Тұрар СӘТТАРҚЫЗЫ,
ӘЙГІЛІ ҰШҚЫШ ИВАН КОЖЕДУБТЫҢ БОРТМЕХАНИГІ БОЛҒАН ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ, КӨКШЕТАУЛЫҚ МӘДИНА ЫСҚАҚОВАНЫ БІЛЕМІЗ БЕ?
Жазып отырған кейіпкерімнің қызы – Аягөз қажымен көп жылдардан бері таныспын.
Бұл мақаланы да жылда саламын.
Неге дейсіздер ғой?!
«Аруақ разы болмай, тірі байымайды» деген халқымыз.
Мәдина апамыздың рухы разы болсын деймін.
Бұл құрмет кейінгі ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу үшін қажет.
Соғыс көрген әйелдер бар, бірақ соғысқан әйелдер көп емес. Өйткені соғыс әйелдің ісі емес.
Бүгінде «иттің итақайына» көше беріліп, марапатталып жатады.
Мәдина апамыздың қызы бүгінде 70 асты анасының құрметтелгенін көріп кетсе деймін.
Соғыс əйелдің ісі емес, соғысу да нəзік жандыға лайық емес. Бірақ Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақтың қаракөздері де қатысты. Олар ерлермен бірге от кешті. Осындай жандардың барлығы үлкен атаққа лайық деп санаймын.
2016 жылы 178 гвардиялық атқыштар авиациялық полкінде авиақұралдар мен оттегі жабдықтары бойынша мастер және Иван Кожедубтың жеке бортмеханигі болған қазақтың қайсар, батыр қызы, гвардия сержанты Мәдина Ысқақованың құжаттарын, деректерді ҚР Қарулы күштерінің Әскери-тарихи музейіне тапсырылуына атсалысқан едім.
Бүгінде сол музейде сақталған (Астана қаласы, Республика, 2). Музейдің Ғылыми бөлімінде істеп жүрген кезімде батыр қыз жайлы зерттеу жасап, «Батыр атағын» алып беруге, көше атауын беру, оқыған мектебіне атын беру үшін біраз еңбектендім.
Жеңістің 75 жылдығына орай «Халық қаһарманы» берілуі мүмкін деген жақсы хабарын айтып еді қызы, Көкшетау тұрғыны Аягөз қажы. Бірақ берілмеді.
Жеңістің 80 жылдығы да болды. Аягөз апамыздың арманы әлі орындалмады.
«МЭРИ, СОҒЫС АЯҚТАЛҒАН СОҢ, СЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫҢА КЕЛЕМІН…»
«Мэри, соғыс аяқталған соң мен сенің Қазақстаныңа келемін», – деген екен оған Екінші дүниежүзілік соғыстың атақты ұшқышы, Кеңестер Одағының үш мәрте батыры, авиация генерал-полковнигі Иван Кожедуб.
Бұл 1942-1945 жылдары атақты 178 гвардиялық атқыштар авиациялық полкінде авиақұралдар мен оттегі жабдықтары бойынша мастер және Иван Кожедубтың жеке бортмеханигі болған қазақтың қайсар, батыр қызы Мәдина Ысқақова еді. Иван Кожедуб Мәдинаның талдырмаш бойына, нәзіктігіне қарап, атақты американдық актрисаның атымен «Мэри, Мэри Пикфорд-Искакова», – деп еркелеткен екен.
Мәдина Ысқақова Көкшетау облысы бұрынғы Балкашин, қазіргі Сандықтау ауданына қарасты Зверовка ауылында туып-өскен. Мәдинаның әкесі мен ағалары Әбілқасым, Әбілқасен, Құсайын майданға аттанады.
1942 жылы 17 жасқа жаңа толған Мәдина төлқұжатындағы жасына үш жас қосып, түзетіп, Көкшетаудың әскери комиссариатына келеді.
Полковник шеніндегі Әскери комиссариат қызметкері:
– Иә, қызым, шаруаңды айта ғой, – дейді жылы шыраймен.
– Мені майданға жіберсеңіз! – дейді екі беті бал-бұл жанып.
