JOLTAP әлеуметтік бағдарламасы елорда азаматтарына жаңа кәсіптерді тегін меңгеруге жол ашады. Жоба қатысушылары әртүрлі деңгейдегі тәжірибесіне қарамастан, аз уақыттың ішінде білікті маман атануға мүмкіндік алды, деп хабарлады Астана әкімдігінің ресми сайты.
JOLTAP жобасы аясында тігін шеберлігінен дәріс алған Эльвира Тоқтамыс 3 апталық курс жайлы пікірін бөлісті. Астана тұрғыны өз сөзінде аз уақыт аралығында тек белгілі бір киім үлгісін тігуді ғана емес, пішуді және тігуді бастан-аяқ үйрететіні білікті маман атануға үлкен қадам екенін атап өтті.
«Тігін тігуді үйреніп, оны кәсібіме айналдыруды мақсат еткеніме көп болды. Бұл JOLTAP бағдарламасына дейін екі түрлі ақылы курсқа қатыстым, дегенмен біліктілігімді арттырып, жақсы тігінші болуға көмектескен осы курс қана. Алғашында қарапайым тігу әдістерін үйреткенде, «не қажеті бар» деп ойлап едім, бірақ осы сабақтардың арқасында кез келген киімнің пішінін қайталай алатын болдым», – дейді Эльвира Тоқтамыс.
Эльвира – жеке кәсіпкер және HR маманы. Өзі де дәріс оқып, жаңа бухгалтер мамандарына Exсel және 1C бағдарламаларында жұмыс істеуді үйретеді. Сол себепті аталмыш жоба оқытушыларының еңбегін жоғары бағалады.
«Маған күніне екі аудиторияға дәріс оқудың өзі ауыр. Ал оқытушымыз күніне он сағат дәріс оқыса да, әрдайым ашық-жарқын, көмектесуге дайын болды. Маман ретінде де оның жұмыс дағдыларының орасан зор екенін байқайсыз», — деді жоба қатысушысы.