Елімізде желілік «Абай мектептерінің» оқушылары арасында V республикалық «Іші – алтын, сырты – күміс сөз жақсысы» шешендік өнер байқауы өз мәресіне жетті. Оған әр өңірлердегі Абай мектептерінен 30-ға жуық білім алушы қатысып, ойдың ұшқырлығы, тілдің шешендігі бойынша өзара бәсекеге түсті. Биыл республикалық байқаудың қорытындылануы Ақмола облысында өтті.
Қатысушылар байқау тақырыбын жеребе тартып таңдады және жұптасып сайысты. Байқау тақырыптары «Ұлттық құндылық», «Алашшыл жас», «Іскерлік – ісмерлік», «Абайдың тәлім мектебі» және т.б жеті бөлімге негізделген тапсырмаларға бөлінген.
«Осы іс-шараның мақсаты — оқушыларға сөз өнерінің ерекшелігі мен жүйелі сөз саптау шарттарын көрсете отырып, сауатты әрі жатық сөйлеу дағдысын, мәдениетін қалыптастыру, сөз өнеріміздің тарихи-мәдени және этномәдени болмысын таныту, шешендік өнерді жаңаша үлгіде жандандырып дамыту», – дейді Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға мектеп-интернатының оқытушысы Жарқын Сәленұлы.
Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдені Алматы қ. РММИ оқушылары Амина Смағұлқызы мен Айсымбат Тақылбек жеңіп алды.
1 орынды Ұлытау облысынан келген Інжу Тілеулі мен Рауан Жақсылық және Батыс Қазақстаннан келген Айым Хамидуллина мен Аяна Мәлік иеленді.
Алматы облысының намысын қорғаған Ақерке Нұржанқызы мен Нұрсұлтан Орынбасар және Астана қаласынан Аяжан Азаматқызы мен Ғабит Рустемов 2 орынға ие болды.
Қарағанды облысының оқушылары Жібек Қалияқпар мен Аяла Әлқазы, ақмолалық Ажар Жанұзақ пен Фариза Шаменова 3 орынды бөлісті.
Сонымен қатар өнер байқауы аясында желілік «Абай мектептері» педагогтеріне арналған «Қазақ тілі мен әдебиеті, шешендік өнерді дамытудағы өзекті мәселелер мен жетістіктер» тақырыбында республикалық семинар өтті.