1 қыркүйектен бастап студенттердің шәкіртақы өсті. Шәкіртақыны көтеруге байланысты Премьер-министр Олжас Бектенов студенттердің шәкіртақысын арттыру бойынша Үкімет қаулысына қол қойды. Ал студенттердің басым бөлігі қыркүйек айының шәкіртақысын әлі алып үлгермеген. Десе де, студенттер қауымы бұл жаңалыққа қуанышты.
Шәкіртақы қаншалықты өсті?
Колледж студенттерінің шәкіртақысы 50 пайызға өсті, жұмысшы мамандықтары 43 574 теңге, орта буын мамандары үшін 41 896 теңгеге көбейген.
Бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 20%-ға 47 135 теңгеге дейін, ал педагогикалық және медициналық бағыттағылар үшін 75 600 теңгеге дейін өскен болатын.
Интернатурада оқитын студенттер 85 376 теңге, резидентура 123 122 теңге алады.
Магистранттар мен докторанттар 15%-ға өсім алады: сәйкесінше 107 061 теңге және 240 000 теңгеге дейін алады.
Шәкіртақы студенттерге жете ме?
Шәкіртақы жыл сайын артып жатса да, бүгінгідей қымбатшылық кезеңінде ол әлі де болса жеткіліксіз. Сондықтан студенттердің кейбірі демалыс күндері, сабақтан тыс уақытта жұмыс істеп өз шығындарын жабуға мәжбүр. Әсіресе, жатақхана ала алмаған жастар, пәтер жалдап тұратындықтан, оларға қаражат жетіспеушілігі едәуір салмақ салатыны анық. Студенттер не дейді?
Дильназ Серікқызы, Талғар жоғары медициналық колледжінің студенті:
– Біз әлі көтерілген шәкіртақыны алмадық, алғанның өзінде толыққанды барлық шығынымызды ақтамайды. Егер көп үнемдесек, мүмкін жетіп қалар. Ал біз жатақхана үшін бір айға 10 мың теңге төлейміз. Алатын стипендиямыздан 30 мың теңге ғана қолымызда қалады. Оқудан тыс жұмыс жасамаймын, ата-анам жіберіп отырады.
Айжан Сагидулла, С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университет студенті:
– Мен өзім жатақханада тұрамын, ай сайынғы төлем – 22 мың теңге. Оқу басталғалы әлі стипендия алмадық. Дегенмен де үнемдесең, жеткізуге болады деп ойлаймын. Шәкіртақыны әлі алмағандықтан қанша екенін білмедім, бірақ 41-47 мың теңге деп естідік. Қазірге жұмыс жасамаймын, ата-анам қажеттіліктеріме өздері ақша жіберіп тұрады.
Қарақат Абдырахман, Талғар жоғары медицина колледжінің студенті:
– Шәкіртақы жетпейді, бірақ жоқтан жақсы, аз да болсын көмегі тиеді. Қазір қымбатшылық қысқан заман ғой. Шәкіртақы көтерілді деп естіп жатырмыз, оған да қуаныштымыз.
Амина Талғатқызы, Талғар жоғары медициналық колледжі:
– Алып жатырған шәкіртақымыз аз, студент үшін жетпейді. Ата-анамнан ақша сұрауға ұяламын. Демалыс күндері күнделікті жұмыстар істеймін, ол да аса көп емес, күнделікті шығындарымды жабады. Азық-түлік, жатақхана, жолақысы бар дегендей.
Зарина Қуанышбек, С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университет студенті:
– Жатақханамыздың бағасы 22 мың теңге студент үшін тиімді деп ойлаймын. Шәкіртақыны үнемдеп қана жұмсасаң жетеді деп ойлаймын. Қосымша ата-анам беріп тұрады.
Соңғы уақытта елімізде жастарға жақсы мүмкіндіктер жасалып жатыр. Соның бірі, шәкіртақы өсіп, еліміздің әрбір өңірінде жатақханалардың көптеп салынуда. Білім гранттарының саны артып, көптеген жастардың тегін білім алуына жағдай жасалуда. Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, 2025 жылға дейін қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алушылардың шәкіртақысын екі есеге арттыру бағдарламасы бойынша 2024 жылы шәкіртақы мөлшерін жыл сайын жоғарылату жоспарланып жатыр.
Перизат САПАРОВА,
Jastar janary