Ұлттық кітап күні – бұл рухани байлыққа бас иетін, әдебиеттің құдіретін дәріптейтін ерекше күн. Мемлекеттік қуыршақ театры бұл мерекені кітап пен театр арасындағы алтын көпірді жалғау арқылы атап өтуді жөн көрді.
23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай, Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры көрермендерге ерекше сый жасамақ. Әлемге әйгілі неміс жазушысы Отфрид Пройслердің балалар әдебиетіндегі жауһары саналатын «Кішкентай сиқыршы» повесінің желісімен сахналанған «Орман ғажайыптары» атты жаңа қойылымның премьерасын ұсынбақ. Балалар әдебиетінің алтын қорынан орын алған бұл шығарма – жақсылық пен зұлымдық, батылдық пен мейірім, адалдық пен ізгілік тақырыптарын қозғайтын ойлы туынды. . Ертегі кейіпкерлерінің сахнаға шығуы – кітапқа деген сүйіспеншілікті жаңа деңгейге көтерудің жарқын үлгісі.
Спектакльдің режиссері — еліміздегі қуыршақ театр режиссурасының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген, ерекше дарынымен танылған талантты өнер иесі Антон Зайцев. Оның шығармашылық жетекшілігімен Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының репертуары «Ана жүрегі», «Абай. Мен бір жұмбақ адаммын…», «Үйшік», «Бауырсақ», т.б. жаңа тыныс алып, заманауи режиссерлік шешімдер мен тың шығармашылық бағыттар арқылы жаңаша түрленіп, өзгеше лепке ие болды.
Қойылымның сахналық көркемдеуін жасаған – Ақтөбе облыстық қуыршақ театрының директоры, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, халықаралық және республикалық қуыршақ театр фестивальдерінің бірнеше мәрте «Үздік суретші» номинациясы бойынша жеңімпазы Әсия Құрманалина. Оның бейнелік шешімдері мен сахналық кеңістікті тани білетін кәсіби талғамы спектакльдің эстетикалық деңгейін айрықша биікке көтереді.Спектакльдің музыкалық әлемін композициялық үйлесіммен әрлеген – Андрей Долгоруков, ал сахналық қозғалыс пен пластикалық көріністерді хореографиялық тәсілдер арқылы мазмұнды еткен – Арстан Туйжанов.
Айта кетерлігі, жаңа қойылымда 15-тен аса түрлі қуыршақ түрі сахна төрінен орын алады! Көрермен қауым планшетті, тросты, паркетті, бойлы сынды сан алуан қуыршақ түрлерінің сиқырлы әлеміне еніп, әрбір кейіпкердің болмысы мен мінезіне терең үңілуге мүмкіндік алады. Әр қуыршақтың өзіндік пластикасы мен бейнелік шешімі арқылы спектакль көркемдік тұрғыдан байып, көрерменге ерекше эстетикалық әсер сыйлайды.
Аталмыш премьера аясында Алматы қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесімен бірлесіп мазмұнды мәдени шара ұйымдастырылады. Премьера алдында көрермен қауымға арнайы дайындалған кітап көрмесі ұсынылады. Бұл көрменің мақсаты – жас көрермендердің кітапқа деген қызығушылығын оятып, әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттыру, олардың рухани дамуына жол ашу.
Театр ордасы кітап пен театрды үндестіре отырып өтетін премьераға Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарын әдеби мұра мен сахналық өнерді қатар тамашалауға шақырады. Бұл бастама көрерменнің мәдени талғамын байытып қана қоймай, кітап оқуға деген ынтасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.
Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