Бүгін негізгі ҰБТ-2025 басталды, тестілеу 7 шілдеге дейін жалғасады. ҰБТ-ның бірінші күні ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова Астана қаласында орналасқан тестілеу орталықтарының біріне барып, талапкерлерге сәттілік тіледі.
Биыл еліміздегі білім беру ұйымдарын 216 мыңға жуық түлек тәмамдаса, соның 85 пайыздан астамы ҰБТ-ға қатысуға ниет білдіріп отыр. Алғашқы күннің өзінде республика бойынша 4 500-ден астам оқушы тест тапсыру үстінде.
Қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Талапкерлерге телефон, шпаргалка сияқты тыйым салынған заттарды алып кіруге рұқсат жоқ. Арнайы тексеру бекеттерінде әрбір үміткер мұқият бақылаудан өтті.
Тестілеу форматы өзгеріссіз қалды:
— 5 пән,
— барлығы 140 сұрақ,
— жауап беруге 4 сағат уақыт қарастырылған.