Басты бет » Жаңалықтар » «Кітап астанасы»: Депутат жаңа ұлттық дәстүр бастауды ұсынды

«Кітап астанасы»: Депутат жаңа ұлттық дәстүр бастауды ұсынды

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы елімізде жыл сайын бір қаланы «Қазақстанның кітап астанасы» деп жариялау туралы бастама көтерді. Бұл ұсынысты ол Премьер-Министрдің орынбасарына жолдаған депутаттық сауалында атап өтті.

Депутаттың айтуынша, бұл бастама кітап оқу мәдениетін дәріптеуге, әдебиеттің қоғамдағы рөлін арттыруға және зияткер ұлт қалыптастыруға үлкен серпін береді. ЮНЕСКО-ның «Дүниежүзілік кітап астанасы» тәжірибесін мысалға келтіре отырып, ол бұл дәстүрді Қазақстанда да енгізудің уақыты келгенін атап өтті.

«Кітап астанасы» эстафетасын Ұлттық кітап күнімен үйлестіре отырып, ауқымды рухани-мәдени бастамаларды, түрлі деңгейдегі байқауларды ұйымдастыруға толық мүмкіндік бар. Бұл бастама Ұлттық кітап оқу күні мерекесінің философиясымен толықтай үндес және өзара сабақтас болып табылады, әрі Президент тапсырғандай, атаулы күннің мән-маңызын айтарлықтай арттыра түсері сөзсіз.– деді Жарқынбек Амантайұлы.