Басты бет » Жаңалықтар » ЖЕЛТОҚСАН АЛАҢЫ 

ЖЕЛТОҚСАН АЛАҢЫ 

1986 жылы 17-18 желтоқсан аралығында Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық іс-қимылдары. Бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқы тарихындағы елеулі оқиға болып табылады.

Көтерілістің басталуына Мәскеудегі орталықтың республика халқының пікірімен санаспастан Ресейдің Ульянов облысы партия коммитетінің 1-хатшысы Геннадий Колбинді ҚКОК-нің 1-хатшысы етіп тағайындауы түрткі болды.

Қазақстан тәуелсіздігін алған соң Желтоқсан көтерілісі туралы шындық қалпына келтіріліп, бұл жөнінде «Желтоқсан. 1986. Алматы.» (құрастырылған Т.Өтегенов, Т.Зейнәбілов), «Желтоқсан құрбандарын жоқтау», «Ер намысы — ел намысы» жинақтары, К.Тәбейдің «Мұзда жанған алау», Т.Бейісқұловтың «Желтоқсан ызғары» кітаптары мен “Желтоқсан” (бас редакторы Х.Қожа-Ахмет) газеті жарық көрді, «Аллажар” (1991, реж. Т.Теменов), “Қызғыш құс” кинофильмдері түсірілді.

Оқиғаға қатысқандарды саяси тұрғыдан қуғындау басталды. 99 адам сотталды, 264 студент оқудан шығарылды. 1987 ж. жазда КОКП Ок қаулысы шығып, желтоқсан оқиғасы қазақ ұлтшылдығының көрінісі ретінде бағаланды. Желтоқсан оқиғасы қоғамның саяси өмірін демократияландыруға серпін берді.

Осы күнге дейін мемлекет желтоқсан көтерілісінің тарихи маңызын жоғарлатуға зор үлес қосып келеді. Көтерілісінің құпиялары толығымен ашылған жоқ.

Көтеріліс хронологиясы

Солдан оңға қарай: Түгелбай Тәшенов, Жамбылбек Тайджумаев, Қайрат Рысқұлбеков, Қайыргелді Күзембаев өздеріне шығарылған сот үкімін тыңдап тұр.

Нұрсұлтан Назарбаевтың естеліктері бойынша, ол Колбиннің кабинетінен шыққаннан кейін алаңға бет алды. Бұл сәт ол үшін өмірді «дейін» және «кейін» деп бөлу нүктесі болды. Алаңда қарама-қайшылық қақтығыс басталды, онда екі тарап келіссөзге келуге дайын болмады. Бір тарап наразылық білдірушілерді айыптады, екінші тарап тастар мен мұз кесектерін пайдаланды. Күш қолдану наразылық білдірушілерден басталғанына қарамастан, полиция мен барлау агенттіктері оларды қатаң жазалау шараларын ақтау үшін агрессивті әрекеттерге итермеледі. 17 желтоқсанда кешке жағдай ушығып кетті. Орталық Комитеттің кабинеттерінің бірінің терезесіне зымыран тасығыштан оқ атылды, бұл өрттің басталуына әкелді. Бұл наразылықтарды басу үшін қатаң операцияны бастауға себеп болды. Назарбаев арандатуды арнайы қызметтер ұйымдастырды деп мәлімдейді, себебі олар наразылық білдірушілерге зорлық-зомбылық тудыру үшін қару-жарақ берген болды.

17 желтоқсан күні таңертеңгі сағат 8-де қаладағы Леонид Брежнев атындағы алаңға (қазіргі Республика алаңы) саяси тәуелсіздікті талап еткен ұрандармен алғашында 300-дей адам жиналып, кешкісін көтерілісшілер саны 20 мыңға жетті. Бірақ көтерілісшілердің қойған талап-тілектері аяқ асты етіліп, “бұзақыларды” күшпен тарату мақсатында алаңға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы әскери күштер тобы жеткізілді. КСРО ІІМ-нің бұйрығы негізінде дайындалған “Құйын — 86” операциясы бойынша көтеріліс қатыгездікпен басып жаншылды.

18 желтоқсан күні алаңға қайта жиналмақ болған көтерілісшілерге қарсы әскер күші қолданылды. Көтерілісшілердің қалған топтарын ығыстыру үшін жедел отряд, милиция мен жасақшылардан арнайы топтар құрылып, қала көшелеріне аттандырылды.

