Басты бет » Жастар үні » Күмісай ЖУМАНИКА, «Тұмар» командасының мүшесі: «Жайдарман» өнерлі жастардың танылуына жол ашты

Күмісай ЖУМАНИКА, «Тұмар» командасының мүшесі: «Жайдарман» өнерлі жастардың танылуына жол ашты

«Жайдарман» – әзілқойлар мен тапқырлар сайысы. Бүгінде «Жайдарман» ойындары – өнерге, өзін дамытуға, әзілге құштар қазақ жастарын бір ортада тоғыстырған өнер алаңына айналды. Жыл сайын жаңа командалармен қатары толығып, өнерге қанат қаққан жастарды қанаттандырып, шыңдап келе жатқан әзіл алаңының жастар үшін өнегесі мол.

Жақында Қарағанды қаласында өткен «Жайдарман» ойындарының «Бірінші лига» финалы өтті. Осы финал ойынында топ жарып, чемпион атанған Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Тұмар» командасы туралы әңгімелеуді жөн көрдік.

Осы мақсатта аталған команданың мүшесі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Жоғары білім мектебінің 3-курс студенті Күмісай Жуманикамен сұхбаттасқан едік.

 Суретте: Мереке Багдалхаан, Ұлпан Бөршіханқызы, Күмісай Жуманика, Еңлік Дюсенбайқызы

Қайырлы кеш, Күмісай! «Жайдармандағы» «Тұмар» командасының жеңісі құтты болсын!

– Рахмет!

– Сұхбатымызды алдымен өздеріңізбен танысудан бастасақ. Қай өңірдің тумасы боласыздар, қандай мамандық бойынша білім алып жатырсыздар?

– Jastar janary порталы ұжымына бізді сыйлап, құрметтеп сұхбатқа шақырғандарыңызға көп рақмет!

Біздің командамыз туралы айтып өтсем, команда капитаны Еңлік – Атырау қаласынан, команда мүшелері мен, Ұлпан және Мереке Қарағанды қаласынан боламыз. Біз қазір Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 3-курс студенттеріміз.

Біз Еуразия ұлттық университетінің Жоғары білім мектебінде Ұлпан, Мереке үшеуміз оқып жатырмыз. Ұлпан екеуміз «педагогика және психология» мамандығы бойынша білім алудамыз. Мереке «мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығында, ал Еңлік әлеуметтік ғылымдар факультетінің «философия және этика» мамандығында оқиды.

«Тұмар» командасы қашан құрылды? Қалай жасақталды?

«Тұмар» командасы 2022 жылы 2 желтоқсанда құрылдық. Бұйырса, жақында құрылғанымызға 2 жыл болады. Біз өзіміздің құрылу тарихымызды университіміздің жатақханасымен байланыстырамыз. Себебі біз бір-бірімізбен жатақханада таныстық. Басымыздан көптеген қызықтар оқиғалар да осы жатақханада өтті. Университеттің факультетаралық «Жайдарманын» ең алғаш рет инстаграмнан көрдік. Ең әуелі командамыз 8 адам болып құралып, одан іріктеле келе 4 қыз қалдық. Жалпы, біз университетке дейін «Жайдарманда» ойнамадық. Біз университетке түскеннен кейін ойнап бастадық.

– «Жайдарманға» деген қызығушылық қай кезеңнен басталды? «Жайдарманға» қалай келдіңіздер? Жалпы, бұл ойынға келулеріңізге не себеп болды?

– Біздің «Жайдарманға» деген қызығушылығымызды капитанымыз Еңлік ашты. Себебі инстаграмды бір күні қарап отырсақ, Ректор кубогіне іріктеу деген хабарландыруды көріп қалдық. Содан Еңлік команда құрды. Ректор кубогінің іріктеуі болған кезде біз өте жақсы дайындықпен бардық. Сол кезде іріктеу кезеңінен тікелей жолдамамен өттік. Кейіннен Ректор кубогін ұтып алдық. Ең алғашқы ойынымыз өте күшті болып, осылайша «Жайдарман» ойындарына деген қызығушылығымыз арта түсті.

«Күлдіре білу өнер, күле білу өмір» демекші, ең алғаш сахнаға шыққан кезде қобалжу, әзілден шатасып секілді оқиғалар болды ма?

