Басты бет » Жаңалықтар » Перизат Қайрат қылмыстық іс материалдарымен танысу процесін созып келген

Перизат Қайрат қылмыстық іс материалдарымен танысу процесін созып келген

Алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру ісі бойынша күдікті Перизат Қайрат қылмыстық іс материалдарымен танысу процесін созып келген. Бұл туралы журналистерге Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеді, деп хабарлайды Jastar janary Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Перизат Қайрат. Фото: instagram.com/01pk

Мәжіліс кулуарында Елемесов Перизат Қайрат пен оның анасы – Ғайни Алашбаева осы қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде танылғанын еске салды. Қылмыстық іс аяқталған, іс жүргізуге қатысушылар материалдармен танысып жатыр.

«Ол (Қайрат – еск.) танысу процесін созып келгендіктен, арнайы график бекітілді. Бұл график 9 маусымда аяқталады. Одан кейін Қылмыстық-процессуалдық кодекске сәйкес, оған және адвокаттарына өтініш білдіруге үш күн уақыт беріледі. Бұған дейін ол қылмыстық істің материалдарымен таныспаған: тергеулер, беттестірулер жүргізілген. Қазір ол барлық материалдармен танысып жатыр, қандай да бір қосымша өтініштер беруі мүмкін», – деді ҚМА төрағасының орынбасары.

Перизат Қайрат өтініштерін білдірген соң, іс прокуратураға жолданады, одан кейін 10 күн ішінде сотқа берілуі мүмкін. Осылайша, маусымның аяғына қарай Перизат Қайраттың ісі сотқа жетуі ықтимал.

Елемесовтің айтуынша, бұл іс аясында 100-ден астам адам сұралған. Қанша жәбірленуші бар екені туралы ол нақты жауап берген жоқ. Перизат Қайраттың шақыруымен қайырымдылыққа қаражат аударған адамдардың бір бөлігі арыз жазып, жәбірленуші деп танылған. Қалғандары – жоқ.

Бұған дейін ҚМА төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық істің аяқталғанын, қазіргі уақытта тараптардың материалдармен танысу кезеңі жүріп жатқанын растаған болатын.

Еске салайық, 2024 жылдың қарашасында волонтерлік қозғалыс белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Ол кезде ол көктемгі тасқыннан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету үшін жиналған 1,5 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқырды деп күдікке ілген.

Кейін ҚМА Перизат Қайраттың заңсыз әрекетінің тағы бір эпизодын анықтағанын хабарлады. Ол Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін жиналған қаражатты жымқырды деген күдікке ілінген.

2025 жылдың наурызында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Әділет департаментінің «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігін тарату туралы талап-арызын қарады. Бұл ұйымның басшысы – Перизат Қайрат.