Осы әскери күштер 19 желтоқсан күні қаланың әр тұсында қайтадан шеруге шықпақ болған 6 топты басып, таратты. Алаңдағы көтерілісшілер таратылған соң ішкі істер бөлімдеріне 2401 адам жеткізілген (Алматы түрмесіне сыймағандықтан, қала сыртына апарып тасталғандарды қосып есептегенде барлығы 8,5 мың адам ұсталған). Желтоқсан көтерілісі құрбандарының қатарында Е.Сыпатаев, С.Мұхаметжанова, К.Молданазарова, Қ.Рысқұлбеков, М.Әбдіқұлов, Л.Асанова сынды ержүрек қазақ жастары бар.

Желтоқсанның 19 — 23 аралығында халықтың наразылық шерулері мен митингілер Қазақстанның ЖезқазғанТалдықорғанКөкшетауҚарағандыАрқалықПавлодарЖамбылТалғарСарқан, т.б. қалалары мен Сарыөзек, Шамалған, Шелек елді мекендерінде жалғасты.

ҚАБІРДЕН ХАТ 

(Қайрат Рысқұлбековтың монологы)

Армансызбын,
Ажалсызбын,
Азатпын,

Мендегі мұң ғажап әрі азап мұң.
Ұлтым үшін ұлтарақпын,
Аз десең,
Сүйегіммен, сүтіммен де Қазақпын!

Көкбөрінің сіңіріндей сірімін,
Сол үшін де ажалсызбын, тірімін.
Шындық үшін құрбандыққа шалынып
Шырылдаған құлындардың бірімін.

Талай-талай тоналдым да тапталдым,
Өзімді-өзім жоғалтуға шақ қалдым.
Көк көйлекті көктемде туылып
Желтоқсанда еріп кеткен ақ қармын.

Күңіренсе үн шығады көрден де,
Шертілмеген шерім қанша шерменде.
Өз тіліңде өмір сүріп,
Сонан соң,
Не жетеді өз тіліңде өлгенге.

Мен сұрасам – теңдігімді сұрадым,
Теңдігімнің кемдігіне жыладым.
Ай күзетіп Ару сүйер жасымда
Мен ажалдың құшағына құладым.

Кек алатын кәріден де, жастан да,
Қу тіршілік құпиясын ашқан ба?!
Бауыр қалды өзегіне өртеніп
Ана қалды сүтін сауып аспанға.

Тәуелсіздік – Қазақ үшін ғажап құт,
Ғажап құтқа жүрмейді енді мазақ түк.
Бөрі мінез Бабалардың арманы –
Айналайын, алтын қанат – Азаттық!

Саған құрбан жастығым да, жаным да,
Саған құрбан атпай қалған таңым да.
Тереңдігі қабірден де тереңдеу
Менің қайғым – Қазағымның қанында!

Әлібек Шегебай

ЖЕЛТОҚСАН АЛАҢЫ 

Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер.
Желтоқсанда ызғырықтан тітіркеніп көк пен бел,
Бұл жер, қалқам, асқақ рух жарылысы өткен жер,
Қайта оянған ұлт намысы қызыл қанға бөккен жер,
Ерте есейген ару қызды шаштан сүйреп, тепкен жер,
Жатты мұнда естен танып күзге айналған көктемдер.

Алаң шетін қоршап тұрған шыршаларға алакөк,
Жас бүлдіршін, сезіміңді жанар етіп қарап өт.
Сол арадан сатқындық та елестейді қара бет,
Қара беттің көбі бүгін дара тұлға, дара бет.

Жас бүлдіршін, мұз құрсанған шыршаларға қарап өт,
Заманыңның жеңісі мен жеңілісін санап өт.
Ұлттың бағы жанар ма екен хас тұлпары, нары жоқ,
Кемсітпекші «желтоқсанның жалаң аяқтары» деп.

Жоқ!! Кешегі сын сағатта көкірегінде жанып от,
Тұрған солар аяз сорған қызыл беттің ары боп,
Дәуірінің тауығына шашылған тары боп.

Тірліктегі әр ісіңнің жаңғырығы болады
Бұл табиғи жасырын заң өзгеріссіз қалады,
Сол заңға сені бақыт, не сор іздеп табады.

..Дүниені дүр сілкінткен жас толқынның саналы
Даңқын ешкім, ешкім бүркей алмас. Оны да еске салады
Желтоқсанның бас алаңы, қайсар рух алаңы.

Мұхтар Шаханов