Басты бет » Жаңалықтар » JOLTAP-тан білім алып, жұмыс тапқандар көп

JOLTAP-тан білім алып, жұмыс тапқандар көп

2023 жылы Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбектің бастамасымен JOLTAP жобасы іске қосылды. Бүгінгі күнде жоба қарқынды дамып, көптеген азаматтардың тұрақты жұмыс табуына, табысын артыруға көмек көрсетіп отырған мүмкіндіктер ашып отыр. Жұмыссыз қалған елорда тұрғындары қысқа мерзім ішінде жұмысшы мамандық және цифрлық мамандықтар бойынша білім алып, жұмысқа орналасса, араларында кәсіп бастағандар да бар. Жобаның негізгі қатысушылары – жұмыссыздар мен еңбек нарығында бағдарланбағандар, NEET санатындағы жастар, тәжірибесі мен біліктілігі жоқ адамдар, аса мұқтаж және кірісті арттыруға мүдделі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және тұрақсыз жұмыспен қамтылғандар.

Халыққа жәрдем көрсету мақсатында құрылған JOLTAP жобасы жайлы толығырақ жоба жетекшісі Ерасыл Ділдәймнан сұрап білдік.

– JOLTAP жобасының құрылуы жайында айтып берсеңіз?

– Жоба 2023 жылдың маусым айында Астана қаласы әкімінің бастамасымен ұсынылған болатын. Жобаның серіктес-операторы – «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қоры. «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттері 2023 жылдың қыркүйек айында іске қосылды. JOLTAP оқу сыныптарында білім беру 2023 жылдың қараша айында басталды.

Аталған пункттер жобаның кіреберіс нүктесі болып табылады. Мұнда келушілерді арнайы дайындықтан өткен кеңесшілер қарсы алып, келесі қызметтер ұсынады:

— Мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес беру (мысалы: АӘК алу, тұрғын үй кезегіне тұру, бизнес ашуға арналған гранттар);

— Қысқамерзімді оқуға жазылу (10 жұмысшы мамандық және 7 цифрлық мамандық);

— Жұмысқа орналасуға жәрдемдесу (jumystap.kz платформасында тіркеу, бұл жерде қаладағы 2 мыңнан астам кәсіпорынның, соның ішінде Magnum, SF, JumisGO сияқты жоба серіктестерінің бос жұмыс орындары жиналған);

— Қосымша цифрлық көмек көрсету (ЭЦҚ алу, egov порталына тіркелу және т.б.).

Жоба іске қосылғаннан бергі 1,5 жыл ішінде:

— 30 мың адам еңбек шараларымен қамтылды;

— Колл-орталық 100 мыңнан астам кіріс және шығыс қоңыраулар жүргізді;

— 11 мың адам жұмысшы және цифрлық дағдылар бойынша оқытылды;

— Әкімдікке 5 мың мемлекеттік қолдау шараларын алу туралы өтінім берілді;

— 3 мың адамға цифрлық көмек көрсетілді (ЭЦҚ, kezekte және т.б.);

— 7 мың адам қала кәсіпорындарына жұмысқа орналасты, өз ісін ашты немесе фрилансер болып жұмысын бастады;

— 1 мың адам жеке кәсіп ашты.

Қандай мамандықтар бойынша білім бересіздер және көбінесе қандай мамандық сұранысқа ие? Белгілі бір мамандықты қанша уақыт ішінде меңгеріп шыға алады?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, 10 жұмысшы мамандық және 7 цифрлық мамандық бойынша оқытылады.

Жұмысшы дағдылары бойынша:

  • «Тігінші мамандығы» – 22 күн, 18-50 жас аралығында;
  • «сәнгер-құрастырушы» – 15 күн, 18-50 жас аралығы;
  • «бариста» – 5 күн, 18-35 жас аралығы;
  • «сатушы-кассир» – 18-50 жас;
  • «бухгалтерлік есеп негіздері» – 13 күн, 18-50 жас аралығы,
  • «электргазбен дәнекерлеуші» – 10 күн, 18-40 жас аралығы;
  • «аяқкиімді жөндеу шеберханасы» – 12 күн, 20-50 жас аралығы;
  • «корпустық жиhаз жасау негіздері» – 8 күн, 18-50 жас аралығы;
  • «автокөлік майын және шиномонтаж пункті» – 15 күн, 18-40 күн аралығы;
  • «kaspi-магазинінде сауда жасау негіздері» 6 күн, 18-50 жас аралығы,
  • «willdberries-те сауда жасау негіздері» 4 күн, 18-50 жас аралығында.

