Сая әпкеміз – Ресейдің Алтай өлкесінің тумасы. Жан жары Серік те өз ауылынан. Жат жерде өскен адам қашанда туған жерін аңсайды емес пе? Қазақ қызына үйленіп, көңілі орнына түскен Серік жалғыз анасы мен келіншегін алып, атамекеніне – Қазақстанға, Алматыға қоныс аударады.
Атажұртқа табан тіреген екі жас табысты жұмысқа орналасады. Бақытты отбасында бір ұл, бір қыз дүниеге келеді. Тұңғышын қазақы дәстүрмен әжесінің бауырына басады. Екіншілері – Жайна. Шіркін, «Жайна» десе, жайна еді. Жарқырап, көздің жауын алып, гүлдей жайнап өсіп келе жатқанда бес жасында белгісіз кесел жабысады. Аяқ-қолы тартылып, қарыс қадам жер жүру мұң болып, ғаріп күйге түседі. Өз бетімен тамақ ішуден қалған қыздарын Серік пен Саяның апармаған жері қалмайды. «Білікті дәрігер келді» десе, ертемен сол үйдің алдында Жайнасын құшақтап Сая тұруы еді. Қызының дертіне шипа іздеп, бақсыдан бақсы, емшіден емші қоймай аралайды. Қызының айығатынына сенімді болғаны соншалық, Сая жұмысынан қол үзді.
Жылдар сынаптай сырғып өтті. Анасының әлпештеуімен он үш жасқа жеткен Жайна бет біткеннің көрінісі еді. Қылығы да сүйкімді. Сая қызының аялы жүзіне сағаттап қараудан жалықпайтын. Бірақ Жайнаның үзілер шағы да тап кешегідей көз алдында. Көкірегі қарс айырылды.
«Аталатсаң да, боталатпа» дейді дана қазақ. Бала қайғысы – өзекте. Қызының қайғысы Саяны тұралатып жіберді. Көпке дейін есін жинай алмады. Жүрегінен қан тамшылап, қайғының уын ішкен ана өзіне жұбату іздеді, енесінің қолындағы тұңғышын, ұлын өзіне қайтармаққа бекінді. Енесі сыр білдірмеді. Іштей шерлі келінін аяды. «Сәбит осы үйде, шағын ауданда өсті. Мектебі де үйге жақын. Жасөспірім кезеңде балаға орын ауыстыру қауіпті емес пе? Екі үйдің ортасында жүргені дұрыс қой», – деді кесімді жауабын айтпай.
Енесінің есті сөзі қайғыдан қан жұтқан келіннің сана түкпіріне жетті. Бұдан ары бала тақырыбында сөз қозғауды артық санады.
Екі үйдің еркесі Сәбит мектепті бітіріп, институтқа оқуға түсті. Немересінің студент болғанын көрген әжесі де тоқсанға қарағанда мәңгілік мекеніне аттанды.
– Әке, – деді ертеңгілік Сәбит дастархан басында күлімдеп.
– Сіздерге диплом әкелдім, енді келін түсіруге қалай қарайсыздар?
Әкесі мен шешесі елең етті. Бақыттан басы айналған ата-ананың жүздеріне қуаныш күлкісі үйірілді. Ақ босағаны аттайтын келіннің жолы құтты болған десті өзара. Ағайын-туыстан сүйінші сұрасқан ерлі-зайыптылар той жабдығына кірісіп кетті.
– Ұлым, құлыным, көлігіңді айдаладағы гаражға апармай-ақ, есік алдына қойшы, – деді анасы әлдене бір қауіпті сезгендей мазасызданып.
– Тәте, көпқабатты үйлердің алдында тұрған талай машина тоналды. Гаражға қойсаң, қауіпсіз әрі алаңдамайсың, – деді ұлы көлігіне мініп жатып.
Ертеңіне таңертең телефон безілдеп қоя берді. Тұтқаны көтерген Сая Сәбиттің қалыңдығы Айгүлдің дауысын естіп, саңқылдап сөйлесті.
– Сәлеметсіз бе? Сәбит үйде ме? Бүгін неке сарайына барып, өтініш беруіміз керек еді. Сәбитті күтіп тұрмын, – деді Айгүл дауысына жарықшақтанып.
– Келмеді, – деді Айгүл күмілжіп.
Қыз тұтқаны қоя салды.
Серіктің жұмысына жолай хабарласқан Сая да гараж жаққа құстай ұшты. Бұлардан ертерек жеткен Айгүл гараждың көше жақ бұрылысынан сұлап жатқан Сәбитті табады. Денесінде сау тамтығы жоқ. Көше бұзақылары соққыға жығып кеткен. Дереу полиция, жедел жәрдем көлігін шақырып, жігітті ауруханаға жеткізеді.
Ес-түссіз халде жеткізілген Сәбитті бірден жансақтау бөліміне жатқызады. «Баласы комаға түсті» дегенді естіген бойда Саяның бойынан әл-дәрмені құриды. «Біз жақында ғана жалғыз қызымыздан айырылдық. Бұл – әулеттегі, отбасымыздағы жалғыз бала. Күйеуім де бір әкеден жалғыз. Біздің тірегіміз де, көзіміздің ағы мен қарасы да осы баламыз. Құдай үшін, осы баламды аман алып қалыңдар», – деп зарлағанда, ауруханадағылардың төбе құйқасы шымырлайды.
…Арада бір ай өтеді. Түстен кейін әлдебір шаруаға айналып, Серік пен Саяға ауруханаға келсе, Сәбиттің палатасының алдында едәуір адам жиналып тұр екен. Ананың жүрегі тас төбесіне шығады. «Жалғыздан айырылдық», – дейді күбірлеп. Аяғы алға баспайды. Күйеуінің қарынан ұстап, палатаға ібіліп жетсе, баласы кереуіттің үстінде отыр екен.
Сәбит оңалып, аяғынан тұрды-ау дегенде әке-шешесі Айгүл екеуінің некесін қиып, ұлын-асыр той жасады. Иманжүзді Айгүл келіні ата-енесіне үш немере- екі қыз, бір ұл сүйдірді.
*****
– Үүуф, – дестік әңгімені ұйып тыңдаған біз, — соңы жақсы аяқталғаны тәубә.
– Қуануға әлі ерте, Сая қабағын түйіп. Сол сәтте оның әлпетінен мұңнын ауыр табы көрінді.
– Керісінше, көретін қасіретіміз мұнымен тынбапты. Жер қозғалса да қозғалмайтын сабырлы ұлым ауыр соққы салдарынан ба, тәуір болғанымен бұрынғы қалпына келмеді. Құдды оны ауруханада басқа біреумен ауыстырып тастаған сияқты. Мүлде басқа адам! Артық ауыз сөзді көтермейді, қолайына жақпаса, кез келген адамға жұдырығын ала жүгіретін әдет тапты. Баламның сыры өзіме мәлім. Емханаға тексерілуге не қан тапсыруға барса, мен ертерек барып, кезек алып қоямын. Кезегі жақындағанда телефонмен шақырып аламын. Кез келген шаруасын әкесі екеуміз өзіміз тындыруға тырысамыз. Балалары жетіліп, өз қолдары өз ауыздарына жеткенше, Алла бізге ғұмыр берсе деп тілейміз. Жалғызымның жыртығын бүтіндеуге жарасақ, соған да шүкір.
(Оқиға кейіпкерлерінің аты-жөндері өзгертілді)