Басты бет » Жаңалықтар » «ОТАНДАСТАР» бизнес-форумы: ІСКЕРЛІК БАЙЛАНЫСТАРДЫ НЫҒАЙТУ ЖӘНЕ ЖАҢА БАСТАМАЛАР

«ОТАНДАСТАР» бизнес-форумы: ІСКЕРЛІК БАЙЛАНЫСТАРДЫ НЫҒАЙТУ ЖӘНЕ ЖАҢА БАСТАМАЛАР

Алматыда шетелдегі және Қазақстандағы отандас кәсіпкерлер арасында іскерлікті байланыстыруға бағытталған бизнес-форумы өтті, деп хабарлайды Отандастар қорының баспасөз қызметі.


«Отандастар» бизнес-форумына 12 елден 50-ден аса шетелдегі қандас кәсіпкерлер мен Қазақстаннан 150-ге жуық қатысушы қатысты. Аталған іс-шара шетелдегі және Қазақстандағы отандас кәсіпкерлер арасында іскерлік байланыстарды нығайтуға бағытталған.
Форумға Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитеті, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Kazakh Invest» АҚ өкілдері қатысып, Қазақстанда бизнес ашу және жүргізу мүмкіндіктері туралы мәліметтермен бөлісті. Форумда «DAMU BUSINESS GROUP», «TAS FINANCE GROUP», «Steppe & World», «Hazifa», «Kazakh Aru» сияқты отандық кәсіптердің негізін қалаушылары Қазақстанда бизнес жүргізу жолдары және мүмкіндіктері туралы айтты.
Сондай-ақ әр елден келген қандас кәсіпкерлер өз бизнестерін таныстырып, тәжірибе алмасты және жаңа серіктестермен байланыс орнатты. Іс-шара Қазақстанның экономикалық бағдарламалары мен инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыруға, сондай-ақ шетелдік кәсіпкерлерге заңнамалық қолдау көрсетуге бағытталып отыр.
Форумның жабылуында «Отандастар қоры» президенті Данияр Қадыров «Шетелдегі және Қазақстандағы отандас кәсіпкерлердің Кеңесін» құруды ұсынды. Бұл кеңес шетелдегі және Қазақстандағы отандас кәсіпкерлердің бизнес белсенділігін арттыруға және олардың мәдени-гуманитарлық құндылықтарын сақтауға бағытталған бастамаларды қолдауды көздейді.