Басты бет » Жаңалықтар » Айжібек Бекболатқызы, стилист: БИЫЛҒЫ ҚЫСТА ҚОҢЫР, ШИЕ ТҮСТЕС КИІМДЕР СӘНДЕ

Айжібек Бекболатқызы, стилист: БИЫЛҒЫ ҚЫСТА ҚОҢЫР, ШИЕ ТҮСТЕС КИІМДЕР СӘНДЕ

Адамның көркін ашып, одан әрі сұлулығына үлес қосатын ол – әр жанның киім киісі. Әдемі болып киіну үшін міндетті түрде  қымбат брендтті киімдерді кию шарт емес. Ең бастысы, жоғары талғам. Сіздің киген киіміңізге қарай талғамыңыздың қандай екенін аңғаруға болады. Ал талғамды киіну үшін көп киімнің болуы маңызды емес. Жәй ғана жоқтан бар жасап, санаулы киімнің өзінен-ақ бірнеше образдарды жасап шығаруға болады. Ол үшін сіздің сатып алған киімдеріңіз фигураңыз бен бет-әлпетіңізге сай келіп, бойыңыз бен  салмағыңызға тура келсе болғаны.

 Негізінде, көптеген қыз-келіншектер өзіне ненің жарасып, ненің жараспайтынын, жақсы біледі. Десе де, киімдердің түстерін сәйкестендіріп киіне алмай жатады.

Танымал дизайнер Айда Қауменова айтқандай, «осы жылы мына зат мода, келесі жылы анау зат мода» деп жыл сайынғы трендтерден қалмау дұрыс емес.

Себебі әр жылда түрлі трендтегі киімдер сәнге енгенімен біреуге жарасса, енді біреуге жараспауы мүмкін. Сол себепті де сәнді болып көрінгіңіз келсе, жарасымды киінуді білуіңіз қажет. Жарасымды әрі сәнді киім адамның көркіне өң беріп қана қоймай, оның күні бойы көтеріңкі көңіл күйде жүруге ықпалын тигізеді.

Осы тақырыпқа орай, жаны сұлулыққа құмар нәзікжандылардың назарына,  биылғы жылы қандай киімдердің сәнде болатынын білу үшін стилист маман Айжібек Бекболатқызынан сұрап білдік.

Биылғы жылдың трендіне айналған түстер мен киімдер қандай?

Биылғы жылдың қыс мезгілінде былғарыдан жасалған сөмкелер, пиджак, леопардты принтті (суретті) киімдер мен шие түстес қызыл, қою шоколад түсті, джинсы матасы секілді көкшіл және ақшыл сүтті түстер сәнге айналмақ. Қызыл түстес киіммен ашық сүтті киімді, көк түспен қара түсті, шоколадты қоңыр түспен көкшіл киімдерді үйлестіріп киюге болады. Егер таңдаған образыңыз сәнді болып көрінгенін қаласаңыз, бір ғана түстен емес, жоғарыда атап өткен түстерді біріктіре отырып жақсы образдарды жасап шығаруға болады. Және де белі қыналып тігілген, белді айқындап тұратын пиджак, пальто, курткалар биылғы жылы сәнде. Қыналып тігілген кез келген киім дене бітімін әдемі, жинақы әрі сәнді көрсетеді. Сондай-ақ көлемі үлкен сөмкелер трендте.

Дегенмен де тренд екен деп барлығын ала бермей, дене бітіміңіз, бойыңыз, салмағыңыз, түр-әлпетіңізге қарай таңдау қажет. Мәселен, бойыңыз 1.60-тан төмен болса, көлемді сөмкені ұстауға кеңес бермеймін. Себебі бойыңызды одан әрі қысқа етіп көрсетеді.

Қандай сыртқы киімдер сәнде, оларды қалай таңдаймыз?

Тек қана жеңіл киімдерді ғана емес, сыртқы киімдерден де қоңыр, шие түстес етіп алуға болады. Ал сыртқы киім таңдаған кезде ең алдымен оның иығындағы тігісіне назар аударамыз, иығы иықпен дәлме-дәл келгені дұрыс, тігісі төмен түсіп кетпеуі қажет. Иықтан кейін беліне назар аударамыз. Екі түрлі ұзындық бар,  біреуі,  жамбасты жауып аяқталатын ұзындық, яғни қолымызды тік түсірген кезде алақанымыздың ортасына келіп аяқталатын болса пиджак таңдағандағы ұзындық сияқты куртканы да осылай таңдауға болады. Яғни, сіз оны белдемшемен де, шалбармен де үйлестіріп кие аласыз. Екіншісі, одан да ұзын алғыңыз келсе, тізеден төмен тобықтан жоғары болғаны дұрыс.

                                                                                             Перизат САПАРОВА

Фотосуреттер ашық ақпарат көздерінен