– Майданға?! – деп таңданады полковник. Иә, онда не істемексің?
– Қанқұйлы Гитлерден елімді, жерімді қорғағым келеді, – дейді жанарынан от ұшқындаған батыл қыз.
– Һі-һім. Мұның жақсы екен. Аты-жөнің кім?
– Атым – Мәдина, фамилиям – Ысқақова. Осы қаладағы №2 мектептің тоғызыншы класында оқимын.
– Жақсы, туған-туыстарың бар ма?
Мәдина майданға кеткен әкесі, ағаларын айтты. Мұны естіген әскери комиссар:
– Ендеше сен үшін ағаларың-ақ соғыссын. Ал сен оқуыңды оқы. Мектеп бітір, – деп қамқорсына сөйледі.
– Жоқ… Фашистерді иттің етінен жек көремін. Мен өз қолыммен оларды құртқым келеді, – деді томашадай қайсар қыз.
Сөйтіп, 1942 жылы 17 мамырда майданға аттанған Мәдина Ысқақованы тағдыр Кемероводағы авиаторлар даярлайтын екі жылдық училищеден бір-ақ шығарды. Онда да ұшқыш емес, ұшақты оттегімен жабдықтайтын мастерлер дайындайтын бөлімге тап болады.
– Механик-мастер деген не масқара, жаудың төбесінен қыранша шүйіліп бомба жаудыратын, әйтпесе ажал оғын қардай борататын ұшқыштың өзі боламын. Әйтпесе келіспеймін»-деп Мәдина қанша бұлқан-талқан болса да, қасарысқанына болмады.
– Егер сен самолеттің мүлтіксіз ұшуын қамтамасыз етсең, жауды жеңу жолына қосқан үлесің сол емес пе!? Механик-мастер болудан барлығы келіспесе, сонда самолеттерді ұшуға дайындайтын кім болмақ? Ойланшы, – деді оған училище басшылары.
Училищенің екі жылдық бағдарламасын тоғыз-ақ айдың ішінде меңгеріп, мастер-механик, бөлімше командирі сержант атағын алып шығады. Бір топ құрбыларымен Иваново қаласына аттанады. Онда жаңадан №240 истрибительдер авиаполкі құрылып жатқан еді. Мәдина осы полктің бірінші эскадрильясына оттегімен жабдықтау мастері және ұшақ құралдарының мастер-технигі болып тағайындалады.
Эскадрилья командирі Кожедуб Иван Никитович екен. Жүзі сұсты болса да, Мәдинаны жылы шыраймен қарсы алды. Әрине, ол кезде Иван Кожедубтың Совет Одағының Батыры атағын үш мәрте алатын аса даңқты ұшқыш болатынын, оның атын естігенде фашистердің зәре-құттары қалмай қорқатындығын ешкім білмеген еді. Мәдина күн сайын аспанға бірнеше рет көтерілетін Кожедубтың «қырғиына» жан бітіретін шебері және жеке бортмеханигі болған.
Атақты ұшқышты әскери тапсырмаға жіберіп, қарсы алып, әскери ұшақты жөндеп отырған. Ұшақтың саймандарын сайлап, дайындауда былай қойғанда, қаһарман ұшқыштың қыңыр мінезіне төзу де оңай емес еді. Өнегелі тәрбие көрген қазақтың қызына бұл аса қиын болмады.
Атақты ұшқыш Кожедуб 330 рет аспанға атылып шығып, жаудың 62 ұшағының көзін жойған екен. Атақты ұшқыштың техникасының аспанда еркін самғап, жауды жойған ерлігінде біздің қазақтың қайсар қызының да үлесі бар екені сөзсіз. Тіпті, даңқты ұшқыш генерал-полковник Иван Кожедуб соғыстан кейін өз экипажымен кездескенде «менің көктегі ерлігімнің түп-тамырын жердегі Мәдинаның өлшеусіз еңбегінен іздеңдер», – деген екен.
Көкше баурайында дүниеге келген Мәдина әлемдік авиацияның атақты ұшқышымен бірге ұшып, әскери шайқастар кезінде де жанында болған.
