Қазақ қоғамында әулетімізге қыздың артынан ұл келсін деп ырымдап қоятын 300-ден аса есім бар.
БҰҰ-ның халық мәселелері жөніндегі қоры бекіткен статистикаға сәйкес елімізде мұндай атты арқалап жүрген қыз-келіншек саны 75 400. Адамның аты емес, өмірбойы арқаға салған ауыр жүк іспетті. Әу баста сені қаламағанын сезіну, түсіну бір сәтке болсын оларды ойландырмады дегенге сену қиын. Әлеуметтік желілерде осы тақырыпты көтерген пост, бейнеролик астындағы пікірлер сөзімізді растайды. Әпкесінің аты – Ұлболсын, інісінің аты – Құдайберген боп өмір сүріп жатқан отбасы аз емес.
«Ұрпағым жалғассын, ұл болсын» деп қыз балаға «құпия кодты» есімді жүктеу – әсте орынсыз, әділетсіз. Балаға ат қоюда немқұрайлылық танытпаған дана халық едік қой деп қарның ашады. «Еркектен еркек туады», «Ана Серіктің әйелі төртінші ұлды туды, сен неге қыз туа бересің», «Ұл туып беретін әйел аламын» деген сөздерді естіген, естіп жүрген әйелдер қаншама?! 9 ай 9 күн көтеріп, тар құрсағыңды кеңітіп, тас емшегіңді жібітіп, түн ұйқынды төрт бөлгенде жан жарыңнан еститін сөзің осындай болғанына қалай әттегең-ай демейсің?!
«Қыз ғана туа бердің ғой» деп әйеліне ренжитін ер адамдар, жоқ дегенде, сол күні биология сабағында болмағандар, ал ең нашар жағдайда – жетілмегендік пен сексизмді көрсетеді. Біріншіден, баланың жынысы ер адамға байланысты, өйткені дәл оның сперматозоидында X немесе Y-хромосома болады. Егер тек қыздар туылса, бұл оның тек X-хромосоманы бере алғанын білдіреді. Сондықтан бұл жағдайда әйелін кінәлау – айнаға қарап өз бейнесінен жиіркенуімен тең.
Екіншіден, мұндай көзқарас көбінесе гендерлік стереотиптерден туындайды, онда ұлдар «ұрпақ жалғастырушы», «текті сақтаушы» немесе «шаңыраққа ие боп қалушы» ретінде қарастырылса, ал қыздар екінші дәрежелі болып саналады. Бұл – ескірген және әділетсіз көзқарас, ол отбасыдағы қарым-қатынас пен бала тәрбиесіне кері әсер етуі мүмкін.
Сауатты ер адам баласының жынысына ешкімді кінәламайды, қоғамдық стереотиптерге қарамастан, баласын жақсы көріп, алаламайды. Себебі баланың құндылығы оның жынысына байланысты емес.
Балалар – ең алдымен жеке тұлға, ал олардың өмірдегі орны мен маңыздылығы тек гендерлік рөлдермен өлшенбеуі керек.
Осындай өзекті мәселені көтеріп, қоғамдағы шиеленіскен стереотиптерді бұзу үшін режиссер Дархан Карипов көрермен назарына «Жеті гүл» лирикалық комедиясын ұсынады. Басты рөлдерде Олжас Абай, Ұлбосын Шалқарова, Мадина Оспан ойнайтын фильм 6 наурыздан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіледі. Басты кейіпкер Жұлдыз – алты қыздың анасы, қазір жетінші баласын күтіп жүр. Алайда ол ұлды қатты армандап жүрген күйеуін ренжітіп алудан қорқады. Кезекті қызын дүниеге әкелген соң, ол көпті қынжылтар іске барады, қандай іс екенін кинотеатрға барып көре аласыз. Әлеуметтік желілерде қызығушылық тудырып, көрермен назарын әлден бұрған фильм үмітті ақтап, көңілдерге ой салады деп сенеміз.
Ырымның да, ат қоюдың да жөні бар. Ұл қаладым екен деп, дүние есігін енді ашқан перзентіңіздің өзің қажетсіз сезінуіне жол бермеңіз.
Сәния ИБРАЕВА