– Иә, әрине, әр адамда ең алғаш рет сахнаға шыққанда және шығар алдында қобалжу болады. Біз сахнаның артында қатты қобалжып тұрамыз. Бірақ сахнаға шыққан кезде қобалжудың барлығын ұмытып кетеміз. Себебі біз сахнаға шыққан кезде көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, бірден қобалжығанымыз басылады.

19 қараша күні Қарағанды қаласында өткен «Жайдарманның» «Бірінші лига» ойыны финалында чемпион атандыңыздар. Ойын қалай өтті?

– Мұнда әр қаладан келген 5 команда өнер көрсетті. Оның ішінде екі қыздардан құралған команда – Арқалықтан келген «Арман» құрамасы және біз, астаналық «Тұмар» командасы болдық. Жалпы, финалдық ойында бізде сайыс екі кезеңнен тұрды. Сәлемдесу мен көрініс көрсету. Республикалық «Бірінші лиганың» редакторы 2023 жылы жоғарғы лиганың чемпионы атанған «Қыздар емес» командасының белді мүшесі Олжас Тұрғали ағамыз бізді осы ойын үшін 5 күн алдын шақырып, редактуралық жұмыстар өткізді. Ойынға дайындық өтті.

Қарағандыда өткен республикалық «Бірінші лиганың» қазылар алқасы құрамында жай адамдар болған жоқ. Онда Есен Елеукен мен Қазақстан КВН одағының вице-президенті, «Алмалы» құрамасында ойнайтын Олжас Опанғалиев, «Дежавью» құрамасының ойыншысы Асланбек Қуанышев, «Жуалы» құрамасындағы Қайрат ағамыз және танымал блогер Назерке Есен болды.

Жалпы, республикалық «Бірінші лига» ойыны өте бәсекеге толы ойын болды деп айта аламын. Себебі әр команданың өзіндік стилі, ерекшелігі, көзге түсетін қырлары бар. Сол себепті де біз кәдімгідей жарыстық, «Кім чемпион болады екен?» деген сұрақ көкейімізде тұрды. Біз чемпион болғанымызға қуаныштымыз.

Ең бірінші көрерменнің көңілінен шығу болды ең басты мақсатымыз және де қазылар алқасына ұнау болды. Яғни, материалдың халыққа түсінікті әрі ой саларлық дүние болуын қадағалап көріністі де сәлемдесуді де бір бағытта жаздық.

Университеттен қолдау көрсеткен Еуразия ұлттық университетінің ректоры Сыдықов Ерлан Бәтташұлына, университетіміздің Жастар департаментінің басшысы Жамбыл Тілепов ағайымызға, Нұрлан Жаңабайұлы ағайымызға, факультетіміздің педагогика кафедрасының меңгерушісі Марзия Пазловна және философия кафедрасының меңгерушісі Асан Әзімханұлына, «Бірінші лига» ойынында көмектескен «Тау» құрамасының мүшесі Ернар, «Шоқан» құрамасының мүшесі Рысдәулет ағайларымызға, маусым бойы жүргізген Фурхат Курбанов ағамызға алғыс білдіреміз.

– «Жайдармашының» басты қаруы не деп ойлайсыз?

– «Жайдармашының» басты қаруы – сапалы әзіл. Сапалы әзіл арқылы сіз көрерменге ой салып та, күлдіре де аласыз.

Өмірде жеңіспен жеңіліс қатар жүрегендіктен ұтылған сәттегі сезімдеріңіз қандай болды?

– Әрине, өмірде жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді, оны біз білеміз. Әрбір ойында, жеңіліске ұшыраған ойынымызда, біз жеңілістен шыңдала түсіп, ары қарай дұрыс, сапалы, күлкілі әзіл жазуға ұмытылып келесі болатын ойынға мықты дайындықпен келуге тырысамыз.

Қазір «Жайдарман» ойындарына қызығатын жастар көп пе?

– Менің ойымша, қазіргі кезде «Жайдарманға» қызығатын жастар көп те, аз да емес, орташа деңгейде. Себебі көп жас жайдарманшылар осы «Жайдарман» жолын бастағанда сәтсіздіктерге, жеңілістерге ұшырағаннан кейін тастап кетіп жататыдар болады.

Сахнада өнер көрсету барысында қандай қызықты оқиғалар болды?