Бір ғана оқиғаны елестетейікші. Аэродромға жетіп қалған даңқты ұшқыштың соңында үш «Мессершмид» (екінші дүниежүзілік соғыстың ұшағы, неміс авиациясының символы) шабуылдап келеді. Басқалармен бірге Мәдина да айғайлап жатты. Кожедуб құлдилай төмендеп барып, тік шаншылып биікке шарықтап кетті. Шабуыл басталды. Бұл Мәдинаның сын сағаты еді.
Кожедуб екі ұшақты атып түсірді. Үшіншісі қашып кетті.
Гвардия сержанты Мәдина Ысқақова Украинаны, Молдованы, Прага, Будапешт, София мен Вена қалаларын азат етуге қатысқан. Соғыста үш рет жараланады. Бірде оны жақыннан жарылған бомбаның дүмпуі ұшырып түсіріп, топырақпен көміп тастайды. Жолдастары келіп, топырақтан аршып алғанда ол ес-түссіз, тіршілік нышаны болар-болмас қана білініп жатыр еді.
Кейінгі шайқаста ол басынан жараланады. Бірақ емделіп, авиаполкіне қайта оралады. Гвардиялық полк атағын алған №240 авиаполктің құрамында Молдовияны, фашист басқыншыларынан азат етті. Брно, Прага, Будапешт, София, Вена қалалары үстінде болған кескілескен әуе шайқастарына куә болған.
Осы шайқастарда Иван Кожедуб басқарған ұшқыштар асқан ерлік көрсетіп, талай жау ұшағын атып түсірген. Истрибительдерді оттегімен жабдықтаушы, Кожедубтың жеке бортмеханигі Мәдина Ысқақованың бұған қосқан үлесі өлшеусіз.
Мәдина Ысқақова соғысты Прага қаласында аяқтады. 1945 жылы Жеңіс парадына ІІ Украина майданының құрамында қатысып, туған жерге оралды. Ақмола әскери трибуналында хатшы болып қызмет істеді. Кейіннен көп жылдар бойы туған жерінде сауыншы болып еңбек етті. Көкшенің батыр қызы жайлы Естай Мырзахметов кітап жазды, атақты қазақстандық жазушы Еркеш Ибрагим поэма арнаған.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қазақ қыздары да соғыс ауыртпалығын ер-азаматтармен бірдей көтерді. Қанқұйлы басқыншы жаумен жан аямай шайқасты. Қазақтың да рухты, өр мінезді, батыл қыздарының ерліктері аңызға айналды.
Майданға аттанған әйелдер мен қыздардың көбі медсанбаттар мен госпитальдарда борышын өтеген. Қазақ арулары түрлі әскери құрамаларда болып, ерен ерлік үлгісін көрсетті. Қолдарына қару алып, майданға аттанған қазақ жұлдыздары Әлия мен Мәншүк Қазақстан даңқын әлемге паш етті. Авиация саласын меңгерген қазақ қызы Хиуаз Доспанова Кеңес Одағының батыры М.Раскова басқарған әйелдер авиациясының құрамында авиация штурманы болып 300-ден астам мәрте әуеге көтерілді. 2004 жылы Президенттің жарлығымен Х.Доспановаға «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Өмірмен бірге тарихқа деген көзқарас та өзгереді. Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихында ақтаңдақтар өте көп. «Ұлы Отан соғысының тарихы» кеңестік идеологияның құрбанына айналып кетті.
Сәйкессіздіктер көп. «Соғыс әйел адамның ісі емес», – дейді, алайда көптеген әйелдер еркектермен тең Отанын қорғауға қатысты. Мәдина Ысқақова да сондай батыр қыздарымыздың бірі еді.
2012 жылдары «Арқа ажары» газетінде Мәдина Ысқақованың әскери тағдыры жайлы мақала жарияланып, оған «Халық қаһарманы» атағын беру туралы ұсыныс жасалды. М.Ысқақованың қызы Аягөз Шикатаева КСРО Қорғаныс министрлігінің растайтын құжаттарын ұсынғанымен, мәселе сиырқұйымшақтанып ұзаққа созылып кетті.
