Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысында «Айтыстың ақтаңгері» атағына ие болған айтыс ақыны Жансая Мусинаны қабылдады.
Өңір басшысы Жансая Ғалымжанқызын жеңісімен құттықтап, ұлттық құндылығымыз – айтыс өнерінің дамуына қосып жүрген үлесі үшін алғысын білдірді.
«Ғасырдан-ғасырға жалғасып, халықтың рухани қазынасына айналған – айтыс өнерінің жандануы жолындағы Сіздің еңбегіңіз зор. Республикалық және халықаралық деңгейдегі айтыстарда ел мен халық үшін түйткілді мәселелерді қозғап, ел бірлігі мен ынтымағын көркем тілмен халықтың жүрегіне жеткізіп жүрсіз. Киелі өнерімізді насихаттап, Ақжайық өңірінің атын шығаруға атсалысқан еңбегіңізге алғысымды білдіремін», – деді Нариман Төреғалиұлы.
Естеріңізде болса, үстіміздегі жылдың 7-8 желтоқсан күндері Астана қаласында «Алтын домбыра» жылдың қорытынды айтысы өткен болатын. Аталмыш айтыстың бірінші айналымында жоғары деңгейде өнер көрсеткен Жансая Мусинаға шаппай бәйге беріліп, «Айтыстың ақтаңгері» деген атақ қоса табысталды. Айтыс тарихында «Алтын домбыра», «Асыл домбыра», «Айтыстың ақтаңгері» атағын қатар иеленген әзірге «Жайықтың Жансаясы» атанған Жансая Мусина ғана.