Ақтау қаласының маңында «Баку-Грозный» бағытындағы ұшақ апатқа ұшырады. Ұшақ «Azerbaijan Airlines» авиакомпаниясына тиесілі. Көлік министрлігінің алдын ала ақпаратына сәйкес, бортта 6 – Қазақстан, 37 – Әзербайжан, 3 – Қырғызстан, 16 Ресей азаматы болған.
«Әзербайжан тарапының алдын ала ақпараты бойынша бортта 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған», – делінген министрлік хабарламасында.
Ұшақ апатына байланысты Үкіметтік комиссия құрылды.
Ақтау қаласы әуежайының маңында болған Az Airlines әуе компаниясының Embraer 190 ұшағының апатқа ұшырау себептерін тексеру бойынша Үкіметтік комиссия құрылды. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Комиссия құрамына Премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.
– Комиссияға оқиға орнына дереу ұшып барып, ұшақтың апатқа ұшырау себептерін жан-жақты тексеруді қамтамасыз ету, қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету шараларын қабылдау тапсырылды, – делінген хабарламада.
Қазақстан Үкіметі Әзербайжан Үкіметімен болған оқиғаның себептерін жан-жақты тергеу және алғашқы көмек көрсету бойынша бірлесіп жұмыс істеуде. ТЖМ-ның хабарлауынша, осы сағатта ұшақ апатынан зардап шеккен 29 адам, оның ішінде 2 бала ауруханаға жатқызылған. Авариялық-құтқару жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Қазір қаза тапқандар мен зардап шеккендердің тізімі нақтылануда.