Өкінішті бір жағдай, 1986 жылы Көкшетау қаласының жергілікті музейі М.Ысқақованың барлық марапаттарын алып кеткен екен, ал 90-жылдары ғимаратты су басып, сақталған жәдігерлер бүлініп кеткен. Бүгінде гвардия сержанты Мәдина Ысқақованың әскери мұрасының жұрнағы ҚР ҚК Әскери-тарихи музейінде сақтаулы.
Батыр қыздың ұрпақтары, қала халқы 20 жылдан астам уақыт бойы Көкшетау қаласының билігінен қала көшелерінің біріне Мәдина Ысқақованың атын беру туралы мәселені көтеріп келеді. «Өкініштісі, анамды тек 9 мамырда еске алып, сұхбатқа шақырады», – дейді батыр қыздың ұрпағы Аягөз Шикатаева.
«Француз үйі» шығарған «Ұлы Даланың Күміс белгілері» атты альбом-кітапта батыр қыз жайлы «Мәдина Ысқақова қазақтың ұлы ханы Абылайдың ұрпағы. Оған ұлы бабасының ержүректігі мен батырлығы мен қайсарлығы дарыған.
Мәдинаның сонау отты жылдары даңқты ұшқыштың бортмеханигі болуы да кездейсоқтық емес еді. Ерен ерлігі мен адал қызметі үшін «Батылдығы үшін» медалімен, «Құрмет белгісімен» және «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапатталған», – деп жазған.
Соғыс салған жара ізсіз кетпеді, Мәдина Ысқақова ұзақ ғұмыр сүрмеді. 1985 жылы салтанатты түрде Отан соғысы орденімен марапатталады, ал тамыз айында дүние салды.
Айта кететін тағы бір жайт, Мәдина Ысқақова еліне Сталиннің сыйлаған қаруымен оралған. Бірақ соғыстан кейінгі қиын жылдары отбасын асырау үшін осынау атаулы қаруды бір қап астыққа айырбастап жіберген екен. Даңқты батыр Кожедубпен бірге ұрыстағы батырлығы үшін Мәдина Ысқақоваға сыйлықты Сталиннің өзі сыйлағаны ма?
Сталиннің өзі марапаттаған кездері өте сирек болды емес пе және өзіне сондай бағалы затты бір қап астыққа айырбастап жіберетіндей, М.Ысқақова неге мемлекет тарапынан соғыстағы қызметі үшін қолдау көрмеген?
20 жыл туған ауылындағы ауыр еңбектен кейін Мәдина Ысқақоваға соғыс жылдарындағы әскери қызметін еңбек өтіліне қоспай, тіпті соғыстың қатысушысына тиесілі жеңілдіктерсіз, аз ғана зейнетақы тағайындайды.
Ал гвардия сержанты Ысқақованың соғысқа қатысып ғана қоймай, ол еліне батыр болып оралғанын ешкім елемеді. Үш мәрте Совет Одағының Батыры Кожедубтың соғыстан кейінгі құрметі-атағымен, жағдайымен, онымен бір ұшақта соғысқан Мәдина Ысқақованың жағдайын салыстыру мүмкін емес еді.
Әскери тарихты еске алсақ, Екінші дүниежүзілік соғыс уақытында жасалған ерліктері үшін бүкіл экипажды және бомбалаушыны да, жойғышты да, сонымен қатар танк экипажын және барлық артиллерия есебін марапаттау рәсімі болғандығын атап өткен жөн.
Иван Кожедуб атақты ұшқыш, оны басқа көрсеткіш бойынша марапаттаған. Бірақ сержант Ысқақованың да атып түсірген ұшақтары болған ғой және Кожедуб құлаған «мессерлерді» онымен «бөліскен», өйткені әр атып түсірген ұшақ үшін бес мың рубльге дейін ақшалай сыйақы мен басқа да ынталандыру сыйлықтары берілген.
Сонда, Иван Кожедуб онымен бөлісіп, үкіметтің бөліспегені ме? Соғыстан кейін Кожедубқа марапаттар бар да, Мәдинаға ештеңе болмағаныма? Бұл бір қызық жайт сияқты көрінеді. Өйткені КСРО кезінде соғыс батырларын құрметтеу аса маңызды іс болған. Әсіресе әйелдердің ерлігіне қатты көңіл бөлінген.