– Иә, көптеген қызықты оқиғалар өтті. Соның бірі, Астана лигасында ойнаған уақытта біздің демеушіміз қымыз микс компаниясы болды. Сол кезде барлық ойыншыларға қымыз таратып берген болатын. Біз де дәмін татып көріп едік, сол кезде сахнаға қымыз ішіп шыққан бумен сахна төрінде сөзімізді ұмытып, бір-біріміздің сөзімізді қайталап кеттік. Тіпті, бір қыздың отырып айтатын әзілі болған, сол қыз сахнада ұйықтап қалуға сәл қалған. Сондай қызықты оқиғалар болған еді.

Жалпы, біздің қызықты оқиғаларымыздың бәрі, ойынға барар алдын болады, яғни вокзалмен пойызбен байланысты. Біз осы «Жайдарманды» ойнап жүрген алғашқы жылымызда, «Ertis Nomad» лигасын алған едік, айта кететін жәйт, ол жерде де осы Қарағанды қаласында өткен «Бірінші лига» ойынында редактор болған Олжас Тұрғали ағайымыз редактор болған еді. Оқиғама оралсам, біз «Номад лигасы» бойынша жартылай финалға бару үшін Өскемен қаласына баруымыз керек болған. Сөйтіп, сабақтан шығып барамыз дегенше, пойызымызға кешігіп, оны таксимен қуып жеткіміз келді, бір таксист ағай «Өскеменнің пойызы Екібастұзға тоқтайды, соған дейін жеткізіп тастай алам» деді, сөйтіп асығыс-үсігіс таксиге мініп едік ол қалаға жетіп үлгермедік, әрі қарай ол пойыз Павлодар қаласына тоқтайды дегеннен кейін, таксист ағай «Павлодарға точно үлгереміз» деген соң, көлікпен әрі қарай бара бердік. Таксист ағай сөзінде тұрып, бізді Павлодар қаласына тоқтап тұрған Өскемен қаласына баратын пойызға үлгертіп және де өте тиімді бағаға апарып тастады, сол кезде «енді пойызға уақытында шығамыз» деп сөз бердік өзімізге.

Сіздерге қай жайдарманшы командарлар ұнайды? Қай ойыншылардың ойындарын жоғары бағалайсыздар? Қандай командалармен жақсы араласасыздар?

– Бізге жайдарманшы командалардың ішінен біздің редактор ағай ойнаған 2023 жылы чемпион болған «Қыздар емес» командасы, әпкелеріміз «Ақпен бірге» құрамасы және «Жоғары лигада» чемпион болған барлық құрамалар ұнайды.

Негізінен, бізге импровизацияға толы ойындар қатты ұнайды. «Қыздар емес» командасындағы Тұрсынбек ағамыз бар, «Сырдария» командасында Нұрсұлтан ағамыз бар, «Ақпен бірге» деген командада Бақытнұр әпкеміз бар, «Миллион» құрамасындағы Мансар ағамыз. Олар – жайдарманшы ретінде өздерін кәсіби қырын көрсете білген өнерпаздар.

Біз көптеген командалармен жақсы араласамыз, жақсы қарым-қатынастамыз. Олар да бізді ізінен еріп келе жатырған қарындастары ретінде жақсы қарайды. «Жоғары лигада» чемпион болған, осы жылы чемпион болған «Жуалы» құрамасы, «Қыздар емес» командасы, «Ақпен бірге» командаларымен жақсы араласамыз.

– «Жайдарман» жастарға не үйретеді? Не береді? Жайдарманшы болудың қандай артықшылықтары бар?

– «Жайдарман» ол таныссыз танылғандардың ортасы деп айта аламын. Сол себепті «Жайдарман» жастарға көптеген дүниені үйретеді. Өзінің өнерлерін, түрлі қырларын көрсетуге және де Қазақстанда болып жатырған мәселелерді қозғауға, оларды уайымдауға, халыққа дұрыс жеткізуге және халық алдында беделді адам болуға үйретеді.

 – Жайдарманшылар ойындары арқылы елге танылып жатады? Сіздерді танып жататындар бар ма? Танымал болған ұнай ма сіздерге?

– Иә, жайдарманшылар ойындары, әзілдері арқылы елге танылып жатыр. Біз де Астана қаласында көптеген адамдар таниды. Бірақ енді осы Қарағанды қаласы танып бастады республикалық «Бірінші лиганың» арқасында. Танымал болған әрине барлық адамға ұнайды деп ойлаймын.

