонда ата-анасы «балам, мұны қайдан алдың?» – деп сұрамай ма деген ой мені қатты мазалайтын.
Бала тәрбиесі міне осындай ұсақ-түйектен басталады. Ол бала бүгін бала бақшадан үйіне кішкентай ойыншық әкеліп, ата-анасы «бұл кімдікі? Ертең апарып таста» демесе, баланың санасында бұл «қалыпты жағдай екен ғой» деген ой қалыптасады. «Қой» демесе, күні ертең одан да зорын жасайды. «Біреудің затын рұқсатсыз алу, жаман қылық, бұл ұрлық. Ал ұрлық түбі – қорлық» екенін балаға кішкентайынан құлағына құйып, «біреудің ала жібін аттауға» қарсы имунитетті қалыптастыру керек!
Өзім өскен отбасында әкем марқұм «Құлындарым, біреудің ала жібін аттамаңдар, арам нәрсе бойға сіңбейді, адал болыңдар»,-деп өсірді. Сол әкеміз титтейімізден құлағымызға құя берген ақылы бар ұрпағына өмірлік өнеге болды.
Ұлттық тәрбие бұл – сан ғасырлар бойы сараланған, мықты мектеп. Халқымыз «Баланы жастан» деп, ұрпағын жаманнан жирендіріп, жақсыға жақындатқан. Ғұлама әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы» деген тамаша нақыл сөзін жауыр болғанша айтамыз. Бірақ іс жүзінде іске аспайды. Біздің бабалардан қалған асыл мұрамыз – ұлттық тәрбиемізден мықты еш нәрсе жоқ. Біздің соны пайдалана алмай отырғанымыз өкінішті.
Қазір қоғамды дендеген жемқорлық, парақорлық және отбасылық құндылықтардың құлдырауы, рухани азу, жастардың ажырасуы тәрізді келеңсіздіктер мен түрлі азғындық әрекеттердің түп-тамырында тәрбиенің кемшіндігі жатыр. Ұлттық тәрбиеден нәр алған ұрпақ ешқашанда жаман жолға түсейді. Бізде кез келген кеселдің салдарымен күресіп жатамыз. Күресті қойып алдын алу, оны болдырмау тәсілін іздеу керек. Түрлі келеңсіздіктерді болдырмаудың тәсілі жалғыз – ол ұрпағымызға өнегелі тәрбие беру. Сонда ғана арлы, адал, жүрегі де, қолы да таза ұрпақ тәрбиелей аламыз.
Отбасында ұлттық құндылықтарға негізделген тәлім-тәрбиеден нәр алып өскен ұрпақ қашанда аталар аманатына адал болары сөзсіз.
Қашанда бала тәрбиесінде «Ұят болады», «Обал болады», «Жаман болады» деген үш ұғымды ұстанған халықпыз. Осы үш сөздің өзі ұрпағымызды жаманнан жирендіріп өсірген мықты тәрбиемізді ұмыттық.
Бүгін бала тәрбиесі түгілі, сол баланың ата-анасын тәрбиелеу керек болып тұр. Талай жылдан бері жүздеген балабақша, жүздеген мектепке бардым. Баламен де, ата-анамен де кездесіп жүрмін.
Не түсіндім? Баланы тәрбиелеу керек пе, ана-ананы тәрбиелеу керек пе? Тәрбие функциясы кімнің құзырында? Мектепте ме, ата-анада ма?
Әр адам бірінші кезекте бала өсіріп отырған ата-ана не болашақ ата-ана екенін ұмытпайық. Бүгінгі ата-ана баласының жиналысына келмейді. Мектеп өткізетін бала тәрбиесіне қатысты іс-шараларға да баруға уақыты жоқ. Енді не істеу керек?!
Ұлттық құндылықтарды дәріптеп балабақша, мектеп аралап жүрген практик ретінде айтарым әр мекемемен жұмыс істеу керек.
Өзім өткенде бір үлкен құзырлы мекеменің қызметкерлерімен «Ұл-қызың жақсы болсын десең…» тақырыпта кездесу өткіздім. Көп адамға ой салдым. Қатысқандар мұндай іс-шаралардың қажет екенін айтты.
Бүгінде ажырасудан алдамыз, жасөспірімдер арасындағы қылмыс, суицид, лудомания, есірткі, басқа да кеселдер ұрағымыздың тамырына балта шабуда. Қаншама білім беру мекемелерінде кәмелеттік жасқа жетпеген қыздар жүкті болып қалып жатыр. Буллинг өршіп тұр. Рейтинг бұзылады деген желеумен қаншама айтылмаған дүние бар.
Не істемек керек?
Алдыңғы қатарлы көп елдерде “Бақыт министрлігі”, «Отбасы жəне тəрбие» деген министрліктер бар дейді. Министрлік болмаса да, отбасы институтының мәртебесін көтеретін, еліміздің ертеңгі азаматтары болып саналатын, ұрпақ тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігі тәрізді мәселелерді қамтитын, отбасылық құндылықтарды насихаттайтын, тəлім-тəрбиені қолдайтын, бір құзырлы мекеме болуы керек.