Егер Иван Кожедубтың барлық марапаттары мен Мәдина Ысқақованың марапаттарын салыстырар болсақ, қазақтың қайсар қызында ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденінен жоғары марапат жоқ екен. Даңқты ұшқыштың тылын қорғап, барлық отты жылдарды бірге өткен Мәдинаның өмірі неге бұлай болды сауал өз-өзінен туындайды.
Мәдина Ысқақова – қазақтың атақты ханы Абылайдың тікелей ұрпағы. Оның ақсүйектік тегі КСРО партия органдарының шешіміне ықпал етуі мүмкін бе еді? Сонымен қатар Мәдинаның әкесі молда болған. Сонау бір қиын заманда оны намаз оқып отырған жерінен тұтқындап, белгісіз жаққа алып кеткен екен.
Егер Иван Кожедубың соғыс кезіндегі суреттеріне үңілсек, оның тұлғалы, келбетті азамат болғаны байқалады. Ол өзімен барлық соғыс қиындығын бірдей кешкен сұлу, талдырмаш бойлы Мәдинадан екі-ақ жасқа үлкен. Ол Мәдинаға «Мэри, соғыс аяқталған соң сенің Қазақстаныңа келемін», – деп уәде берген екен. Бірақ келмеді.
Ал егер осы үкімет тарапынан болған жақтырмаушылықтың себебі екі жастың арасында бірге ұшу кезінде ұшқындаған махаббат емес пе екен? Партия органдары да, авиацияның әскери басшылығы да КСРО авиациясының атақ-даңқы Иван Кожедубтың қазақ даласындағы өз көмекшісін еске алып, оған барғанын қаламағандығы айдан анық. Коммунистің моральдық бет-бейнесі мен әскери авиацияның аңыз адамының беделі көп міндет жүктеген. Мұндай да болжамымызды да жоққа шығаруға болмайды.
Нағыз ерлікті мойындау – әділдікті қалпына келтіру болып табылады. Қанша адамды жалмаған қанды қырғанның аяқталғанына 73 жыл болса да, батырлықтың мерзімі ескірмейді. Қазақстанда Мәдина Ысқақова сияқты біз білмейтін батырларымыз қаншама? Ал қазақ қыздары ше? Қолына қару алып, ерлермен қатар соғысқан, қанды қырғынды көрген әр қазақ қызына батыр атағын беру керек деп ойлаймын. Өйткені соғыс әйел адамның ісі емес.
Өткенді ұмытпау, алдыңғы толқынды қадірлеу бұл кейінгіге сабақ болады. Заман жаңарған сайын ұрпақ та алмасады. Ал ұрпақты ұрпақ қадірлеу, қастерлеу ең жақсы қасиет. Бұл тұрғыдан келгенде, қазақтың үлгісі де, өнегесі де бөлек. Содан да шығар, қазақ жұртының шежіре жазып, бүкіл ата-бабаларын түгендеп отыратыны.
Екінші дүниежүзілік соғыс тарихытың көлеңкелі жағын зерттеп, тарихи әділдік орнату керек.
Көкшенің қарлығашы, белгісіз батыры Мәдинаның ерлігі Әлия, Мәншүк, Хиуаз сынды батыр қыздарымыздың қатарынан өзінің лайықты орнын алып, туған жері Көкшетау қаласына ескерткіш қойылып, көшеге аты беріліп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
«Елу жылда ел жаңа» деген даналық бар. Дегенмен ел тарихы ешқашан өлмейді. Өткеніңді білмей, келешекке сену мүмкін емес. Жас буын ұрпақ ата-бабаларымыздың қаһармандығы мен қайсарлығынан үлгі алады.
Сондықтан да өшпес ерліктің өнегесі болған бабалар аманатына адал болайық. Сонда күркіреп күндей өткен қырғын соғысқа қатысқан батырларымыздың ерлігі мен есімі ешқашан өшпек емес.