Белгілі журналист Ирина Советжанқызы әлеуметтік желідегі парақшасында жақында өзі білім алған Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студент жастармен кездескенін жазды, деп хабарлайды Jastar janary.
Кездесу барысында ол 31 арнада «Журналисттік зерттеу» кезінде тап болған қауіпті оқиғаларымен де бөлісті. Журналисттің айтуынша, 31 арнада жүргенде қауіпсіздік қызметі телефоныма құпия код орнатып, санды басқан кезде көмек жылдам жететінін түсіндірілген. Бірақ қауіпті нүктелерге барғанда керек қызмет түрі Алматы қаласының аумағында ғана көрсетіледі.
– Журналистік зерттеу жасаймын деп тура мағынасында өздерін бандит санайтын топтың ортасына түсіп қалғанымызда осы қызметке жүгінгім келген. Алайда облыста болып қалдық. Әупірімдеп құтылғанбыз. Түсірілім тобын атпен қуып, аварияға түсе жаздаған кезде де қауіпті түсірілімде жүрдік. Маникюрімізді кетіріп, тұмшаланып та съемкаға барғанбыз бір кездері. Бір ақпаратты анықтау үшін көлік ішінде сағаттап телефон жарығын қоспай күтіп, қылмыс үстінен түскен кезіміз де болған, – дейді Ирина Советжанқызы.
«Өзім оқыған қара шаңыраққа @farabi_university @jourfac_kaznu барып, болашақ журналистерге журналистік зерттеу жанры, жасырын ақпарат көздері туралы шеберлік сағатын өткізген кезде осы жайттар есіме түсті. Жабық мекемелерге кірмей-ақ ақпарат алудың құпиясы, жасырын ақпарат көзін — эфирде қалай қолдану керектігі туралы өз білгеніммен бөлістім. Әйгілі ұстазымыз Темірбек Қожакеевтің жетекшілігімен диплом қорғаған соңғы шәкірті екенімді де мақтанышпен айтып, ұстазымның ізі қалған “Мерзімді баспасөз” кафедрасына кіріп шықтым. Шетелде оқып келген мықты оқытушылар жұмыс істейді екен. Ол кісілерден біздің де үйренеріміз көп. Қанаттың шақыртуымен барған едім. Бізден екі курс төмен оқығандықтан Қанат бізді “старшактар” дейтін еді, өзі қазір журналистика факультетін басқарып отыр. Барғанына көп бола қоймаса да, мықты оқытушылар құрамын жасақтап жатыр. Serik Abikenuly ағаға ұсыныс жасағаның қандай керемет шешім. Серік Әбікен мектебінің шәкірттері мықты болатыны сөзсіз. Ол кісінің мектебінен “Информбюроның” қазығын қағып кеткен “сен тұр, мен атайын” кілең мықты тілшілер шыққан. Мен ол мектепте ұзағырақ бола алмасам да, “Алматы” арнасында жүргенде біраз сюжетім ағаның редакторлығынан өткенін мақтан тұтам, – деп жазды.