– «Жайдарман» командасы ретінде тағы қандай жетістіктеріңіз бар?

– Біздің ең алғашқы жетістігіміз ол – Еуразия ұлттық университетінде ректор кубогін алғанымыз болды. Одан кейін осы Еуразия ұлттық университетінде факультетаралық ойындардың чемпионы болдық. Және «Номад лигасының» финалисі атандық. Сондай-ақ Қазақ агротехникалық университетінің ректоры кубогін иелендік. Көкшетауда жақында өткен «Жастар кубогінде» чемпион атанып, кубог иелендік. Және де осы жақында өткен «Бірінші лигада» чемпион атанып, кубокқа ие болдық. Одан бөлек, Астана қаласындағы өткен ойындарда жетістіктеріміз өте көп.

Жақында Астанада өткен «La Liga» ойындарында жоғарғы лига командалары, ардагер жайдарманшылармен оның ішінде бәріміз білетін Арман Жаналиев ағаларымызбен «Тараз-2000», «Жуалы», «Рудный» және Ресей мемлекетінде Қазақстан атынан шығып чемпион болған «Не кипишуй», «Спарта»  құрамаларымен бір сахнада өнер көрсетіп, үлкен тәжірбие жинағанымыз бар. Және сол ойында «Көрермен көзайымы» атағын алдық.

Әзілдерді қалай ойлап табасыздар, кім жазады?

– Әзілдерді біз командада барлығымыз жазамыз. Заманның ағымымен «қазіргі қоғамда өзекті мәселе не?» деген сияқты трендтегі дүниелерді басты назарға алып жазамыз. Және команда да барлығымыз жан-жақты ойластырып, бір тұжырымға келу арқылы ойласып, сахнаға алып шығамыз.

– Қазір «Жайдарман» квн командаларында ойнаған көптеген ойыншылар актерлікке бет бұрып көптеген киноларға түсіп жүр, түрлі бағдарламалар жүргізіп жүр. Осы төңірегінде жоспарларыңыз бар ма? Болашақтағы арман-мақсаттарыңыз қандай? Болашақта өнер жолын таңдайсыздар ма әлде оқыған мамандықтарыңыз бойына жұмыс істейсіздер ме?

– Біздің құрылғанымызға енді ғана екі жарым жыл болып жатыр. Біздегі қазіргі мақсат – «Жоғары лиганың» чемпионы болу. Ал ары қарай, әрине өнер жолы. Бірақ біз қазіргі уақытта өзіміздің оқып жатырған мамандығымызбен «Жайдарманды» қатар алып жүруге тырысамыз. Себебі өмірде түрлі жағдайлар болуы мүмкін деген секілді… Біз «Жайдарман» жолын қай кезеңде бітірерімізді білмейміз. Бірақ қазіргі мақсатымыз – «Жоғары лиганың» чемпионы болып, өнер жолын таңдап, өнер адамы болу.

Иә, жайдарманшылардың көбісі актерлікке бет бұрып жатады. Біздің де мақсатымыз – сценарист, редактор, режиссер болу. Яғни, өзіміздің фильм, сериалымызды немесе ютуб арналарға өзіміздің жеке жобаларымызды түсіргіміз келеді. Соған орай бізде өзіміз актерлік шеберлігімізді көрсетіп, актерлікпен, режиссерлықты қатар алып жүргіміз келеді.

Қазіргі жайдарманшы болуға талпынып жүрген оқушыларға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз…

– Қазіргі уақытта жайдарманшы болуға қызығып, талпынып жүрген оқушылар еш ұялмай, халыққа өздеріңіздің бойыңыздағы өнерді көрсетіңіздер деп айтқым келеді. Адам өзін ашық әрі сенімді көрсете білу керек. Біз де бірінші курста оқып жүргенде білген жоқпыз «Жайдарманның» қандай екенін. Бірақ мектеп кезінде сырттай бақылап, қызығып жүретінбіз. Бірінші курсқа келген кезде біз сценарийдің қалай жазылатынын да, сахна мәдениетін, микрофонды қалай ұстауды да, қалай дұрыс сөйлеу керектігін де білмедік. «Жайдарманның» қыр-сырларын ең алғаш бағыт-бағдар беріп түсіндірген Шыңғыс Қаратай ағайымыз.

– Әсерлі әңгімеңізге рақмет! Сіздерге шығармашылық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан

Перизат САПАРОВА,

Jastar janary