Цифрлық дағдылары:

  • Графикалық дизайн 15 күн, 18-35 жас аралығы,
  • веб-дизайн және сайт құрастыру 12 күн, 18-35 жас аралығы,
  • контент-криэйтор 7 күн, 18-35 жас аралығы,
  • smm 7 күн, 18-35 жас аралығы,
  • таргетолог 15 күн, 18-35 жас аралығы,
  • видеомонтаж 12 күн, 18-35 жас аралығы,
  • негізгі цифрлық дағдылар 5 күн, 18-50 жас аралығында.

Қазақстандықтардан келіп түскен өтініштердің басым бөлігінде белгілі бір курсқа емес, жалпы жаңа дағдыларды меңгеру мүмкіндігіне қызығушылық танытылады. Жас буын жұмысшы дағдыларын «hard skills» ретінде қарастырады, оларды алғашқы рет еңбек нарығына шығу үшін қажет деп санайды. Сондықтан олар бариста, корпустық жиһаз жасау және басқа да жұмысшы мамандықтарын қуана үйренеді. Ал цифрлық дағдыларды фрилансқа шығу мүмкіндігі ретінде қабылдайды. Жасы үлкен буын өкілдері жұмысшы дағдыларды жаңа, өздеріне ыңғайлы салаға қайта бейімделу үшін үйренеді. Ал цифрлық дағдыларды – нарықтан қалыс қалмай, цифрландыру процесіне ілесіп отыру үшін меңгереді. Сонымен қатар бірнеше курсты біріктіріп оқу тәжірибесі де жиі кездеседі. Мысалы, әйелдер «Тігін ісі» және «Модельер-конструктор» курстарынан өтіп, тігіншілікті меңгерген соң, өз брендін дамыту үшін «SMM», «Таргетолог» және «Графикалық дизайнер» курстарын жалғастыра оқиды.

Ерлер арасында «Электрогазбен дәнекерлеуші» курсы сұранысқа ие. JOLTAP сыныптарында теорияны меңгергеннен кейін, оқушылар YDA көпсалалы зауытында практикадан өтеді. Кейбірі сол зауытта жұмысқа орналасып қалады. Мысалы, Талғат есімді түлек өз тобындағы бірнеше бітірушілермен бірігіп, ЖК ашып, тапсырыс қабылдай бастаған.

Оқу тегін бе әлде ақылы түрлері де бар ма?

– JOLTAP жобасы аясында жұмысшы және цифрлық дағдыларға оқыту толығымен тегін. Оқу аудиторияларына кіреберістегі бахиладан бастап, дәптер мен қаламға дейін, практикалық сабақтарға арналған барлық шығын материалдары да, мысалы, «Бариста» курсында – кофе, сүт; «Тігін іс» курсында – мата, лекало, жіп, түйме; «Корпустық жиһаз жасаудың негіздері» курсында – тумбочка жасауға қажетті материалдар барлығы тегін беріледі.

– JOLTAP жобасын кім жүзеге асырады?

– Жобаның операторы – «Жаңа мүмкіндік» қоры. Оқыту бағдарламаларына зияткерлік меншік құқығы, оқу сыныптарының, модульдік пункттердің және call-орталықтың жабдықтары мен құрал-жабдықтарына осы қорға тиесілі.

– Қанша адама мамандық меңгеріп, жұмысқа орналасты?

– Жалпы саны 30 мың адам оқыған болса, түлектердің 70%-ы жұмысқа орналасты.

Алда тұрған мақсат-міндеттер қандай?

– Мүмкіндігінше азаматтарды көбірек оқытып, жұмысқа орналастырсақ дейміз.

Курс оқушыларына стипендия төлене ме?

– Жоқ, стипендия қарастырылмаған.

Сіздердің тәжірибелеріңізде ерекше немесе стандарттан тыс мамандықтарды үйретуді сұрағандар болды ма?

– Сұраныстар әрдайым көп түседі. Қазіргі кейбір курстар тұрғындардың өтініші бойынша ашылған. Мысалы, «Kaspi-дүкенде сауда жүргізу негіздері» және «Бухгалтерлік есеп негіздері». Алайда ерекше немесе стандарттан тыс мамандықтар бойынша сұраныстар болған жоқ.

 – Ақпараттарыңызға рахмет! Қызметтеріңізге сәттілік тілейміз!

Перизат САПАРОВА,

 Jastar janary