Маңғыстаудың 87 жастағы қолөнер шебері Шархат Төлемісова Димаш Құдайбергенге арнап жасаған шашағын табыстау үшін «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» мерекелік шарасының ашылу салтанатына арнайы келіп, 2 күн бойы қатысты, деп жазды Jastar janary Otpannews.kz-ке сілтеме жасап. 

Бұған дейін біз 90 жасқа таяған кейуананың Димашқа арнап шашақ жасап, оны өз қолымен табыстағысы келетінін айтқан болатынбыз.
«Біз – қазақпыз. Қазақтың кішкентай қызы болып өстік, қазір ана болдық, ауылдың данасымыз. Димаш – өзіміздің баламыз. Ақтауға келеді дегенді естіген соң, «неге бір тал шашақ байламасқа?» деп ойладым. Сондықтан кездесіп, домбырасына өз қолыммен тағуды жөн санадым», – деді қарт ана.
Бүгін Димаш Құдайберген ақ тілеулі анамен арнайы кездесіп, өзіне арнаған шашақты алды.
«Әлеуметтік желіден әжеміздің маған арнайы шашақ жасағанын оқып білдім. Кеше концерттен соң әжемізбен кездесе алмағаным ойымнан кетпеді. Бүгін ағаларыма айтып, арнайы кездесіп отырған жәйім бар», – деген Димаш әженің қасына еріп келген 10 жасар шөбересіне алқасы мен жүзігін сыйға тартты.